ӘМСҚ Астана филиалы білім беру ұйымдарында МӘМС жүйесін кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлайды DKnews.kz.
Барлық күндізгі бөлім студенттері, соның ішінде шетелдік оқу орындарында оқитындар да МӘМС жүйесінде жеңілдетілген мәртебеге ие. Өкінішке қарай, көпшілігі бұл жайлы біле бермейді. Жыл соңына дейін Астана қаласындағы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалы осыған қатысты түсіндіру жұмыстарын жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында өткізуді жоспарлап отыр.
«Біз ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын бастап кеттік және жыл соңына дейін 15 жоғары оқу орындары мен 7 техникалық және кәсіптік колледжді қамтуды жоспарлап отырмыз. Түсіндіру жұмыстары студенттер арасында ғана емес, оқу орындарының қызметкерлері арасында да жүргізіледі. Ұқсас жұмыстар 37 жалпы білім беру мектебінің қызметкерлеріне де арналып ұйымдастырылады» Елордалық филиалдың халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімі басшысы Алдияр Орынбасарұлы
Осындай кездесулерде жиі көтерілетін сұрақтардың бірі – сақтандырылған мәртебесін алу және жоғалту. Филиалда бұл жөнінде толық түсініктемелер әзірленген.
Күндізгі бөлім студенті «Сақтандырылған» мәртебесін алу үшін не істеуі керек?
Студенттің өзі тек деректерінің оқу орнының ақпараттық базасына уақтылы енгізілуін қадағалауы қажет. Бұл база өз кезегінде ҚР Оқу-ағарту министрлігінің құзырындағы Ұлттық білім беру дерекқорымен біріктірілген. Осылайша, медициналық ақпараттық жүйелердің ҰБДҚ базасымен интеграциялануы арқасында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тарапынан «Сақтандырылған» мәртебесі автоматты түрде тағайындалады.
Деректерді енгізуге оқу орындарының әкімшілігі немесе деканат қызметкерлері жауапты. Міндетті шарт – ЖСН, аты-жөні, оқу мерзімі және оқу түрі сияқты деректердің дұрыс толтырылуы. Егер бұл өрістер дұрыс толтырылмаса, жеңілдетілген мәртебе тағайындалмауы мүмкін. Сондықтан студенттер бұл мәселеге мұқият қарап, мәртебе тағайындалмаған жағдайда, оқу орнына жүгінуі тиіс.
Шетелдік жоғары оқу орнында оқитын күндізгі бөлім студенті не істеуі керек?
Бұл санаттағы студенттерге мәртебе автоматты түрде тағайындалмайды. Олар электрондық үкімет порталы egov.kz арқылы базада өз бетінше тіркелуі керек. Ол үшін іздеуде «Шетелде оқитын студенттерді тіркеу» деп теріп, ашылған терезеде өтінішті толтырып, оқуды растайтын құжаттарды қоса тіркейді. Содан кейін өтінішке ЭЦҚ арқылы қол қойылады. Деректер дұрыс толтырылған жағдайда, мәртебе 10 жұмыс күні ішінде тағайындалады. Егер мәртебе тағайындалмаса, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің халықаралық департаментіне жүгіну қажет. Әр семестр аяқталғаннан кейін оқу мерзімінің өзектілігін растау маңызды.
Егер студент жоғарыда көрсетілген тәсілдермен жеңілдетілген мәртебе ала алмаса, мәртебесін жоғалтқанын анықтаса немесе оқу орнында шешім табылмаса, ол Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына өтініш жібере алады.
Студенттер қандай жағдайда мәртебесінен айырылады және оны қалай сақтап қалуға болады?
Студенттер МӘМС жүйесіндегі жеңілдетілген мәртебеден оқудан шығу немесе оқуын аяқтау кезінде айырылады. Ерекше жағдай – магистратураға немесе докторантураға күндізгі бөлімге түсу.
Егер оқуын аяқтағаннан кейін түлек ресми жұмысқа орналасса, онда ол үшін жарналар мен аударымдарды жұмыс беруші аудара бастайды, осылайша ол жеңілдетілген санаттан жалдамалы жұмысшылар санатына өтеді. Басқа жағдайда, сақтандырылу мәртебесін сақтау үшін студент жеке төлеуші ретінде ай сайын ең төменгі жалақының 5%-ын немесе 2024 жылы 4 250 теңге төлеуі қажет.
«Көп жағдайда жағдайға байланысты сұрақтар қойылады. Мысалы, студент қыз жүктілігіне байланысты академиялық демалысқа шыққан кезде, оның жеңілдетілген мәртебесі сақтала ма деген сұрақ туындайды. Біз мәртебесі сақталатынын, тек ол автоматты түрде бір жеңілдетілген санаттан екіншісіне ауысатынын түсіндіреміз. Әртүрлі жағдайлар болады: студенттер оқумен қатар жұмыс істей алады немесе жеке кәсіпкер бола алады. Бұл жағдайда да олар жарналар төлемейді. Біздің мақсатымыз – әрбір студентті оның құқықтары туралы барынша ақпараттандыру» Алдияр Орынбасарұлы