24420
Фотосурет: Ұлттық ұлан

1993 жылы 15 қарашада елімізде Ұлттық валюта – Теңге айналымға енді. Бұл күн Қазақстан тарихындағы атаулы күндердің біріне, ал Теңге – біздің ел тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің басты белгілерінің біріне айналды. Елімізде 15 қарашада қос мереке – Қазақстан Республикасының Ұлттық валюта күні және қаржы органдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтеді.

Қаржыгерлерсіз ешқандай сала толыққанды жұмыс істей алмайды. Еліміздегі мемлекеттік қызмет болсын, жеке кәсіпкерлік болсын, үлкен өндіріс болсын – бәрінде қаржы жағынан есеп-қисабы дұрыс болмаса, жұмыс алға баспайтын еді. Сондықтан да ел экономикасының дамуына, халықтың әл-ауқатының жақсаруына қаржы саласының мамандары өте көп үлес қосып жатқандары сөзсіз.

Айтып отырғанымыздай, қаржы мамандары біздің әскерімізде де қажырлы еңбек етуде. Олар әскердің материалдық және ақшалай үлесі жағынан барлық кіріс-шығысын есептеп, бір тәртіппен, бір жүйемен сағат сияқты жұмыс істеуін қамтамасыз етіп отыр. Қаржы қызметін әскердегі маңызды күре тамырлардың бірі деуге болады. Осыған орай, қаржы саласында он жылға жуық уақыт қызмет етіп келе жатқан маман – «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қаржы басқармасының офицері лауазымындағы кіші сержант Ләззат Жадраевамен сұхбаттасқан едік.

- Ләззат Серікқызы, өзіңізді таныстырып өтсеңіз.

- Мен 1988 жылы Алматы қаласында дүниеге келдім. Атаанам – медицина саласының қызметкерлері. Мен дүниеге келген соң ата-анам Алматы облысы Бәйдібек би (бұрынғы Маловодное) ауылына қоныс аударды. Балалық шағым, мектептегі кезеңім осы ауылда өтті. Мектепті аяқтаған соң, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға биология факультетіне оқуға түстім. Бұл өзімнің емес, әкемнің қалауы еді, ол менің эколог болғанымды қалады. Университетте бір жыл оқыдым да, бұл өзімнің қалауым емес екендігіне көзім жеткен соң, оқуымды әрі қарай жалғастырған жоқпын.

2008  жылы Ұлттық ұланға қызметке шақырылдым. 5572 әскери бөліміне техникалық бөлімнің хаттаушысы болып кірдім. Әскери қызмет маған бірден ұнады, әрі өзімнің бала кезгі арманым Каспий қоғамдық университетіне қаржыгер мамандығы бойынша сырттай оқуға түстім. Осы оқуды бітірген соң, қаржы бөліміне ауыстым.

- Өте жақсы. Қаржыгерлердің жұмысы ауқымды ғой. Қазіргі лауазымда немен айналысасыз?

- Менің «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығындағы қаржы басқармасының офицері лауазымына тағайындалғаныма бір жылға жуық уақыт болды. Яғни басшылық маған офицерлік жоғары лауазымды ұсынғанда, шыны керек, алғашында жүрексіндім. Өзім атқаратын шаруама аса жауапкершілікпен қарайтын адаммын. Қолымнан келе ме, үміт артып отырған адамдардың сенімін ақтай аламын ба деген ойлар болды. Басшымыз подполковник Галина Мунның қолдауынан кейін, бірнеше жылдық тәжірибем бар, ұсынылған қызметке қызу кірісіп кеттім. Менің лауазымым тыл қызметімен, мемлекеттік сатып алу жұмысымен тығыз байланысты. Қаржыны уақытылы, сауатты түрде игеріп отыру үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мемлекеттік сатып алу жұмысы бір орталыққа шоғырландырылған. Бізге қарайтын он әскери бөлімнің келісімшарттарын Қазына арқылы тіркейміз, төлем жасаймыз. Бұдан бөлек жалақы төлеу жүйесін де игеріп алдым. Қызметте әр саланың өз мамандары бірінің міндетін бірі істеп кете алатындай жан-жақты болу керек. Сондықтан мен үйренуден жалықпаймын.

- Үйренуден жалықпаймын дейсіз, қазір ғылым мен техниканың аса жылдамдықпен дамып жатқан заманы. Білім жоғарылату ісі қалай жүзеге асуда?

- Иә, дұрыс айтасыз. Бізде жыл сайын оқу-әдістемелік жиындар, практикалық дайындықтар болып тұрады, түрлі курстарға қатысуға тырысамыз. 2021 жылы  Петропавл қаласындағы Ұлттық ұлан Академиясында білім жетілдіру курсынан өттік, сертификат алдық.

- Отбасыңызда өзіңізден басқа қаржыгерлер бар ма?

- Жооқ. Мен жалғыз қаржыгермін. Мектепте есепке жүйрік болдым. Бухгалтерия менің жаныма жақын десем болады. Ал ата-анам медицина қызметкерлері болды деп басында айтып кеттім ғой. Өзімнен кейінгі бауырым он саусағынан бал тамған аспаз, кіші бауырым мектептің мұғалімі. Қызым  биыл 14 жасқа толды. Ол әлі болашақ мамандығын анықтай қойған жоқ. Қызығушылығы әзірге жиі өзгеріп тұрады.

- Ләззат ханым, сізді құралайды көзге атқан мерген дейді. Ату өнерін қалай меңгердіңіз?

- Мен ең алғаш 5572 әскери бөліміне қызметке шақырылдым ғой. Бұл әскери бөлім Алматыдағы «Бүркіт» арнайы жасағының негізі қаланған бөлім. Арнайы жасақ нұсқаушыларының үйрету тәсілі мықты болатын. Осындай мектепті көрген адамның мерген болып шықпауы мүмкін емес. Ату өнерін «Бүркіттен» үйрендім десем болады.

- Сөз соңында бір қызық сұрақ қойғым келіп отыр. Сіздің есіміңіз Ләззат. Бірақ кейде адамдар шатастырып, Жадыра деп жиі атап қалады екен. Оның себебі неде?

- Оныңыз рас. Менің құлағым үйреніп кетті. Жадыра десе де, «Ау!» дейтін болдым. Мұның сыры менің тегіме байланысты. Фамилиям Жадраева, тұрмысқа шыққан кезде, жұбайымның тегін алған едім. «Жадыра, жайна, жарқыра» деген мағына беретін жұбайымның тегі өзіме ұнады, сондықтан қабылдаған едім. Ал тегімнің қазақтың Жадыра деген есіміне ұқсас болғандықтан ба, кейбір адамдар Ләззаттан гөрі Жадыра деген есімді маған қарата айтып қалады. Оған мен де үйреніп кеттім.

- Сұхбатыңызға рақмет! Кәсіби мерекеңіз құтты болсын, қызметіңізге  табыс тілейміз!

Запастағы подполковник Данара БАЙМАҒАНБЕТОВА,

Алматы қаласы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -