Қазақстан қаржыгерлерінің XII Конгресі: Қаржы нарығындағы негізгі трендтер

4664
Фотосурет: ҚР ҚНРДА

Алматыда Қазақстан қаржыгерлерінің XII конгресінің жұмысы басталды. Іс-шараны Қазақстан Ұлттық Банкі мен ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қолдауымен Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы ұйымдастырды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Конгресс жұмысын Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы кеңесінің Төрағасы Елена Бахмутова ашты. Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Тимур Сүлейменов пен Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова құттықтау сөз сөйледі.

Агенттік басшысы өз сөзінде банктердің, сақтандыру компанияларының, бағалы қағаздар нарығына қатысушылардың, микроқаржы секторының қаржы нарығының тұрақтылығы мен дамуын арттыруға белсенді қатысуы мен қосқан үлесін атап өтті.

«Біздің қаржы реттеушісі ретіндегі міндетіміз – қаржы институттарының тұрақтылығын сақтау, экономиканы қаржыландыру, қаржы секторына деген сенімді қамтамасыз ету, халық пен бизнестің жинақтарын қорғау, сондай-ақ қаржы нарығында әділ бәсекелестікке жәрдемдесу. Цифрландыру жасанды интеллект, үлкен деректер және блокчейн технологияларын енгізе отырып, қаржы секторын өзгертуді жалғастыруда. Бұл процестерді оңтайландыруға, клиенттік сервисті жақсартуға және операциялық шығасыларды  азайтуға мүмкіндік береді. Кибершабуылдар қаупі де артып келеді. Киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету клиенттердің сенімін сақтау және қаржылық шығындардың алдын алу үшін маңызды басымдықтардың біріне айналуда. Тағы бір маңызды үрдіс – мемлекеттік және халықаралық реттеушілердің әрекеттері, олар тұтынушыларды қорғау және жүйелік тәуекелдерді болдырмау үшін жаңа стандарттар мен нормаларды енгізу арқылы қаржы нарықтарын бақылауды күшейтеді. Деректер, құпиялылық және тәуекелдерді басқару саласында жаңа реттеу енгізілуде» Мәдина Әбілқасымова

Агенттік Төрағасы қаржы ұйымдары стратегияларының міндетті элементі қоғам мен инвесторлардың артып келе жатқан күтулерін көрсететін ESG қағидаттарын орнықты дамыту және енгізу болып табылатынын атап өтті. ESG факторларын стратегиялық жоспарлауға қосу бизнестің ұзақ мерзімді өсуіне және орнықтылығына ықпал етеді.

Қаржы-технологиялық инновациялар жаңа мүмкіндіктерді, оның ішінде цифрлық платформалар мен орталықтандырылмаған қаржы жүйелерін (DeFi), дәстүрлі қызметтерге балама шешімдерді ұсынатын токенделген цифрлық активтерді ашуды жалғастыруда. Тағы бір үрдіс – бұл қаржы институттары арасындағы бәсекелестікті күшейтетін тұтынушылардың басымдықтарының күрделі болуы.

«Бүгінгі күні Қазақстанның қаржы секторы еліміздің экономикалық мақсаттарына қолжеткізуін белсенді қолдай отырып, тұрақты әрі сенімді өсуде. Қаржы ұйымдарының жиынтық активтері 5 жылда 2 еседен аса 65 трлн теңгеге дейін ұлғайып, ІЖӨ-нің 52%-ына жетті. Өсу қаржы нарығының барлық секторында байқалады. Банк секторының активтері 5 жылда 2 еседен аса 58 трлн теңгеге дейін өсті. Банк секторы тұрақты және жақсы капиталдандырылған. Банктердің меншікті капиталының жеткіліктілігі белгіленген нормативтерден 3 есе артық. Сақтандыру ұйымдарының активтері де 2 еседен аса 2,8 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Акциялар нарығын капиталдандыру 5 жылда 83%-ға 32 трлн теңгеге дейін өсті (осы кезеңде KASE-ге 150 жаңа эмитент шықты). Барлық кредиттеу субъектілері реттеу аясына енгізілгелі микроқаржы секторының активтері 2019 жылдан бастап 8 есеге жуық өсіп, 2,8 трлн теңгеге жетті» Мәдина Әбілқасымова

Агенттік Төрағасы алдыңғы Қаржыгерлер конгресінің негізгі қорытындылары туралы, биыл Қазақстан Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) мен Дүниежүзілік Банк өткізген Қаржы секторын бағалау бағдарламасын (FSAP) сәтті аяқтағанын да айтты.

Нәтижелер Қазақстанның макроэкономикалық орнықтылығын қамтамасыз етуде, 2014 жылы FSAP-тың соңғы бағалауынан бастап қаржы секторында тәуекелге бағдарланған қадағалау мен цифрлық инновацияларды дамытуда айтарлықтай ілгерілеуді көрсетті.

«Бүгінгі күні қаржы нарығының барлық секторында тәуекелге бағдарланған қадағалау енгізілді. Банк секторында, капитал нарығында және сақтандыру нарығында капиталдың жеткіліктілігі мен өтімділігін бағалау, сондай-ақ нарыққа қатысушыларды стресс-тестілеу енгізілді. Банктердің қаржылық орнықтылығын арттыру үшін 2023 жылдың соңында Агенттік SREP және AQR нәтижелерін (0-ден 6%-ға дейін), сондай-ақ қадағалап стресс-тестілеу нәтижелерін (0-ден 3%-ға дейін) ескеретін банктер капиталына жеке қадағалау үстемесін енгізді. Банктер капиталының консервациялық буфері 2,0%-дан 2,5%-ға дейін өсті» Мәдина Әбілқасымова

Қаржылық тұрақтылықты арттыру мақсатында Агенттік банк конгломераттарын шоғырландырылған қадағалаудың барлық элементтерін енгізуді аяқтады. Шоғырландырылған деңгейде
2025 жылы тәуекелдерді басқару жүйелеріне қатысты пруденциялық нормативтер мен оларға қойылатын талаптар енгізілді. Ағымдағы жылдың соңына дейін жаңа пруденциялық норматив – 3% деңгейіндегі левередж коэффициентін, сондай-ақ жұмыс істемейтін кредиттердің (NPL) кеңейтілген анықтамасын енгізу жоспарлануда.

«Ағымдағы жылы стрестік активтер нарығын дамыту шеңберінде банктер мен басқа да қаржы ұйымдарының стрестік активтерді цифрлық платформаларда сату міндетін енгізу бойынша заңнамалық түзетулер қабылданды. Проблемалық активтерді сатуға арналған алғашқы аккредиттелген цифрлық платформа өз қызметін ағымдағы жылғы 7 қазаннан бастады» Мәдина Әбілқасымова

Жаңа технологиялар мен инновацияларды дамыту үшін бұрын банктерге қаржылық технологиялар және IT компанияларына капиталдың 10%-на дейін инвестициялауға мүмкіндік беретін заңнамалық реформалар жүзеге асырылды. 2023 жылы Ұлттық Банкпен бірлесіп Open API стандарттары әзірленді және екінші деңгейдегі банктердің 62%-ы Open API стандарттарын қолданады.

Қаржы нарығындағы алаяқтыққа қарсы іс-қимыл шеңберінде қаржы ұйымдарының клиенттерін биометриялық идентификаттауды жүргізу үшін Сәйкестендіру деректерімен алмасу орталығын, сондай-ақ Антифрод орталықты қоса алғанда, цифрлық қаржы инфрақұрылымы қалыптастырылды. Сақтандыру нарығында БДҚЖ деректерін жинауды цифрландыру аяқталды және сақтандырудың барлық міндетті сыныптары бойынша онлайн төлемдер енгізілді.

«Агенттік орнықты дамуды қамтамасыз етудегі қаржы секторының рөлін арттыру үшін жүйелі жұмыс жүргізуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бизнеске  кредит беру ауқымын кеңейту жөніндегі шаралар іске асырылуда. Нақты сектор субъектілеріне ағымдағы жылғы 9 ай ішінде жаңа қарыздар беру 12,7 трлн теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 19,6%-ға артық. Бизнеске кепілсіз қарыз берудің өсуі  маңызды үрдіс болып табылады, ол ағымдағы жылғы 9 айда   37%-ға 2,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Бизнеске кредит беру портфелі ағымдағы жылдың басынан бастап 7,4%-ға 12 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Нақты секторға кредит беруді кеңейту үшін ынталандырушы пруденциялық шаралар қабылданды. Еншілес шетелдік банктердің кредит беру мүмкіндіктері кеңейтілді, кепіл саясаты жеңілдетілді, өтімділік нормативтері (LCR, NSFR) 0,9-ға дейін төмендетілді, ШОБ қарыздарын тәуекел-саралау 75%-дан 50%-ға дейін және синдикатталған қарыздар 100%-дан 50%-ға дейін төмендетілді» Мәдина Әбілқасымова

Ағымдағы жылғы маусымда синдикатталған кредит беруді  дамыту үшін заңнамалық түзетулер қабылданды. Бәйтерек холдингі базасында даму институттары мен жеке банктердің қатысуымен Жобалық кеңсе жұмыс істейді. Жалпы құны 835 млрд теңге болатын 5 жоба қаржыландыруға мақұлданды, жалпы құны 6,5 трлн теңге болатын 12 жоба қаралуда.

Банктерге инвестициялық жобаларға кредит беру мақсатында ұзақ мерзімді қорландыру ұсыну үшін Ұлттық Банкпен бірлесе отырып БЖЗҚ зейнетақы активтерін банктердің  облигацияларына 7 жылға дейінгі мерзімге нарықтық талаптарда  500 млрд теңгеге дейінгі көлемде  инвестициялау тетігін іске қосты.

«Халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту үшін жүйелі шара ағымдағы жылғы маусымда Кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі заң қабылданды. Заңның негізгі жаңалықтары 90 күннен астам төлем мерзімі өткен кезде, кредит беруге тыйым салуды,  азаматтардың қарыздарын коллекторларға беруге екі жылдық мораторийді, тұтынушылық кредиттің ең жоғары сомасын белгілеуді (банктер бойынша – 2 200 АЕК (8 122 400 теңге), МҚҰ бойынша – 1 100 АЕК (4 061 200 теңге)), қарыз алушының кірісіне қатысты борыш коэффициенті ретінде (DTI) жаңа макропруденциялық норматив енгізуді көздейді. Бұдан басқа 45 күнге дейінге мерзімге 50 АЕК-ге дейінгі сомада берілген микрокредиттерді реттеудің ерекше тәртібінің күші жойылды» Мәдина Әбілқасымова

Банктер мен МҚҰ-ның тұтынушылық қарыздары бойынша ЖТСМ  шекті мөлшері – 56%-дан 46%-ға дейін, банктердің кепілді қарыздары бойынша 40%-дан 35%-ға дейін, онлайн PDL микрокредиттері бойынша 179%-ға төмендетілді, алайда күніне 0,3%-дан аспайды. Нормативтік деңгейде қарыз алушылардың төлем қабілеттілігін бағалау қатаңдатылды, банктер мен МҚҰ проблемалық қарыз алушылардың борыш жүктемесін азайту бойынша  жеке жоспарлар қабылдады.

«Қазіргі уақытта тұтынушылық кредит беру нарығында анағұрлым өзекті мәселе  қаржылық алаяқтықтың өсуі болып табылады. Ағымдағы жылдың басынан бері 18 млрд теңгеге 7,4 мың жалған қарыз берілген. Ведомствоаралық деңгейде ҚМА, ЦДИАӨМ-мен, ҰБ-мен, ІІМ-мен бірлесе отырып алаяқтық әрекеттердің алдын алу, анықтау және алдын кесу бойынша үйлестіру жұмыстары қамтамасыз етілді. Негізгі шаралардың ішінде әрбір онлайн қарыздар берген кезде клиенттерді міндетті биометриялық және көпфакторлы индентификаттауды енгізуді, банктердің ақпараттық қауіпсіздігіне және олардың мобильді қосымшаларына қойылатын талаптарды қатаңдатуды  атап өтуге болады. Азаматтар үшін «электрондық Үкімет» порталында қарыз алудан ерікті түрде бас тартуды белгілеу және мұндай бас тарту болған кезде кредиттерді есептен шығаруға банктер мен МҚҰ-ның міндеттерін енгізу» Мәдина Әбілқасымова

2024 жылғы шілдеден бастап алаяқтық белгілері бар транзакциялар бойынша нақты уақыт режимінде ақпарат алмасуға мүмкіндік беретін Ұлттық Банктің Антифрод-орталығы іске қосылды. Барлық банктер сондай-ақ тәуекелдерді басқару жүйелері шеңберінде жаңа талаптар белгіленетін антифрод бөлімшелерін құрды.  

«Әлеуметтік инженерия әдістерін пайдалану арқылы орын алатын алаяқтық жағдайларын азайту мақсатында кредит берген кезде 24 сағатты құрайтын «шешім қабылдау кезеңін» заңнамалық деңгейде енгізу көзделіп отыр. Шешім қабылдау кезеңінің ішінде банктер клиенттердің тәуекелдерді басқару жүйелеріне қойылатын жаңа талаптарға сәйкестігін тексеретін болады. ЦДИАӨМ мен ҰБ-мен бірлесіп, азаматтардың жолданымдарын қабылдауға арналған Бірыңғай Колл-орталық құру арқылы алаяқтардың қоңырауларына ден қою тетігі әзірленді» Мәдина Әбілқасымова

Ағымдағы жаһандық және жергілікті үрдістер қаржы нарығының алдына көптеген жаңа міндеттер қойып отыр. Банк секторында бәсекелестікті арттыру алдағы кезеңдегі басым бағыттардың бірі болып табылады. Жаңа шетелдік банктерді тарту үшін шетелдік банктердің еншілес банктер мен филиалдар ашуына қойылатын талаптарды ырықтандыру бойынша заңнамалық түзетулер дайындалды. Құжаттар тізбесін қысқарту, филиалдар үшін рұқсат етілген операциялар тізімін кеңейту көзделеді.

«Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмасын іске асыру үшін жаңа Банктер туралы заң әзірленуде. Жаңа заң цифрлық қаржылық көрсетілетін қызметтерді дамыту үшін жағдайлар жасауға, цифрлық активтер мен бәсекеге қабілетті қаржы-технологиялық шешімдерді реттеуге, сондай-ақ туындайтын тәуекелдерді теңгерімді реттеуді қамтамасыз ететін, сонымен бірге инновацияларды дамытуға көмектесетін стандарттарды әзірлеуге бағытталады. 

Бәсекелестікті дамыту және банк қызметтерінің қолжетімділігін арттыру үшін банктік лицензияларды әмбебап және базалық лицензияларға бөлу, сондай-ақ дәстүрлі банктерде «исламдық терезелер» ашу мүмкіндігі қарастырылатын болады. Банк секторының тұрақтылығын арттыру үшін дәрменсіз банктерді реттеу жүйесін реформалау көзделеді. Тұтынушылардың мүдделерін қорғауды күшейту мақсатында іс-әрекетті қадағалау жүйесін енгізу көзделеді. Бұдан басқа, рұқсат беру рәсімдері мен жекелеген реттеушілік нормалар оңтайландырылды» Мәдина Әбілқасымова

Агенттік корпоративтік кредит беруге ынталандыру үшін жаңа пруденциялық шаралар топтамасын пысықтауда, онда жобалық және синдикатталған қаржыландыру үшін бір қарыз алушыға тәуекелді ұлғайту мәселелері қаралатын болады. Сонымен бірге ДАМУ қорымен бірлесіп, ШОБ кредиттері бойынша Кепілдік қорын құру мүмкіндігі қарастырылатын болады.

ҰБ-мен бірлесіп теңгерімді реттеуді қамтамасыз ете отырып, ЖИ, блокчейн және орталықтандырылмаған қаржыны енгізу үшін ұлттық қаржы инфрақұрылымын дамыту жұмысы жалғастырылатын болады. Капитал нарығында айтарлықтай заңнамалық өзгерістер жоспарлануда. Халықаралық стандарттарға сәйкес кредиттік рейтингтік агенттіктер, инвестициялық және эндаумент қорлары туралы заңдардың жобалары әзірленді, олар ШОБ-ты қоса алғанда, қор нарығына жаңа эмитенттердің шығуына және инвесторлық базаның ұлғаюына ықпал ететін болады.

Зейнетақы активтерінің ұзақ мерзімді кірістілігін арттыру мақсатында зейнетақы активтерін басқарушылар қызметінің тиімділігін бағалау кезінде нарықтық бенчмаркке көшу жоспарлануда. Жаһандық үрдістерге сүйене отырып, цифрлық қаржы активтерін, токенделген қаржы активтерін және KASE-дегі көміртегі бірліктерінің айналымын дамыту және реттеу мәселелері қаралатын болады.

Сақтандыру нарығында жаңа технологияларды енгізу үшін сақтандыру компанияларының сақтандыру қызметтерін көрсету кезінде клиенттермен тиімді өзара іс-қимылына ықпал ететін InsurTech технологиялары енгізілетін болады. Сонымен бірге сақтандыру ұйымдарының IT және қаржылық технологиялар компанияларының капиталына қатысу мүмкіндіктері кеңейтілетін болады. Сақтандыру секторындағы басым бастама азаматтардың баспаналарын жер сілкінісі, су тасқыны, су басу және өрт тәуекелдерінен апаттық сақтандыру моделін айқындау болып табылады.

Конгрестің панельдік сессияларында Қазақстанның мемлекеттік органдарының өкілдері, банктер мен басқа да қаржы институттарының басшылары қаржы секторын ырықтандырудың өзекті мәселелерін және оның экономиканың өсуіне әсерін талқылайды, сондай-ақ макроэкономикалық саясаттың басқа аспектілерін қарайды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -