Қазақстан мен Қытай мұнай-газ саласының тиімділігін арттыру үшін күш біріктіруде

8415
Фотосурет: kbtu.edu.kz

2024 жылғы 15 қарашада Алматы қаласында А. Б. Бектұров атындағы Химия ғылымдары институтында Қазақстан-Қытай бірлескен мұнай өндіруді арттыру орталығы мен қытайлық Xinjiang Keli New Technology Company демеушілігімен жабдықталған зертхананың салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараны Қазақстан-Британ техникалық университетінің (ҚБТУ) Энергетика және мұнай-газ индустриясы мектебі ұйымдастырды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қош келдіңіздер сөзімен ҚБТУ ректоры (Басқарма төрағасыМаратбек Габдуллин сөз сөйледі. Өз сөзінде ол бұл орталықтың мұнай-газ саласының дамуы үшін аса маңызды екенін атап өтті: 

«Ең алдымен, осындай мүмкіндік ұсынған Xinjiang Keli New Technology Company компаниясына шынайы алғысымды білдіремін. Бір жыл бойы біз ҚБТУ-дың зертханалық базасын кеңейту туралы жоспарларды талқылап келдік, ал бүгінгі жоба осы мақсатқа жетудегі маңызды қадам болды. Бүгінгі бастама ерекше мәнге ие, өйткені ол заманауи технологияларды қажет ететін күрделі кен орындарын игеру мәселелерін шешуге бағытталған. Сонымен қатар, бұл жоба Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің «Бір белдеу, бір жол» бастамасының мақсаттарына сәйкес келіп, ынтымақтастықты нығайтуға және бірлескен дамуға жаңа мүмкіндіктер ашуға септігін тигізеді».

Орталықтың негізгі бағыты – мұнай өнімділігін арттыру мәселелерін шешуге арналған түрлі технологияларды әзірлеу және зерттеу, соның ішінде Қазақстанның мұнай кен орындарындағы күрделі қабаттық жағдайлар үшін химиялық реагенттерді қолдану. Ерекше назар ауыр мұнайды өндіру технологияларына, функционалды гельдік бөлшектерді жасауға, ұңғымалардың өнімділігін оңтайландыруға және CO₂ арналарының бітелуін болдырмауға аударылады. 

Xinjiang Keli New Technology Company компаниясының президенті Чжао Бо мырза бұл жоба ынтымақтастық аясында жаңа мүмкіндіктердің негізін қалайды деп атап өтті: 

«Бүгін Xinjiang Keli New Technology Company компаниясы ҚБТУ-мен бірлесіп мұнай өнімділігін арттыруды зерттейтін орталық аясында зертхана ашты. Бұл – Қазақстанда ашқан біздің алғашқы зертханамыз. Болашақта жаңа зертханаларды ашып, ҚБТУ-мен басқа да жобалар бойынша ынтымақтастықты жалғастырамыз деп үміттенеміз».

Бұл зертхананың артықшылықтарының бірі – әлемдік деңгейдегі мамандарды даярлау үшін заманауи жабдықтар мен бағдарламалық қамтамасыз етуді қолдану. 

Мысалы, CNGTX700 айналмалы тамшы интерфазалық тензиометрі – жоғары дәлдікті, кең қолдану мүмкіндігін және қарапайым пайдалануды біріктіретін алдыңғы қатарлы құрал. Ол түрлі химиялық суда еритін реагенттердің беттік керілуін, су мен мұнайдың интерфазалық керілуін, сондай-ақ беттік керілудің тұтқыр серпімді қасиеттерін өлшеуге арнайы жасалған. Сондай-ақ, зерттеу орталығы жоғары температура мен жоғары қысым жағдайында суда еритін реагенттердің әртүрлі түрлерін пайдалану арқылы мұнайды ығыстыру физикалық моделін жасауға және мұнайды алу коэффициентін (МАК) анықтауға арналған эксперименталды құрылғымен жабдықталған. Бұдан бөлек, мұнаймен суда еритін реагенттерді араластыруға арналған жоғары температуралы миксер, олардың эмульсиялық қасиеттерін зерттеу үшін жоғары температуралы шкаф және керндердің өтімділігін өлшеу қондырғысы бар.

Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Бас консулы Цзян Вэй ханым өз сөзінде атап өтті: 

«Мен үшін осы зертхананың ашылуына қатысу үлкен құрмет. Көпжылдық еңбегі мен Қазақстан мен ҚХР арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін ҚБТУ-ға терең алғысымды білдіремін. Біз сіздердің екіжақты қарым-атынастарды нығайтуға қосқан үлестеріңізді жоғары бағалаймыз. Қазақстан мен Қытай арасындағы серіктестіктің, соның ішінде ғылым, білім және өнеркәсіп салаларындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып жатқаны баршаға мәлім».

КБТУ-дың Энергетика және мұнай-газ индустриясы мектебінің деканы Абдулахат Исмаилов жаңа орталықтың практикалық маңызын атап өтті: 

«Бүгін біз мұнай қайтарымын арттыру әдістері бойынша Қазақстан-Кытай екіжақты зерттеу орталығын ашып отырмыз. Мұнда біздің қытайлық әріптестеріміз ұсынған заманауи жабдықтармен жабдықталған мұнай қайтарымын арттыру әдістеріне арналған бірнеше зертханалар орналасқан. Осы зертханаларда ғылыми жұмыстар жүргізіліп, ғылыми-зерттеу жобалары іске асырылып, магистранттар мен докторанттардың жобалары орындалатын болады».

Орталықтың ашылуы Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың жаңа кезеңін білдіреді. Халықаралық серіктестік Қазақстан мұнай-газ өнеркәсібіне шешімдер ұсынатын және мұнай қайтарымын арттыру (EOR – enhanced oil recovery) технологияларын әлемдік деңгейге шығаратын ашық зерттеу алаңын құрады. Бұл жоба ҚБТУ-дың инновациялар мен озық тәжірибелерді жаһандық мұнай-газ саласына интеграциялауға ықпал ететін жетекші ғылыми және білім беру орталығы ретіндегі маңызды рөлін айқындайды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -