Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті ұйымдастырған «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» атты республикалық байқау өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл дода – мемлекеттік тілді жетік меңгерген, оны күнделікті қызметі мен өмірінің бір бөлігіне айналдырған әскери қызметшілердің өнері мен білімін сынаған ерекше алаң болды.

Байқауға еліміздің 11 өңірінен келген түрлі этнос өкілдерінен шыққан әскери сала мамандары қатысты. Олар 4 кезеңнен тұратын сын барысында өз өнері мен ой-өрісін, тілге деген құрметін паш етті. Қатысушылар қазақ тілінде өздерін ерекше тәсілмен таныстырып, мақал-мәтел сайысында және ой толғау бөлімінде нағыз тіл шеберлері екенін дәлелдеді.

Қазылар алқасының шешімімен үздік деп танылған ұландықтар:
- І орын – Ахметов Ильгар (6506 әскери бөлімі)
- ІІ орын – Сон Александр (5514 әскери бөлімі)
- ІІІ орын – Асматулаев Зульяр (Ұлттық ұлан Академиясы)

Байқаудың ең әсерлі сәті – түрлі ұлт өкілдерінен құралған әскери қызметшілердің қазақ тілінде бір шаңырақ астында өнер көрсетуі болды. Олар тек сөз жарыстырған жоқ – ел бірлігінің, тілдің тұтастығы мен рухтың беріктігін көрсетті.

Мемлекеттік тілді еркін меңгерген ұландық жауынгерлер – нағыз патриотизмнің жарқын үлгісі. Олар үшін қазақ тілі – тек қарым-қатынас құралы емес, Тәуелсіздіктің айшықты символы.