Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов жетекші ғылыми-зерттеу институттары, жоғары оқу орындары, ірі өнеркәсіптік өндірістер мен салалық министрліктер басшылығының қатысуымен жаңартылған құрамда Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның отырысын өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Премьер-министрге Президенттің Жолдауында қойылған міндеттерді жүзеге асыру аясында ғалымдар мен бизнестің өзара әрекеттестігіне басымдық бере отырып Комиссия жұмысын қайта форматтау бойынша қабылданған шаралар туралы баяндалды.
Комиссия отандық ғылымды экономиканың нақты секторымен интеграциялауға бағытталған бұрын берілген тапсырмаларды ескере отырып, 2025-2027 жылдарға арналған ғылыми-техникалық жұмыс жоспарын ұсынды. Комиссияның қарауына ғылыми-техникалық тапсырмалар бойынша 653 ұсыныс келіп түсті, оның ішінде экономика үшін басым бағыттар бойынша 2025-2027 жылдарға арналған 113 ғылыми-техникалық тапсырманы жүргізуге қаражат бөлу мақұлданды. Олардың ішінде экология, қоршаған орта және табиғатты ұтымды пайдалану; энергия, озық материалдар және көлік; озық өндіріс, цифрлық және ғарыштық технологиялар; биологиялық қауіпсіздік және басқа да салалар қамтылған.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында қойған мақсаттарға қол жеткізу аясында агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамыту бойынша ғылыми-техникалық жұмыстар мақұлданды. Атап айтқанда, сүт саласының өнімділігін арттыру, егіншілік пен өсімдік шаруашылығы әдістерін жетілдіру, сондай-ақ экологиялық таза өндірістерді дамыту; негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарының шаруашылық құнды белгілері мен биологиялық ерекшеліктерінің қалыптасуының молекулалық-генетикалық заңдылықтарын зерделеу бойынша; бау-бақша шаруашылығын тұрақты дамыту тәсілдері; ветеринариялық салауаттылықты қамтамасыз ету және басқа да жұмыстар.
Аталған жобаларды қолдау биыл қабылданған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заң нормаларына сәйкес гранттар, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру және жеке инвесторлар тарту арқылы жүзеге асырылады.
Отырыс барысында «Қазақмыс» корпорациясы, ERG, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК, KAZ Minerals компанияларының бірлескен жұмысының нәтижелері ұсынылды.
«Бүгінгі таңда тау-кен металлургия саласының алпауыт кәсіпорындарымен ірі 6 хакатон өткізілді. 30-ға жуық ғылыми-зерттеу институты мен жоғары оқу орындарынан 200-дей ғалым қатысты. Нәтижесінде, шамамен 80 ғылыми-техникалық тапсырма тұжырымдалды. Комиссия отырысына нақты 11 жобаны шығарамыз. Осылайша, биыл жалпы ғылыми-техникалық тапсырмалардың 10%-ы ірі кәсіпорындармен нақты жұмыс нәтижесіне негізделген. Президент жанындағы жаңартылған Ұлттық Ғылым академиясының жұмысқа қосылуы өте маңызды. Ғылыми-техникалық тапсырманы талдау мен сараптауды Ғылым академиясы да жүргізеді. Бұл тапсырмалардың барлығы да өте қатаң іріктеуден өтті» Саясат Нұрбек
Сол сияқты «Самұрық-Қазына» АҚ портфельдік компанияларымен жұмыстар жүргізілуде.
«Қазақмыс» 4 жобаны: кеніш суларын өндірісте, ауыл шаруашылығында пайдалану мақсатында тазарту; металлургия қождарын өңдеудің инновациялық және экологиялық қауіпсіз әдістерін әзірлеу; мыс кендерінен бос алтын мен құрамында алтын бар минералдар өндіруді арттыру; ЖИ технологияларын пайдалана отырып, кенді байыту үдерісін автоматтандыру және оңтайландыру жобаларын қаржыландырады.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ бірлесіп іске асыру үшін: уранды алу және жерасты ұңғымаларын шаймалау тиімділігін арттырудың экологиялық тұрақты әдістерін әзірлеу бойынша 2 жоба іріктелді.
ERG 5 ғылыми-техникалық міндеттерді іске асыруды қаржыландыруға дайын, олардың ішінде скандийді және терең жатқан боксит кендерінен басқа да құнды компоненттерді тиімді алу үшін технологиялар кешенін әзірлеу және сынау; қазбаларды өңдеудің инновациялық және экологиялық қауіпсіз әдістері; өндіру кезеңінде бокситтердің ылғалдылығын төмендетудің ыңғайлы әрі экономикалық тиімді технологияларын әзірлеу; боксит кендерінің артық ылғалдылығы проблемаларын шешу үшін ылғал сақтайтын материалдарды әзірлеу кендер және оларды жоғары ылғалдылық жағдайында тасымалдау.
Премьер-министр аталған жобалардың еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін күшейту үшін маңызын атап өтіп, ЖҒТК жұмысының бірқатар басым бағыттарына тоқталды.
«Мемлекет басшысы қолданбалы ғылымды дамытудың және жоғары оқу орындарының экономиканың нақты секторымен тығыз жұмыс істеуінің маңыздылығын бірнеше рет атап көрсетті. Біз практикалық мәселелерді шешіп, салалардың өнімділігін және экономиканың тиімділігін арттыратын нақты шешімдерді ұсынуымыз керек. Бұл жұмыс істеуіміз қажет негізгі бағыттар. Ірі кәсіпорындардың негізгі жобаларына байланыстыра отырып, шағын және орта бизнестің ғылыми-инновациялық қызметін қолдау қажет. Бірқатар ірі кәсіпорындар осындай ынтымақтастық түріне қызығушылық танытып, Ғылым министрлігімен бірлесе отырып, ғылыми-техникалық тапсырмаларды әзірлеу бойынша сапалы жұмыс жүргізді. Біз ғылыми зерттеулерді қолданудың практикалық нәтижелерін көруіміз керек» Олжас Бектенов
«Орталық-өңір-кәсіпорын» жүйесінде ғылыми-технологиялық саясатты реттеу тетіктерін әзірлеу, өңірлерді дамыту жоспарларында ғылым бойынша тиісті индикаторды көздеу тапсырылды. Бұл өңірлердің экономикасын дамытуға жаңа серпін береді. Үкімет басшысы бизнес өкілдерінің шетелдік институттарды тарта отырып іске асырылып жатқан жобалар аясында қазақстандық ғалымдармен өзара іс-қимылды кеңейтуге назар аударды. Тәжірибе алмасу отандық ғылым саласын одан әрі дамыту үшін маңызды.
Тиісті министрліктерге ірі бизнеспен бірлесіп салалық ғылыми-технологиялық кеңестерде қолданбалы ғылымды дамыту үшін технологиялық міндеттерді айқындау тапсырылды. Ұлттық экономика, қаржы, ғылым министрліктері мен Стратегиялық жоспарлау агенттігі – ғылыми мазмұны бар өнім шығарудың өңірлік көрсеткіштерінің индикаторларын әзірлеуі қажет. Ғылым министрлігі «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп – ғылым мен бизнестің өзара іс-қимылының жаңа тетіктерін енгізу жөніндегі жұмысты күшейтуі тиіс.