22 және 23 қараша күндері Алматы қаласында белгілі вокалды-аспаптық «Яшлык» ансамблінің 50 жылдығына арналған мерейтойлық концерт өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Концерт ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
«Яшлык» ансамблі 1974 жылы құрылған. Ұлттық музыканы халық аспаптарымен үйлестіріп, жаңа өңдеумен ұсына білген топ бірнеше мәрте халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанды.
Іс-шараға «Дос-Мұқасан» ансамблі, Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Дильназ Ахмадиева мен Әлішер Кәрімов, әнші және композитор Парвиз Назаров, сондай-ақ «Яшлык» ансамблінің қазіргі құрамы мен қазақстандық және ұйғыр эстрадасының жұлдыздары қатысты.
Концертте ансамбльдің 70–80 жылдардағы хиттері мен танымал әндердің заманауи өңделген нұсқалары орындалды.
Өнер ұжымына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан ықылас гүлі табыс етілді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Яшлык» ансамблінің ұжымын мерейтойымен құттықтап, ансамбльдің Қазақстанның музыка мәдениетіндегі орны ерекше екенін айтты.