Қарағандылық ұландықтар Астана қаласында қызмет ету кезінде қырағылық танытты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Оқиға 23 қарашада орын алған. Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының "Орталық" өңірлік қолбасшылығына қарасты 5451 әскери бөлімінің әскери қызметшілері елорда көшелерінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін қызметке шықты.
Патрульдік топтың бастығы сержант Ермахан Төребеков қарамағындағы жауынгерлер қатардағы Әлішер Күрденұлы және Бақытжан Боранбаевпен бірге қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етті.
— Сарыарқа ауданындағы көпқабатты үйлердің бірінің жанында жатқан затты байқадық. Жақындағанда оның әмиян екенін білгесін, бірден иесін іздеуге кірістік. Ұйымдасқан жедел әрекеттің арқасында 15 минуттан кейін әмиян иесін анықтап, өзіне табыстадық. Ол ішіндегі барлық заттардың түгел екенін растады, - дейді сержант Ермахан Төребеков.
Осылайша, астананың тыныштығын күзететін ұландықтар қала жұртшылығының алғысына бөленіп, өз міндеттерін адал орындауда.