Жылыту кезеңіндегі өрт қауіпсіздігі

5764
Фотосурет: Gov

Өңірлерде жеке тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша профилактикалық жұмыс жалғасуда, деп хабарлайды DKnews.kz.

Өткен демалыс күндері Алматы қаласының Алатау ауданында ТЖМ, аудандық әкімдік, газ қызметінің қызметкерлері мен волонтерлердің қатысуымен «Өртсіз өмір - қауіпсіз болашақ» ауқымды профилактикалық акциясы өтті.

Іс-шара барысында ТЖД мамандары 2297 үйдің тұрғындарын хабардар етті. Көмір және отынмен жылытылатын 16 мұқтаж отбасылар үйінде газ иісін  анықтау датчиктері орнатылды.

Алматы ТЖД басшысы Нұрлан Атығаев жеке тұрғын үйлердегі қауіпсіздікті арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабарлады. Көп балалы отбасыларды, зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қоса алғанда, халықтың әлеуметтік осал санаттарына ерекше назар аударылады.

 «2018 жылдан бастап Алматыда аз қамтылған отбасылар үшін өтеусіз негізде 1500-ге жуық газ иісін анықтайтын датчик орнатылды. Алайда кейбір тұрғындар оларды өшіріп тастайды, бұл үлкен қауіп төндіреді. Біз түсіндіру жұмыстарын жалғастырып, барлығын өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырамыз», - деп Н. Атығаев атап өтті.

Аудан әкімдіктері атаулы көмек үшін халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 901 отбасын анықтады. Осы отбасылардың барлық 100%-ы профилактикамен қамтылған, оның ішінде 102 отбасы үйлерін қатты отынмен жылытады. Алатау ауданы әкімдігінің мәліметінше демеушілер халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 200 датчик сатып алған. Датчиктерді орнату жұмыстары жалғасуда.

«Қауіпсіздік үшін — Бірге», «Қөмек қолы» және «Таза түтін мұржасы» акциялары аясында 36 үйде атаулы өрт-профилактикалық көмек көрсетілді. Үйлерде түтін мұржаларын тазалау, жарықшақтарды бітеу, түтін арналары өтетін жерлерде қабырғаларды әктеу және іргелес аумақтарды тазалау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар 41 үйде газ иісін анықтайтын датчиктер орнатылған. Сонымен қатар мұқтаж отбасыларға жылыту үшін отын беру бойынша іс-шаралар ұйымдастырылды.

Көпшілікті қамту үшін жұмысқа волонтерлер, газ қызметі, аудан әкімдігінің қызметкерлері мен қоғам белсенділері жұмылдырылды. Тұрғындарға ТЖД-ның 8 арнайы машинасының көмегімен қосымша ақпарат берілді, олар тұрғындарды жылыту маусымында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігі туралы хабардар етті. Сондай-ақ мегаполистің ірі сауда орталықтарының бірінде ТЖД қоғамдық қабылдауы жұмыс істеді, онда барлық ниет білдірушілер өрт қауіпсіздігі саласында өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап ала алды.

Осындай профилактикалық рейдтер Шығыс Қазақстан облысында да жүргізілуде. Іс-шараға құтқарушылар, волонтерлер, полиция, әлеуметтік қорғау және білім беру қызметкерлері қатысты. Үйлердің иелеріне өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелері түсіндіріледі.

«Пештегі жарықтардың қаншалықты қауіпті екенін түсіндіреміз. Жақсы қожайын жазда пешін, түтін мұржасын сылап, әктеп, күйеден тазартады. Ұмытшақ адамдарға ақауларды уақытында жоюдың маңыздылығын еске саламыз. Пеш пен түтін мұржасы ағаш төсеніштермен түйіскен жерінде қалыңдатылған кірпіш қабаты – оқшаулау болуы тиіс. Сондай-ақ пештің артында отқа төзімді бос кеңістік қалуы керек. Басқаша айтқанда, жанғыш қалқалар мен перделер пешке жақын орналаспауы қажет. Пештің үстіне аяқ киім мен киім қалдыру да қауіпті», – деді ШҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов.

Сонымен қатар пештің есігінің астындағы еденге көлемі кемінде 70х50 см металл парағын бекіту қажет. Бұл еденді пештен түсіп кеткен шоқтан қорғайды. Пештің жанында отын мен қағазды жинауға болмайды. Пештің от жағу тесігі мен жиһаз немесе басқа да тез тұтанатын заттар арасындағы қашықтық кемінде бір метр болуы керек. Қатты аязда пешті аз мөлшерде отынмен екі рет жағу қауіпсіз болады, бір рет мол жағудан гөрі. Пешті тұтату үшін бензин мен басқа да жеңіл тұтанатын сұйықтықтарды қолдануға қатаң тыйым салынады.

Құтқарушылар пешті дұрыс пайдаланбау тек өртке ғана емес, адамдардың қаза болуына да әкелуі мүмкін екенін ұмытпауға шақырады. Түтін мен от қана емес, түсі мен иісі жоқ «көрінбейтін өлтіруші» – иіс газы өте қауіпті. Уланудың алғашқы белгісі – адамның қатты басының ауыруы және тұншығу сезімі. Улы газдың жоғары концентрациясы есінен тануға және сал болып қалуға әкеледі.

Жылу беру кезеңі басталғаннан бері ШҚО ТЖД қызметкерлері 90 000-нан астам үйді аралады. Әлеуметтік осал топтарға жататын тұрғындардың үйлеріне шамамен 550 улы газ датчигі орнатылды. Рейдтер барысында 26 000-нан астам бұзушылық анықталды, оның 11 000-ы пешті жылытуға байланысты болды. ТЖ қызметі мамандарының уақытылы  жүргізген профилактикасы арқасында тұрғындар 22 000-нан астам бұзушылықты жойды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -