Қазақстан АИТВ - ға қарсы профилактиканы табысты қолданады

6622
Фотосурет: Gov

2024 жылғы 26 қарашада Алматы қаласында «АИТВ-ның алдын алу және емдеу бойынша инновациялық шаралар: саясат, зерттеулер, практика» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Конференция 1 желтоқсанда атап өтілетін ЖИТС-пен күресудің Дүниежүзілік күніне арналған «Дұрыс жолды таңдаңыз – адам құқықтарының жолын» ұранымен өткізілетін Дүниежүзілік науқан аясында ұйымдастырылды. Конференцияның тағы бір маңызды себебі – Қазақстанда АИТВ қызметінің құрылғанына 35 жыл толуы.

Қазақстанда АИТВ алдын алу қызметінің құрылғанына 35 жыл толуына орай, конференцияға қатысушыларға Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі А.Ш.Әлназарова сөз сөйледі:

«Сіздердің жұмыстарыңыздың арқасында Қазақстан АИТВ инфекциясымен күресте елеулі үлес қосты және бұл қауіп-қатерді жоюға ұмтылған жаһандық қауымдастықтың бір бөлігіне айналды. АИТВ-мен өмір сүретін адамдар толыққанды және ұзақ өмір сүруге үміт, көмек пен қолдау алды».
«2024 жылдың басына дейін Қазақстанда АИТВ-пен өмір сүретін 32 659 адам тіркелген. Өткен жылы алғаш рет тіркелу өсімі қарқынының төмендеуі байқалды. Анадан балаға АИТВ жұғу көрсеткіші 3,6%-дан 1,6%-ға дейін төмендеді. ЖИТС-тен өлім-жітім төрттен бірге азайды. Қазақстанда ДДСҰ ұсынған барлық 12 профилактика бағдарламасы енгізілген, оның ішінде кең танымалдылыққа ие бола бастаған контактіге дейінгі профилактика бар. Бүгінде бұл әдісті АИТВ-сыз 11 мыңнан астам адам қолдануда ҚДИАҒО директорының міндетін атқарушы Ұлықбек Медеубеков

Жастар денсаулық орталықтарында, алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында және жеке медициналық орталықтарда алдын алу жұмыстарын кеңейту қажет. Ауруды ерте кезеңде анықтау АИТВ-ның алдын алу мен емдеуде маңызды басымдық болып табылады. Жастар арасында АИТВ-ға тест тапсыруды сәнді үрдіске айналдыру керек.

Талқылаулар барысында анадан балаға (АИТВ, мерез және В гепатиті) үштік элиминацияны енгізу, негізгі халық топтарына қатысты стигманы азайту бойынша тиімді шараларды әзірлеу, алдын алу шараларын жетілдіру және басқа да мәселелер көтерілді. Қатысушылар АИТВ тестілеудегі инновациялық тәсілдерді, АИТВ профилактикасында әлеуметтік маркетинг, краудсорсинг элементтерін және мектептердегі интерактивті әдістерді пайдалануды талқылады.

Қатысушылар атап өткендей, конференция АИТВ мен дерматовенерологиялық аурулардың алдын алуға бағытталған заманауи тәсілдерді жетілдіруде маңызды қадамға айналды.

Конференцияны ұйымдастырушылар: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығы (ҚДИАҒО), «Қоғамдық денсаулық сақтау» қауымдастығы. Конференцияға Денсаулық сақтау министрлігінің, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың, халықаралық ұйымдардың – ДДСҰ, UNAIDS, USAID, CDC, ЖИТС, туберкулез және безгекпен күрес жөніндегі Жаһандық қордың өкілдері қатысты. Сондай-ақ, Беларусь, Германия, Грузия, Дания, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Украинадан АИТВ саласындағы жетекші сарапшылар шақырылды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -