Ауыл мектептері оқушыларына арналған ІІ Республикалық олимпиада басталды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» РҒПО-ның ұйымдастыруымен ауыл мектептерінің 9-11(12) сынып оқушылары арасында жаратылыстану-математика бағыты бойынша республикалық олимпиада басталды.
Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған респубилкалық олимпиада өткен оқу жылынан бастап Мемлекет басшысының қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.
Биылғы жылы республикалық білім додасында өңірлерде өткен олимпиадалардан суырылып шыққан 1000-ға жуық оқушы жаратылыстану-математикалық бағыттың 6 пәні (26-30 қараша аралығында) және қоғамдық-гуманитарлық бағыттың 7 пәні бойынша (10-14 желтоқсан аралығында) бақ сынасады.
«Ауылдық жерлерде оқитын балаларды қолдау, олардың жоғары білім сайыстарында өз мүмкіндіктерін сынауға жағдай жасау және талантты, дарынды балаларды анықтау мақсатында соңғы екі жыл бойы ауыл мектептерінің олимпиадасы дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Ауыл мектептерінің республикалық олимпиадасының мектепшілік кезеңіне 99 264 оқушы қатысып, олардың 53 593-і аудандық деңгейге өтті. Облыстық кезеңде 12 000 оқушы өз білімін шыңдап, 1000-ға жуық оқушы іріктелді. Оның ішінде 486-сы жаратылыстану-математикалық бағытта, ал 450-і қоғамдық-гуманитарлық бағытта білім сайысына қатысады» «Дарын» РҒПО директоры Ғаждембек Тұрсынов
Олимпиада қорытындысы бойынша қатысушылардың жалпы санының 45%-нан құралатын жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады. Олар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің I, II, III дәрежелі дипломдарымен марапатталады. Сондай-ақ барлық қатысушыларға сертификаттар мен естелік сыйлықтар беріледі. Сонымен қатар, жеңімпаздарға еліміздің бірқатар жоғары оқу орындарының ректорлық гранттары табысталады.
Сонымен қатар, республикалық кезеңнің барлық қатысушылары интеллектуалды жарыстарға дайындалу мақсатында «Дарын» республикалық сырттай мектебіне қабылданады. Ал I дәрежелі диплом иегерлері 2025 жылы өтетін республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне қатысу мүмкіндігіне ие болады.