5456
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Кез келген саланың жұмысы қаржысыз маңдымайды.  Әскерде де қаржы қызметкерлерінің алатын орны айрықша. Мәселен, бас қалада орналасқан 6636 әскери бөлімінің бухгалтері кіші сержант Анкежанова Эльмира Байдылғазықызының есеп-қисаптың төңірегінде жүргеніне жиырма жылға жуықтап қалған. Ол – әскери саладағы аса маңызды қаржы айналымын жүзеге асыратын мамандардың бірі.

Эльмира Байдылғазықызы күнделікті қызметі барысында әскери қызметшілер мен сарбаздардың қаржылық мәселесімен айналысады. Одан бөлек әскерге қысқы және күзгі маусымда сарбаздар қабылданған уақытта оларға банктен есепшот аштырады. Бұл олардың жалақыларын аудару үшін қажет. Сарбаздар жалақы есебінде ай сайын 3 315 теңге алып отырады. Әскери қызметшілердің жалақысынан бөлек, әр тоқсан қорытындысы бойынша келіп түскен өтінішке сай жәрдемақы беріледі. Жәрдемақы, мысалы, әскери қызметші үйленген кезде немесе отбасы мүшелерінің бірі қаза тапқанда берілуі мүмкін. Бұдан бөлек, әскери қызметшілер басқа әскери бөлімге ауысса да көтермелеу мақсатында төленетін жәрдемақыны шақырымына байланысты ала алады. Сондай-ақ өзінің баспанасы жоқ әскери қызметшілерге ағымдағы тұрғын-үй ақысы төленеді. Міне, осы секілді шаруалар біздің кейіпкеріміз атқаратын жұмыстардың бергі жағы ғана.

18 жылдық тәжірибесі бар маман жұмысындағы әлдебір жайтты қиындық деп атауға ұялады. Ол үшін бәрі жүйеленген. Шаруасынан шашау шығармайтын есепші әр тапсырма арнайы бұйрықтарға сүйене отырылып орындалатынын айтады.

- 2007 жылы 3517 әскери бөліміне алғаш рет қызметке орналастым. Ол жерде бақылаушы болдым. 2009 жылы 6636 әскери бөлімінің тыл қызметіне ауыстым. Онда іс-қағаздарын жүргізу бойынша киім-кешек бөлімінде істедім. 2018 жылдан бастап қаржы қызметінде жүрмін.  Әуелде химия-биология пәнінің мұғалімі мамандығын аяқтаған едім. Педагогика саласындағы еңбек жолымды Алматы облысы Түрген ауданындағы қазақ мектебінде бастадым. 5 жыл ұстаздық еттім. Содан кейін өмірімді өзгертіп, Степногорск қаласындағы әскери бөлімге қызметке ауысқан едім. Әскери қызмет атқара жүріп, Көкшетау қаласындағы Арнау колледжінде есепші мамандығын оқыдым. Өмір дөңгелегі мені осындай үлкен қадам жасауға жетеледі, - деді кейіпкеріміз.

Білім беріп те, қолына қару алып та көрген есепші маман өзіне әскери қызметтің көбірек ұнайтынын айтты. Қаржылық операцияларды орындайды дегенімізбен ол да әскери қызметшілермен бірге саптық алаңға шығады, атыс орындарына барып, оқу-жаттығуларға қатысады. Өзінің өмір жолы осындай өзгерістерден тұрғанына еш өкінбейді.

Ол бала күнінде мұғалім болуға қызыққан. Сондықтан болар Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Көктерек ауылында өскен бойжеткен мектеп бітіре салысымен Қазақ қыздар университетінің химия-биология факультетіне оқуға түскен.

- Әкем 7 сыныпта жүргенімде қайтыс болды, анам болса үй шаруасын атқарды. Әкем тірісінде қызметтік көлігімен мектеп оқушыларын тасымалдайтын. Үйдегі еркек кіндікті азаматтардың бәрі де Отан алдындағы борышын өтеген. Біз үш ұл, екі қыз болып ержеттік. Бір ағам полиция қызметкері болып еңбек етеді, ал мен Ұлттық ұлан сапында қызмет етемін, - деді өмірі жайлы сыр шерткен кейіпкеріміз.

2002 жылы отбасы құрған Эльмира Анкежанованың төрт баласы бар. Жалғыз ұлы Қарағандыдағы полиция академиясының курсанты. Ересек қызы да сол қалада мұғалім мамандығы бойынша білім алуда. Одан кейінгілері әлі де кішкентай. Соған қарамастан Эльмира Байдылғазықызы кәсіби қызметін лайықты атқарып жүр. Бұл ретте оған қарулас әріптестері үнемі қолдау білдіріп отырады. Қаржы қызметінің бастығы аға лейтенант Гульнар Габдушева  басқаратын бөлімге өз ісінің білікті мамандары жиналған. Кіші сержант Әлия Болыспаева, ефрейтор Ботакөз Загипарова, ефрейтор Мөлдір Абдукаликова, сержант Анна Сазонова секілді әскери қызметшілер кейіпкерімізбен тізе қосып, қаржы саласының қазанында біте қайнасып кеткелі қашан.

Эльмира әйел ретінде үйдің де тірлігін бей-жай қалдырмайды. Оның айтуынша, қаржылық сауаттылық отбасында басталады.

- Табысты болу үшін ысыраптан аулақ болған жөн. Әр ай сайын табысымның белгілі бір пайызын жинақтап отырамын. Қазір келешек үшін қаржы жинаудың түрі көп. Тек әр адфам өз қалауына сүйенеді. Менің ойымша, көбіне ұқыпты, еңбекқор адамдар табысты бола алады. Бірақ байлық ақшамен ғана өлшенбейтінін ескерген абзал. Ең басты байлық – денсаулық. Ал ақша жұмыс істеген әр адамға келе береді, - деді кіші сержант Эльмира Анкежанова.

Қаржы     саласының      қажырлы қызметкері қаруластарының арасында қадірлі қызметкер. Оның ұзақ жылдар бойы атқарған еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Кеудесіне таққан «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» төсбелгісі сөзіміздің айғағы бола алады. Оның әрбір сөзінен өз ісін сүйіспеншілікпен орындайтыны аңғарылады. Ұлттық ұлан үшін мамандығына адал, қызметте тиянақты Эльмира Анкежанова секілді әскери қызметшілер қашанда құнды. Әрқашан қажет. Кейіпкеріміз де келешегін құқықтық тәртіп әскерімен бірге елестетеді. Яғни, күш-жігері түгесілгенше Ұлттық ұланға адал қызмет етуге тырысатынын айтып, сөз берді.

Қатардағы Жанболат Кенжеғұл

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -