Отан алдындағы міндеттерін орындап жүрген ер-азаматтар – елдің қорғаны. Бұйрыққа бағынатын, тәртіпті бұзбайтын мұндай ерлер алдына қойған кез келген тапсырманы бұлжытпай орындап, өзгелерге үлгі болып жүр. Менің ойымша, батырдың бойында болуы тиіс ең басты қасиет – бұл отаншылдық. Туған жерге, өз халқына, ұлтқа деген сүйіспеншілігі бар адам үшеуінің біріне де қиянат жасамайды.
Елімізде осындай батыр болуға лайықты сарбаздарды даярлайтын оқу орындары бар. Солардың бірі Петропавл қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының академиясы жас курсанттарды тәрбиелеуде түрлі бағытта жұмыс істейді. Отан туралы білімін тереңдетіп, қоғамдық-саяси көзқарасын кеңейтуге атсалысады. Жігерлі болуға, жауынгерге қажет тәртіптің маңыздылығын түсінуге, батыл шешім қабылдай білуге, ауыртпалықты жеңіп шығуға талаптануға, психологиялық және дене даярлығын шыңдауға, керекті істі орындауға даярлыққа басымдық берілген. Әскери-патриоттық шараларды ұйымдастыруда ұжым алдында жауапкершілікті сезінуге, өзіне және жолдастарына талап қоя алуға, бір-біріне көмек жасаудың маңызын, тапсырылған істі аяқтауға тәрбиелеу де маңызды бақыттардың бірі.
Кішкентай кезінен әр бала өз отбасының тірегі, туған-туыстарының қорғаушысы болуды армандайды. Ал туған жердің шекарасын күзету, ел тыныштығын сақтау – нағыз патриоттарға тән қасиет. Әскери қызметтің өзіне тән қиын тұстарын өмірінің бір бөлшегіне айналдырған курсанттар да аз емес... Соның бірі Батыс Қазақстан облысы Көшім ауылының тумасы Мұрат Сеильханұлы Кинжалиев.
Мұрат Сеильханұлы 2003 жылдың 16 тамыз күні Орал қаласында дүниеге келген. 2009 жылы «Көшім жалпы орта білім беретін» мектепке оқуға түсіп, оны 2020 жылы тәмамдайды. Оқуды бітіре салып жастықтың буымен Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетіне «Электро-энергетик» мамандығына оқуға түседі. Алайда оқудың бір жылына толар-толмасынан жаны басқа мамандықты қалағаннан кейін оқуын тастап, Ұлттық ұлан академиясына түсуге ниеттенеді. «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» деген ол 2021 жылы өз қатарластарынан оза шауып, арман қуалап келген оқу орнына сүрінбей түседі. Түскен беттен бастап өзінің жақсы қырларынан таныла бастады.
Су тасқынынан еліміз зардап шеккен қиын жағдайда да халқымыз бірліктің, батылдықтың үлгісін көрсеткен еді. Кейбір облыстарда еңбектеген баладан бастап, еңкейген қарияларға дейін “бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып” тынымсыз бөгет тұрғызып жатты. Солардың арасында Мұрат Сеильханұлы да ел басына күн туғанда көмекке келіп, төтенше жағдайдың алдын алу шараларына атсалысты. Оған дәлел Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Ұлттық ұланның Бас қолбасшысының атынан «Өз міндеттерін адал атқарғаны, су тасқыны салдарын жою кезінде қойылған міндеттерді ойдағыдай орындағаны үшін» алғыс хатпен марапатталғаны.
Ұлттық ұлан Академиясының атынан жалынды жастардың басын қосқан «Жайдарман» әзілқойлар мен тапқырлар сайысына белсене қатысып қана қоймай, түрлі марапаттарға да ие болған. Ол Академия ішінде «Ұлттық ұлан белсендісі» деген атаққа лайық деп табылып түрлі іс-шараларда өз үлесін қоса білген азамат. Содан бері көзді ашып жұмғанша 4 жылды да еңсеріп өтті. Оқудың соңғы жылына аяқ басқан Мұрат алғыр курсант ретінде алдыңғы лектен көрініп келеді.
Қатардағы Маржан Талапкер