3388
Фотосурет: ҚР Ұлттық ұланы

Әскери қызметшілермен жұмыс жасауда жауынгерлік және моральдық рух негізгі басымдық болып келетіні айқын. Ал сол жауынгерлердің моральдық-психологиялық жай-күйiн оңалту, оларға құлақ асып, көмек сұрап немесе кеңесті қажет ететін болса, оларға кеңес беріп, әскери ұжым мүшелеріне психологиялық ағарту жұмысын жүргізу - әскери психологтың міндетіне кіретіні сөзсіз. Оған қоса, әскери қызметшінің өзімен, отбасыларымен жұмыс жасау, өзге де әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін тыңдап, көмектесу де олардың назарынан тыс қалмайды.

Шынымен, әскер қатарында осынау ауыр жүкті арқалап жүрген бұл мамандардың қызметі оңай емес. Иә, әскери қызметте маңызды рөл психологтарға жүктелген. Мамандар әрдайым бір-бірімен тәжірибе алмасып, білген-түйгендерімен бөлісіп келеді.

Тәрбиелік құрылымдардың офицерлері, оның ішінде әскери психологтар жауапты моральдық-психологиялық компонент – әскердің жоғары жауынгерлік әзірлігінің ажырамас бөлігі екені баршаға мәлім. Осы орайда, мамандардың өзара тәжірибе алмасып, біліктіліктерін арттыруға бағытталған оқу-әдістемелік іс-шарасы елордалық 5573 әскери бөлімінде ұйымдастырылды.

Жиын барысында әскери бөлімдердің әлеуметтік-психологиялық жұмысын ұйымдастыру, жас сарбаздарды әскери өмірге бейімдеу, келеңсіз оқиғаларды болдырмау және одан шығу жолдары айтылды. Сонымен қатар, мамандар өз білімдерін ортаға салып, біліктіліктерін арттыру мақсатында тренингтер мен сабақтар өткізіп, тәжірибе алмасты.

Жиын барысында  «Орталық Азия өңірінің когнитивтік мінез-құлық терапиясы қауымдас-

тығының» президенті Жаннат Нұркина да сөз сөйледі. Сөзінше, әскери қызметшілермен және әскер қатарына келген жас сарбаздармен үнемі сырласып, әңгімелесіп отырмаса, болмайды. Сонда ғана сарбаздардың жеке ой-танымын, жауынгерлік қызметті атқаруға деген көңіл-күйлерін, көзқарастарын дер кезінде біліп, әрқайсысын танып-біліп алуға әбден болады, - дейді ол.

Елордалық бригадасының психологиялық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы подполковник Жанар Бакиткаливна өз сөзінде әскери психологтың жұмысы әркез айқын көріне бермейтінің айтты. Дегенмен әскерде жоғары жауынгерлік рухы, тәрбие алып жүрген ұжымның жұмылуы және мұқалмауы, жас сарбаз­дарды зерттеп, әскери өмірге бейімдеу, бөлімшелерде моральдық-

адамгершілік жағдайды қалпына келтіру, жеке құрамның ар-намысының қорғалуын қамтамасыз ету үшін үлкен жұмыстар атқарылатынын тілге тиек етті.

Айта кетсек, бүгінде әскери психологтардың қызметінің негізгі бағыттарының бірі жеке құрамның психологиялық тұрақтылығын, сақтау, нығайту және қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындауға психологиялық дайындық деңгейін арттыру болып табылады.

5573 әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар бойынша орынбасары подполковник Тимур Рахимов сарбаздармен тұрақты байланыстағы офицерлер мен сержанттар құрамымен жұмыс істеу маңызды екенін атап өтті. Сөзінше, бұндай іс-шаралар әскери психологтардың ұйымдастыру-әдістемелік және тәжірибелік дайындығын жетілдіру мен қалыптастыру үшін жиі өткізіліп тұруы тиіс. Мұндай басқосулар мамандардың біліктіліктерін арттырып, тәжірибелерін толықтыра түсуге септігін тигізеді, -дейді ол.

Еске салсақ, биылғы 4 қазанда Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығында құқықтық тәртіп әскерлері мен психологиялық орталықтар арасында үшжақты келісімге қол қойылғаны белгілі. Енді психологтар бірлесе, жан-жақты жұмыс істейтін болады.

Ефрейтор Әйгерім БАЛТАБАЕВА

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -