Өскемен қаласындағы №17 түзеу мекемесінде мыңнан астам жазасын өтеуші бар. Темір торға тоғытылған қылмыскерлерге шеңгелді қоршау сыртынан заңсыз сәлем-сауқат лақтыратындар табылады. Әсіресе, алтыншы мұнарада тыйым салынған заттарды лақтыру оқиғалары өткен жылы орын алған болатын. Мекеме қызметкерлері бұған мұнараның күре жолдың бойында тұрғандығы басты себеп дейді. Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына Қарағанды қаласынан шақыртылған 6699 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшісі Арсен Аққожы жауынгерлік қызмет барысында мұндай келеңсіз жағдаяттарға жол берген емес. Осы орайда, өзіне қарасты тиісті аймақты жіті бақылап, қырағылықпен күзетіп жүрген сарбазбен сөз өрбіттік.
- Қалың қалай жауынгер? Түзеу мекемесіндегі жауынгерлік қызметің қалай өтуде?
- Бәрі ойдағыдай өтуде. Отан алдындағы азаматтық борышыңды өтеу бұл сенің физикалық қабілеттілігіңді арттырып, темірдей тәртіпке бағынып, босаңсымай кез келген шақта болбырлық танытудан ада қылады. Ұлттық ұлан қатарындағы мерзімді әскери қызметші ішкі тұрақтылық пен тыныштықты қамтамасыз етуде аянбай қызмет ететіні баршаға мәлім. Мен алғашында Өскемен қаласындағы 5518 әскери бөлімінде қала тыныштығын күзететін жауынгерлік жасақ қатарында борышымды өткермек болдым. Алайда ол әскери бөлімге 6699 әскери бөлімінің офицерлері келіп, түзеу мекемесінде мұнара сақшысы болуға ұсыныс тастады. Мен еш ойланбастан осында тарттым. Әрине, алғашында қобалжу болды. Дегенмен, мен үшін темір торды торуылдап, қанқұйлы қылмыскерді назарымнан мүлт жібермей бақылау нағыз жауынгерлік қызмет ретінде саналды. Әрине, бұл менің ғана пікірім.
- Жалпы, күзет саласынан қандай хабарың бар?
- Мен студенттік кездегі демалыста күзет қызметінде үш ай уақыт қызмет еттім. Жұмыс ауысым бойынша еді. Енді жаңадан бой көтерген көпқабатты үйдің ауласы қоршалған болатын. Іштегі аумақ толық менің жауапкершілігімде. Бой көтерген зәулім ғимараттың сыртқы жұмыстары толықтай біткен. Тек ішкі әрлеу, сылау, электр және жылу жүйелерін тарту, дәнекерлеу сияқты жұмыстары қалған болатын. Тұрғын үй иесі құрылысқа қажетті заттарды жұмысшылардың өзімен бірге алып кетпеуін қадағалау қажеттігін баса ескертті. Осылайша, мен аталған аймақты жіті бақылап қана қоймай, құрылыс мамандарын үйіне қайтарда сөмкелерін ашып тексеретін болдым. Әрине, жұмысшыларды дәл бұлай тексергенім оларға жақпады. Өйткені, менің алдымда істеген күзетшілер тексермесе керек-ті. Әлде, тұрғын үй қожайынына қоластындағыларын тексеру керек деген ой мен жұмысқа тұрған шақта ғана қылаң берсе керек. Міне, барлық қызық осыдан басталды. Жас болған соң баласынады ма екен, кейбіреулері қырын қабақ танытып, «сөмкенің ішінде түскі аста тамақ ішкен ыдыстан басқа сайтан да жоқ» деп шорт қайырып, сөмкесін ашпастан шығып кететінді шығарды. Мен ауыр жұмыстан демігіп, шаршап-шалдығып жүрген олардың жай-күйлеріне түсінушілік танытып, қарсы келместен өткізе салатынмын. Мұндай қитұрқылықтың «жүзеге асатынын» білгеннен соң қалғандары да сөмке замогын зыр еткізіп жартылай ашып, адам көзі тінтіп үлгере алмас жылдамдықта лезде жаба қоятын әдетке басты. Бұл мен үшін шектен шыққандық ретінде саналды. Көргенімді бірден бастыққа айтып, шағымдансам, «сен күзетте айға бата тілеп отырсың ба» деп өзіме жекіп, тастайтындығын шәркестеу мінезінен бірден түсіндім. Осылайша бастыққа айтпауды жөн санадым. Алайда, тексеріс барысында қырағылық танытып, жұмысшылар сөмкелеріне жасырған түрлі құрал – жабдықтарды тауып алдым. Құрылыс заттарын сыртқа шығаруға әудем жер қалғанда ұсталып қалған біреуі сөмкеме байқамай салыппын, дереу апарып тастайын деп әшкере болғандығын көрсеткісі келмей, алған заттарын орнына апарып қоятұғын. Күндердің күні бастық өзіне шақырды. Мен ол кісінің қойған тапсырмаларын бұлжытпай орындап жүрген соң, көңілінен шыққандықтан шақырып жатыр деп ойладым. Дегенмен, бәрі мен ойлағандай болмады. Шәркестеу мінезі бетіне көрініп, кабинетіне кірген мені зіркілдеген дауысымен күтіп алды. Бағасы миллионнан асып жығылатын құрылыс жабдығы қолды болған екен. Тұрғын үйдің іргетасы қаланған уақыттан бастап осында жүрген әккі күзетшілер біз ондайға жол бермедік деп ақталып, бастықтың қаһарлы жүздесуінен сытылып шығып кетіпті. Жұмысқа жаңадан келген студент осылайша жемтікке айналды. Буырқанған бурадай ашуланған ол мені әбден қыспаққа алды. Тіпті, қызметтегі салғырттығың үшін жалақыңнан ұстаймын деп, келіспесең сотқа жүгінемін деп дауыс көтерді. Университетте ақылы түрде білім алып, ата-анама салмақ түсірмей жаз уақытында нәпақа табайын деген мен үшін төбемнен жай түскендей болды. Одан кейін, мен де жасырмай, кімді ұстағанымды барлығын жайып бердім. Бас-
тық дереу әлгі іші қуыстанып, құрал жабдықты сыртқа шығармақ болған жұмысшыны өзіне шақырды. Сырткөзге байсалды, ауызынан сөз суырып ала алмас адамдай көрінген қызметші бастықтың кабинетінде құрдай жорғалап кетпесі бар ма? Әйелінің жұмыс істейтіндігін және бала-шағасының көптігін алға тартқан ол тізерлеп тұрып бастықтан кешірім сұрады. Шамасы, ол бағасы қымбат жабдықты ұрлап алғандығын бастық біліп қойды деп ойласа керек-ті. Мен оқиға осылай күрделеніп, осылай өзгереді деп мүлде ойламадым. Әлгі жұмысшы бастық жоғалтқан затты қашан және қай күзетшінің ауысымында сыртқа шығарғандығын айна-қатесіз мүдірмей жайып салды. Және, одан басқа ұсақ-түйектерді менің ауысымым болмаған шақта қолды еткендерін де жасырмады. Бұндай тың ақпаратқа қанық болған бастыққа күзетшілердің неліктен жауырды жаба тоқитындығы қызықты болды. Сөйтсек, сыртқа шығарған заттарды жұмысшылар лезде сатып, олжаның белгілі мөлшерін күзеттегілерге де беріп, бөлісіп отырады екен. Мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін, бастық бейнебақылау камераларын жіті қадағалады. Бейнебақылау жүйесінде өзге ауысым күзетшілерінің сөмкелерге көз жүгіртіп, тексерген ишарат танытқандығын байқалады. Ал, менің бір адамды он минут шамасында мұқият қадағалап, ерінбей тексеріс жүргізетінім көзге ұрған танадай анық көрініп тұр.
Әліптің артын бақпай айғайға салып, мені жазаламақ болған бастықтың маған деген көзқарасы бірден өзгерді. Менің шыңырау төменге құлдыраған абыройым әлгі жұмысшының сөзінен кейін бірден аспандап кетті. Ұйымдасқан жымысқы әрекеттері әшкере болған күзетшілер ертесінде жұмыстан қуылып жатты. Ал, құрылыс заты қайта орынына қайтарылды. Ол уақытқа дейін жаңа оқу маусымы да басталып кетті. Сондықтан олардың артынан мен де жұмыстан шығып кеттім.
- Яғни, күзеттің күрделі де қауіпті қызмет деп түсінген боларсың?
- Иә. Күзет қызметі өте қауіпті жұмыс. Бірақ менің тәжірибем болғаннан кейін әскери бөлімге келген бізді іріктей бастағанда бұл салада тәжірибем барын айтып, қарауыл қызметіне өз еркімммен сұрандым. Жоғарыда атап өткендей, мен Қарағанды қаласында істеген жұмысымда жалған жала арқалап кетуге сәл қалдым. Яғни, жанымда жүрген қызметкерлердің арам пиғылдарының құрбаны болдым. Ал Ұлттық ұлан сапында сен өз қаруластарыңа жүз пайыз сенімдісің. Сержанттар мен офицерлерде бағамды нұсқауларын айтып, ара-тұра жауынгерлік қызметтегі жеке тәжірибелерімен бөлісіп отырудан еш жалыққан емес. Ауысым сайын бауырмал қаруластармен кеңес алмасып, көрген-білгенімізден хабардар етеміз.Барлығымыз осы уақытқа дейін бір үйдің баласындай бауырмал болып кеттік. Бірлігі мығым әскерилермен Отан алдындағы борышыңды бірге атқару өзіңе деген сенімділігіңді арттырып, жауынгерлік рухыңды одан әрімен тасыта түседі.
-Түзеу мекемесінде жеті мұнара бекеті бар екен. Сен қарауылдық қызметіңді қай мұнарада жиі өткізесің?
- Бұл сұраққа жауап беру қиынға соғады. Қарауыл бастығы мұнара сақшыларын әрдайым ауыстырып отырады. Өйткені, төменде жүрген қылмыскерлер бізді танып, біліп қоймауы тиіс. Жалпы, алтыншы мұнара маңында оқыс оқиғалар жиі тіркеледі. Түрмеге зат лақтырмақ болғандар да осы мұнара маңынан ұшырасады. Неге десеңіз, бұл мұнара жол бойында орналасқан. Көлікпен зыр етіп келіп, ісін тындырып затын лақтырғанға қайта жүйтки жөнелгенге ыңғайлы жер боп саналады. Сондықтан, асылы, ол жерде барынша қырағы болу қажет. Тыйым салынған заттардың түзеу мекемесіне қарасты аумаққа өтіп кетпеуі үшін кез келген қылмыстың ізін кесу шарт. Шеңгелді қоршау сыртында олардың сыбайластары пайда болып, темір тордан сытылып шыққысы келетін сотталушыны қарсы алып, алып қашуға келуі бек мүмкін. Олардың арамза пиғылдарын іске асырмау үшін мұздай қаруланған жауынгерлер қалт еткенді мүлт жібермейтін қырандай қырағы.
- Мардымды сұхбатыңа рахмет, Арсен. Мерзімді әскери қыз-метіңді абыроймен өткергейсің.
Лейтенант Рүстем МҰХАМЕТ-РАҚЫМ Өскемен қаласы