Бүгін, 30 қарашада, Қорғаныс министрлігінің әскери заңгерлері кәсіби мерекесін атап өтуде.
1996 жылы дәл осы күні қорғаныс ведомствосының Заң қызметін құру туралы Қорғаныс министрінің директивасы қабылданған болатын. Бұл қызмет кейін Заң департаменті болып қайта құрылды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Бейінді Департамент мамандары қорғанысты ұйымдастыру, әскери қызмет өткеру тәртібі, әскери қызметшілерді, әскери қызметтен босатылған азаматтық персоналды, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты нормативтік құқықтық актілерді әзірлеумен айналысады.
Олардың құзыретіне түрлі шарттар мен іс жүргізу құжаттарының жобаларын жасау, сот, мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдарда қорғаныс ведомствосының мүдделерін қорғау кіреді.
Биылғы жылы әскери заңгерлер қызметінің ауқымын заңды күшіне енген нормативтік құқықтық актілер бойынша бағалауға болады. Оның ішінде Президенттің 7 Жарлығы, Үкіметтің 15 қаулысы, Қорғаныс министрінің 1300-ден астам бұйрығы және ҚР Қарулы күштері Бас штабы бастығының 260 бұйрығы бар.
Департаменттің заңгерлері тиімсіз, қайталанатын нормалар мен олқылықтарды анықтай отырып, заңнамалық массивке тұрақты негізде мониторинг жүргізіп келеді. Бұл тұрғыда олардың әскери қызмет өткеру, тұрғын үймен қамтамасыз ету, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді әлеуметтік қорғау (кредиттік демалыс және білім беру жеңілдіктері) және т. б. мәселелерді жетілдіруге қосқан үлесі көрсетілген.
Қазіргі уақытта әскери заңгерлер Парламентте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери-патриоттық тәрбие мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» және «Резервтегі қызмет мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын құқықтық сүйемелдеуді жүзеге асыруда.
ҰҚШҰ-да қызмет өткеріп жатқан әскери қызметшілердің әлеуметтік мәртебесін көтеру және үш жасқа дейінгі бала күтіміне демалыс беру, әскери қызметшілер үшін әлеуметтік жеңілдіктерді қалпына келтіру секілді ұсыныстар әзірлеуге қабылданды.
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін Заң департаменті сондай-ақ Бас штаб әзірлеген «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аумақтық қорғаныс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын сүйемелдеуді жүзеге асыруда.
Осы мәселелердің барлығы халықаралық гуманитарлық құқық және ұлттық заңнама, әскери сала, кешенді және жүйелі тәсілдерді ескере отырып, құқықтың әртүрлі салаларында бағдарлай білуде мұқият білімді талап етеді.
Әскери заңгерлерге тән бұл кәсіби және жеке қасиеттер бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөнінде қойылған міндеттерді орындаудың кепілі болып табылады.