Үкіметте вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте жеміс-көкөніс өнімдерін сақтау және өндіру және әлеуметтік азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру үшін қажетті шаралар кешені қаралды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Өнімді сақтау – көкөніс қоймаларын салу және жаңғырту жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру арқылы жүзеге асырылады. Жүргізілген түгендеу қорытындысы бойынша елімізде 901 сақтау нысаны жұмыс істейді, оның ішінде жалпы сыйымдылығы 1 млн 186 мың тонна көкөніс қоймасының саны – 580, картоп қоймасы – 257 (499,7 мың тонна), жеміс-жидек қоймасы – 67 (136,3 мың тонна).
«Биыл Маңғыстау облысында 40 мың тоннаға, Түркістан облысында 56 мың тоннаға, Павлодар облысында 20 мың тоннаға, Қызылорда облысында 4 мың тоннаға және Қарағанды облысында 2,8 мың тоннаға сақтау нысандары іске қосылды. Жалпы сыйымдылығы 115,1 мың тонна болатын қойма тағы 5 облыста салынуда. 7 облыста 97,9 мың тонналық жобалар инвесторлардың қаржыландыруын күтуде» Деп мәлімдеді ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов
Биыл 2,9 млн тонна картоп, 1,1 млн тонна пияз, 498 мың тонна қырыққабат, 474 мың тонна сәбіз жиналды. Бұл еліміздің тұрғындарының қажеттілігі деңгейінен едәуір асып түседі. Бұл ретте Ресей Федерациясы мен Беларусь тарапынан 150 мың тонна картоп, 80 мың тонна пияз, басқа да көкөністер мен алмаларды келісімшартпен алуға сұраныс бар.
«Біз ел тұрғындарының сұранысы көлемінен едәуір жоғары көкөніс өнімдерін жинадық, көршілес елдерімізден, Ресейден және Беларусьтен көкөністерге сұраныс бар. Біздің фермерлерге артық өнімді экспортқа өткізуге мүмкіндік беру керек. Ауыл шаруашылығы министрлігі әкімдіктер деңгейінде келесі мәселені пысықтауы қажет: фермерлер тұрақтандыру қорларындағы қорды қоспағанда экспортқа қанша көкөніс сатуға және келісімшарт ұйымдастыруға дайын» Серік Жұманғарин
Сондай-ақ кеңесте «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша 2025 жылғы көктемгі дала жұмыстарын қаржыландырудың басталуы талқыланды.
Айта кету керек, бұл мақсатқа өтеу мерзімі 2026 жылғы 1 наурызға дейін белгіленген фермерлер үшін жылдық 5%-бен 700 млрд теңгеге дейін, оның ішінде 140 млрд теңгесі – бюджет қаражатын, 560 млрд теңгесі – нарық қаражатын жұмсау жоспарлануда. Осылайша, мемлекеттік қаржыландырудың нарыққа қатынасы 1:4 құрайды. Ерте қаржыландыру фермерлерге егіс науқанын уақтылы бастау үшін барлық қажетті заттарды, соның ішінде тыңайтқыштарды алдын ала сатып алуға мүмкіндік береді.
«Нарық қаражатының алғашқы 100 млрд теңгесін біз 2024 жылдың 1 желтоқсанынан бастап ерте қаржыландыруды бастау үшін 28 қарашада тарттық. 30 қарашада ауыл шаруашылығы өндірушілерінен 85 млрд теңгеге 695 өтінім келіп түсті, оның басым бөлігі – 55 млрд теңгеге 686 өтінім – тікелей қаржыландыру арқылы, яғни АКК филиалдары арқылы, ӘКК арқылы 22,6 млрд теңгеге 6 өтінім және екінші деңгейдегі банктер арқылы 7,3 млрд теңгеге үш өтінім. Қазір жұмыста 20,6 млрд теңгеге 146 өтінім бар. 29 қарашада ерте қаржыландыру басталды, 2,3 млрд теңгеге 48 қарыз алушы несиелендірілді. Жұмыс жалғасуда» Аграрлық несие корпорациясы төрағасының орынбасары Қайрат Сапулатов
Сонымен қатар кеңесте әлеуметтік азық-түлік бағасын одан әрі тұрақтандыру шаралары талқыланды. Қараша айының қорытындысы бойынша жылдық мәнде инфляцияның 8,5%-дан 8,4%-ға дейін баяулауы байқалды. Осы жылдың 11 айында инфляцияның негізгі құрамдас бөліктері – азық-түлік және азық-түлік емес тауарлар, ақылы қызметтер арасында – азық-түлік тауарларына ең төменгі өсім (4,4%) тіркелді.
Өткен аптаның қорытындысы бойынша ӘМАТ бағасының орташа индексі 0,2-ге, негізінен – тауарлардың көкөніс тобына өсті. Вице-премьер республикалық маңызы бар қалалар мен өңірлердің әкімдіктеріне сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, ел тұрғындарын қолжетімді бағамен өнімдермен қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің санын көбейтуді жүктеді. Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігіне қажет болған жағдайда тұрақтандыру қорларынан көкөніс қорларын ерте брондауды қарастыруды тапсырды.