Абай және Приозерск гарнизондарының әскери бөлімдерінде әскери ант беруге арналған салтанатты рәсімдер өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Абай гарнизонында Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Павлодар облыстары мен Қарағанды, Шымкент қалаларынан шақырылған 300-ден астам сарбаз командирлердің, Қарулы күштер ардагерлерінің және туыстарының қатысуымен Отанға адал болуға ант берді.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының орынбасары полковник Азамат Кәкімжанов, 28738, 30217 әскери бөлімдерінің командирлері полковник Ермек Жұмағазин, подполковник Еркін Жоламанов жас сарбаздарды айтулы күнмен құттықтады.
– Отанға қызмет етуге, оның мүдделерін қорғауға дайын болу – нағыз патриоттың басты қасиеті. Сіздер – елдің мақтанышы мен тірегісіздер, аға буынның жауынгерлік дәстүрлеріне лайықты болыңыздар. Әскери қызмет нағыз өмір мектебі болсын, – деді полковник Азамат Кәкімжанов.
Еліміздің әр аймағынан келген жауынгерлердің туыстары мен жақындары салтанатты рәсімді мақтанышпен әрі толқумен тамашалады.
– Бүгін біздің балаларымыз Отанның нағыз қорғаушысы болуға ант берді. Олардың өмір мектебінен лайықты өтіп, аман-сау үйге оралуын тілеймін. Әрдайым аспанымыз ашық болсын, – деді сарбаз анасы Райхан Жұмабекова.
«Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты Приозерск қаласының 06708 әскери бөлімінде 30 сарбаз әскери ант берді.
Оларды әскерлер қолбасшысының орынбасары – «Астана» өңірлік қолбасшылығы жауынгерлік дайындық басқармасының бастығы полковник Аслан Кітапбаев құттықтады.