Бүгін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Ақмола облысында алтынды заңсыз өндірумен айналысқан адамдар тобына қатысты қылмыстық істі қарау аяқталды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Көлік прокуратурасының мемлекеттік айыптаушысы сотта ұйымдасқан қылмыстық топтың 12 қатысушысы құрамында алтын бар кенді заңсыз өндірумен және өңдеумен, сондай-ақ, зергерлік бұйымдарды қолдан өндірумен айналысқанын дәлелдей алды. Жалған алтын зергерлік бұйымдар елдің базарлары мен зергерлік дүкендерінде сатылған.
Қылмыстық схеманы Ресей мен Украина азаматтарын тарта отырып, Қазақстан азаматы ұйымдастырған. Мемлекетке келтірілген залал 250 млн теңгені құрады.
Сотталғандар әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.