"Жасыл" Алматының жандануы

4356
Фотосурет: Almaty akimdigi

Алматыға «бақ қала» мәртебесі қайтарылады, деп хабарлайды DKnews.kz.

Мемлекет басшысының Алматыны «бақ қала» ретінде қайта жаңғырту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында мегаполисті ауқымды көгалдандыру бағдарламасы қарқынды жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев 2025–2027 жылдарға арналған қала бюджетінің жобасы талқыланып жатқан мәслихат сессиясында мәлімдеді.

Негізгі бастамалардың бірі 2022 жылы бекітілген «Жасыл Алматы» жол картасы. Бағдарламаның басты мақсаты 2030 жылға дейін 2,5 млн жасыл желек отырғызу. Жыл сайын 320 мың ағаш пен бұта отырғызу көзделген. 2025 жылға дейін 1,2 млн, ал 2030 жылға дейін шамамен 1,3 млн ағаш отырғызылады.

2024 жылы 320 мың жасыл желектің 224 мың көшеті отырғызылды, оның ішінде 150 мыңнан астамы ағаш, ал 74 мыңы бұта. Ағаш отырғызу жұмыстары жалғасуда, жыл соңына дейін тағы 96 мың көшет отырғызу жоспарланған.

«Мемлекет басшысының «Алматы – бақ қала» мәртебесін қайта жаңғырту тапсырмасын сапалы жүзеге асыру мақсатында 2023-2024 жылдары 500 км автосуару және тамшылатып суару желілері орнатылды. 2025 жылы тағы 290 км желі тарту үшін 4,1 млрд теңге бөлінеді. Бұл жүйе 1 млн-нан астам ағашты автоматты суару жүйесімен қамтуға мүмкіндік береді» Ерболат Досаев

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың сәуір айында «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны аясында «Алматы – бақ қала» акциясы өткізілді. Іс-шара барысында 7 мыңнан астам жасыл желек, оның ішінде 4 015 жеміс ағашы (оның 3 855-і алма ағашы), 1 090 жапырақты ағаш және 2 600 бұта отырғызылды.

Негізгі көгалдандыру жұмыстары қаланың маңызды аймақтарында жүргізілді: «ALA» саябағында 2 270 алма ағашы, ҮАК көшесінің солтүстігіндегі саябақта 500 жеміс ағашы (250 алма ағашы және 250 өрік ағашы), Боралдай өзені бойындағы бақылау алаңында 1 000 жапырақты ағаш отырғызылды.

Аудандық әкімдіктер де алма ағаштары аллеяларын және бұталарды отырғызуға белсенді атсалысты. Алатау ауданында 70 алма ағашы және 250 бұта, Медеу ауданында 220 алма ағашы, оның ішінде 150-і Алматы хайуанаттар бағы аумағында, Бостандық ауданында 230 алма ағашы, оның ішінде 150-і Тұңғыш Президент саябағында отырғызылды.

«Жасыл Алматы» жол картасы – тек экологиялық жағдайды жақсартуға ғана емес, сонымен қатар қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған бастама. Жасыл желектер микроклиматты жақсартуға, ауа ластану деңгейін төмендетуге және жайлы қалалық орта құруға ықпал етеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -