Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «БҰҰ моделі – жаңа Жібек жолы» атты халықаралық конференция өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шара Экономикалық және әлеуметтік даму жолындағы еріктілер күніне, ҚР Тәуелсіздік күні, білім ордасының 90 жылдығына және БҰҰ-ның тұрақтылық жөніндегі бағдарламасының жаһандық хабы ретіндегі мәртебесінің 10 жылдығына арналды.
«БҰҰ моделі» (MUN) – бұл қазіргі заманның жаһандық мәселелеріне жастар назарын аударуға бағытталған студенттер мен жоғары сынып оқушыларына арналған ауқымды халықаралық жоба.
Іс-шара UNAI бастамасы аясында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті (ҚазҰАЗУ) және Сиань халықаралық зерттеулер университетінің ынтымақтастығымен (XISU), Алматыдағы БҰҰ Ақпараттық бюросының (UNIC), Қазақстанда аккредиттелген шетелдік дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың, ҒӨБ және басқа да серіктестердің қолдауымен ұйымдастырылды.
Форумды ашқан ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор м.а. Еркін Дүйсенов жастардың қоғамның саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуындағы басым рөлін және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың БҰҰ-ның тұрақты даму саласындағы халықаралық бастамаларын іске асыруға қосқан үлесін атап өтті.
«ҚазҰУ БҰҰ-ның тұрақтылық жөніндегі «Академиялық ықпал» бағдарламасының жаһандық хабы бола отырып, 2012 жылдан бастап БҰҰ-ның «Жаңа Жібек жолы» моделі халықаралық жастар алаңын белсенді қолдайды және білім беру, ғылыми зерттеулер, халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл арқылы тұрақты даму мақсаттарын іске асыру жөніндегі жұмысты үздіксіз жүргізеді. Мәселен, оған айқын мысалдардың бірі тұрақты даму практикасының негіздерін зерделеу үшін әлемнің 35 жетекші университетін біріктірген Колумбия университетінің Жер институтымен (Нью-Йорк, АҚШ) – Глобал ЭмДиПи (Global MDP) бірлескен бағдарламасын атауға болады» Еркін Дүйсенов
Жиын аясында ҚР СІМ өкілдігі басшысының орынбасары Сергей Викторов, ҚХР бас консулының орынбасары Люй И, Қырғыз Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығының вице-консулы Шолпан Исанаева, БҰҰ-ның Қазақстандағы ақпараттық бюросының басшысы, БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек және басқалар баяндама жасады.
Конференцияға Орталық Азия мен ҚХР-дан 100-ден астам студенттер мен делегаттар қатысты. Бес сессия барысында қатысушылар еріктілік және инклюзивті даму; Жібек жолын жаңғырту арқылы Қытай мен Орталық Азия арасындағы өзара іс-қимылды нығайту; су ресурстарын тұрақты басқару және басқа да жаһандық өзекті мәселелерді қарастырды.
Форум дипломатиялық балға ұласты. Онда көпжақты ынтымақтастықты нығайту мақсатында шет мемлекеттердің дипломатиялық корпустарының өкілдері жиналды.