2024 жылдың желтоқсанынан 2025 жылдың қаңтарына дейін Қазақстанда Кәсіпкерлер палаталарының өңірлік кеңестеріне сайлау өтеді. Биылғы жылдан бастап Өңірлік кеңеске әр салалық кеңестен екі үміткерден, сондай-ақ аккредиттелген ассоциациялардан бір-бірден үміткер делегатураланады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Алматы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы салалық кеңестер қандай?
Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының жанында 10 салалық кеңес жұмыс істейді. Әрқайсысы өз саласындағы кәсіпкерлердің мүддесін қорғайды:
- Туризм салалық кеңесі;
- Креативті индустриялар және IT салалық кеңесі;
- Логистика және сауда салалық кеңесі;
- Таза өндіріс салалық кеңесі;
- Инфрақұрылымдық даму салалық кеңесі;
- Құрылыс салалық кеңесі;
- Микро және шағын бизнесті дамыту салалық кеңесі;
- Білім беру және денсаулық сақтау салалық кеңесі;
- Қаржы институттары салалық кеңесі;
- Кәсіпкер әйелдердіңаралық салалық кеңесі.
Әрбір салалық кеңесте кемінде 13 мүше бар. Кеңестердің басты міндеттері — жергілікті атқарушы органдармен тиімді өзара іс-қимыл жасау, өңіраралық және ведомствоаралық үйлестіру, салалық сараптаманы шоғырландыру және бизнестің құқықтарын қорғау. Олардың құрамында белсенді, бастамашыл кәсіпкерлер, одақтар, бірлестіктер немесе қауымдастықтар өкілдері, сондай-ақ қалалық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері бар.
Делегаттарды сайлаудың жаңа тәртібі қалай өзгереді?
2025 жылдан бастап Өңірлік кеңеске әрбір салалық кеңестен екі үміткер, ал аккредиттелген ассоциациялардан бір үміткерден жіберілмек. Мұндай тәртіп өңірлердегі нақты процестерге ықпал ете алатын белсенді адамдарды қамтуға бағытталған. Бұл салалық және өңірлік кеңестер жүйесін өкілді әрі икемді етіп, өңірлердің өзгермелі экономикалық жағдайына және қажеттіліктеріне жедел ден қоюға мүмкіндік береді.
@ atameken.kz
«Салалық және өңірлік кеңестер құрылымын құру – әр өңірдің ерекшеліктерін ескеру және сол аймақтың басым бағыттарына сәйкес құзыреттерді қалыптастыру қажеттілігінен туындады. Мысалы, Алматыда туризм – дамудың басым бағыттарының бірі. Осы секторға қатысты мәселелерді тиімді шешу үшін өңірлік кеңестің туризм басқармасымен тығыз ынтымақтастығы қажет. Мұндай әріптестік стратегиялық және операциялық мәселелерді тиімді шешуге мүмкіндік беріп, саланың өсуіне және дамуына ықпал етеді» «Атамекен» ҰКП Президиумының төрағасы Райымбек Баталов
Өңірлік кеңестің рөлі
Өңірлік кеңес – Кәсіпкерлер палатасы жанындағы бақылаушы орган. Ол 4 жылға сайланады. Өкілеттіктеріне палаталар жұмысының жоспарларын қалыптастыруға қатысу, басшылардың есептерін тыңдау, сондай-ақ кәсіпкерлердің мәселелерін республикалық деңгейде шешу жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу кіреді.
Кандидаттарды тіркеу қалай жүзеге асады?
Кандидаттарды тіркеуге өтініштерді Кәсіпкерлер палатасының сайлау комиссиясы қарастырады. Комиссия кандидаттардың белгіленген талаптарға сәйкестігін тексереді. Маңыздысы, егер салалық кеңес мүшесі бірнеше салалық кеңесте болса, ол үміткерлігін тек бір кеңестен ғана ұсына алады және сол кеңесте кемінде бір ай мүше болуы тиіс.
«Биыл Алматы қаласының бірнеше салалық кеңесінің құрамы жаңартылды. Қазан айынан бастап дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр, барлық салалық кеңестер кезекті отырыстарын өткізді және түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Үміткерлерді іріктеу 2024 жылдың желтоқсанының соңы – 2025 жылдың қаңтар айының басында өтеді. Үміткерлердің тең дәрежеде ұсынылуы теңгерімсіздіктердің алдын алу үшін қажет. Бұл барлық салалардың өкілдері Өңірлік кеңесте теңдей қатысуға мүмкіндік алып, әр сектордың кәсіпкерлерінің мәселелері объективті қаралуын қамтамасыз етеді» Алматы қаласы «Атамекен» ӨКП директорының орынбасары Жанна Мұрзақұлова
Дауыс беру қалай өтеді?
Сайлау өткізу үшін тиісті салалық кеңестің кем дегенде үштен екі мүшесінің кворумы қажет. Бұл кәсіпкерлердің белсенді қатысуын қамтамасыз етіп, процестің заңдылығын арттырады. Дауыс беру тәртібі ашық және жасырын түрде өтуді көздейді. Ел аумағында сайлау 2024 жылдың желтоқсанынан 2025 жылдың ақпанына дейін өтеді. Алматыда сайлау 20-22 қаңтарға белгіленген.
Салалық кеңес мүшелері дауыс беруге қатысу үшін көзбе-көз (офлайн) немесе қашықтан (онлайн) дауыс беру мүмкіндіктеріне ие болады. Көзбе-көз дауыс беру «Атамекен» өңірлік палатасының алаңында орнатылған дауыс беру жәшіктері арқылы жүргізіледі. Сондай-ақ электрондық қосымша арқылы қашықтан дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған, бұл қатысушылардың кең ауқымын қамтуға ықпал етеді.
Алдағы сайлау Қазақстанның кәсіпкерлік қауымдастығын дамытуда маңызды кезең болмақ. Бұл сайлау бизнестің өңірлік деңгейдегі мүдделерін тиімді танытуға, сондай-ақ билік пен кәсіпкерлер арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға жол ашады. Процестің ашықтығы мен айқындылығы, сондай-ақ үміткерлердің үгіт-насихат жүргізу мүмкіндігі кәсіпкерлердің шешім қабылдау мен елдегі бизнес жүргізу жағдайларын жақсартуға белсенді қатысуына жағдай жасайды.