Сыртқы істер министрлігінде Қазақстанның «Ізгі ниет елшісі» мәртебесін беруге орайластырылған екінші рәсімі өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстан Республикасының сыртқы саяси ведомствосында Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллиннің қатысуымен «Қазақстанның ізгі ниет елшілерінің» екінші пулын тағайындау салтанатты рәсімі өтті.
Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Қазақстанның ізгі ниет елшілері» жобасы мәдениеттер пен халықтар арасындағы диалогты дамытуға және еліміздің жетістіктерін шет елдерде дәріптеу мен танымалдылығын арттыруға бағытталған.
Бұл жобаға қатысу үшін Қазақстанның қоғам және мәдени қайраткерлері шақырылды, олардың арасында Халық әртісі Димаш Құдайберген, опера әншісі Мария Мудряк, тележүргізуші және мәдени жобалардың продюсері Майя Бекбаева, археолог және Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Дмитрий Воякин, «Qazaq Geography» басқарма басшысы, этнограф-ғалым Айгерім Мұсағажинова бар.
А.Рахметуллин өзінің алғы сөзінде Қазақстан әлемде бейбітшілікке ұмтылатын және прогрессивті мемлекет, сондай-ақ жаһандық және өңірлік мәселелерді шешуде сенімді серіктес ретінде қабылданатынын атап өтті.
Қазақ дипломатының айтуынша, Сыртқы істер министрлігі шетелдік аудиторияны еліміздің мәдени мұрасы мен ұлттық алуан түрлілігімен таныстыру және оларды ілгерілету бойынша ауқымды жұмыс жүргізуде. Осыған байланысты А.Рахметуллин еліміздің танымалдылығын одан әрі арттыруға бағытталған «Kazakhstan: Born Bold» халықаралық имидждік науқанының басталғанын хабарлады.
Қазіргі уақытта цифрлық коммуникациялар әлеміндегі мәдени-гуманитарлық дипломатияның маңыздылығы мен өзектілігін атап өтіп, А.Рахметуллин қатысып отырған қоғам қайраткерлерінің Қазақстанның түрлі салалардағы жетістіктерін дәріптеудегі күш-жігерін жоғары бағалады.
«Ізгі ниет елшісінің мәртебесі тек бедел ғана емес, сонымен бірге үлкен жауапкершілік. Жоба аясында біз мәдениетіміз, өнеріміз, ғылыми жетістіктеріміз, инновациялар, спорттық жеңістер, креативті шешімдер, туристік әлеует пен Қазақстан халқының басты құндылығы – бейбітшілік пен келісімді сақтаумен таныстыруды жалғастыруға ниеттіміз», − деп атап өтті А.Рахметуллин.
Өз сөзінде Д.Воякин Қазақстанның күші оның мәдени әртүрлілігінде, мұрасында және біз оны сақтауға және ұлғайтуға міндеттіміз деді. «Ізгі ниет елшісі болу – шабыттандыруды білдіреді. Біздің ортақ еңбегіміз ғылым, мәдениет және адамдардың өзара түсіністігінің күшіне сенетіндер үшін бірлік пен шабыттың символына айналсын», – деді ол.
Артылған сенім үшін алғысын білдіре отырып, М.Бекбаева еліміздің ежелгі мәдениеті мен бай тарихымыздың негізінде жатқан бірлік, төзімділік және бейбітшілік құндылықтарды атап өтті. Ол жоба аясында осы қағидаттар мен құндылықтарды, сондай-ақ СІМ-мен тығыз байланыс арқылы Қазақстанның шет елдермен мәдени және гуманитарлық ынтымақтастығын ілгерілетуге ниетті екенін атап жеткізді.
Қазақстанда Ізгі ниет елшілері қызметінің сәтті халықаралық тәжірибесін енгізу бүгінгі таңда ел беделін ілгерілетуде өз нәтижесін көрсетуде. «Ізгі ниет елшілерінің» пулын кеңейту әлемнің әр түкпіріндегі азаматтардың Қазақстанды одан да жақынырақ тануы үшін шабыттандыруға арналған.
Бұған дейін Ізгі ниет елшілері мәртебесін скрипкашы-виртуоз Марат Бисенғалиев, Олимпиада чемпионы, велошабандоз Александр Винокуров, суретші және антиядролық қозғалыс белсендісі Кәріпбек Күйіков, кардиохирург Юрий Пя, саясаттану ғылымының докторы және тарихи карталарды зерттеуші Мұхит-Ардагер Сыдықназаров, Н. Тілендиев атындағы мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық «Отырар Сазы» оркестрінің бас дирижері Динзухра Тілендиева, «Adam» лақап атымен әлемдік танымалдылыққа ие болған эстрада әншісі Мирхидай Мирфарух, әлем рекордын жаңартқан алып күш иесі және Гиннес кітабының рекордшысы Сергей Цырульников иеленген болатын. Олар өздеріне сеніп тапсырылған миссияны сәтті орындауда және мәдени-гуманитарлық салада, экологияны қорғау, жасөспірімдер спортын дамыту және басқа салаларда әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыруда.