Ұлттық ұлан Академиясында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ақпараттық-түсіндіру шарасы өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Аталмыш шараға Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының инспекторы, полиция майоры Аягөз Исмағамбетова Қазақстан Республикасының жол қозғалысы ережелерін сақтау саласындағы заңнаманың жаңа нормаларын таныстырып, олардың маңыздылығын түсіндірді.
Инспектор өз баяндамасында Қазақстан Республикасының Президентінің «Кейбір заңнамалық актілерге жекелеген көлік құралдарының қозғалысын ұйымдастыру және жол қозғалысы қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске жекелеген көлік құралдарының қозғалысын ұйымдастыру және жол қозғалысы қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарын егжей-тегжейлі талдап берді.
Бұл заңдар жол қозғалысын ұйымдастыру саласындағы мопедтерді пайдалану ережелерін құқықтық реттеу, жол қозғалысы қауіпсіздігін цифрландыру, жол-көлік оқиғаларының (ЖКО) алдын алу үшін жылдамдық режимін сақтау бойынша жаңа әкімшілік жауапкершіліктерді енгізу секілді негізгі бағыттарды қамтиды.
- Жол қозғалысы ережелерін сақтау - тек жүргізушілердің ғана емес, жаяу жүргіншілер мен жолаушылардың да ортақ міндеті. Әрбір азамат жолда өзін және өзгелерді қорғау үшін жауапкершілік танытуы тиіс. Ережелерді сақтай отырып, біз өзіміздің, жақындарымыздың өмірін және денсаулығын сақтап қала аламыз, - деп полиция майоры жүргізушілерге әрдайым сақ және жауапты болу керектігін баса айтты.
Инспектордың айтуынша, жылдамдық режимін бұзу — жол-көлік оқиғаларының ең көп тараған себептерінің бірі. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 4 512 ЖКО жылдамдықты асыру салдарынан орын алған, бұл барлық жол-көлік оқиғаларының 28%-ын құрайды. Мұндай апаттарда қаза тапқандардың саны 1 051 адам және 5 642-сі жарақат алғандардың барлығы жылдамдық режимін сақтамау салдарынан зардап шеккен. 2024 жылдың алғашқы тоғыз айының көрсеткіштері де алаңдаушылық тудырады.
- Бүгінгі жиын біз үшін өте маңызды болды. Біз тек теориялық білім ғана емес, өмірде қолдануға болатын нақты кеңестер мен деректер алдық. Аягөз Батырбайқызына алғысымыз шексіз. Осындай шаралар құқықтық сауаттылықты арттыруға және әскери салада жүреген қызметшілерге жауапкершілігін нығайтуға ықпал етеді. Біз мұндай кездесулерді тұрақты түрде өткізіп тұруға дайынбыз, - деді Академияның әскери педагогика және психология кафедрасының аға оқытушысы подполковник Қазыбек Мұратаев.
Бұл шара Ұлттық ұлан Академиясы ұжымының құқықтық мәдениетін арттырып қана қоймай, олардың жол қозғалысы ережелерін сақтау бойынша жауапкершілігін күшейтуге де бағытталған. Мұндай кездесулердің жалғасын табуы жолдағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және азаматтардың өмірін қорғауға мүмкіндік береді.