ТЖМ қызметкерлері өскелең ұрпақпен ТЖ кезінде қауіпсіздік шараларын оқыту бойынша жұмыс жүргізуде, бұл төтенше ведомствоның басым міндеттерінің бірі, деп хабарлайды DKnews.kz.
Осы іс-шара аясында балалар үшін түрлі іс-шаралар өткізіледі, олардың форматы аудиторияның жасына байланысты. Бұл тақырыптық сабақтар, әңгімелер, интерактивті сабақтар, жарыстар және т.б. Балалар уақытша қараусыз қалған жағдайда да, олар қиындық туғызбау үшін өздерін қалай ұстау керектігін білуі маңызды.
Маңғыстау облысы ТЖД қызметкерлері облыс аумағындағы білім беру ұйымдарының бастауыш сынып оқушыларына ашық сабақтар ұйымдастыруда. Ашық сабақта бүлдіршіндерге департамент арнайы әзірлеген «Құтқарушы мамандығы» тақырыбында түрлі түсті бояу кітапшасы табысталды. Бұл кітапша құтқарушы мамандығымен танысу, түрлі логикалық ойындар мен арнайы жұмбақтардың шешімін табу арқылы бүлдіршіндер санасына қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Қазіргі таңда бұл кітапшаның 5 мың данасы шығарылып, білім беру ұйымдарына таратылуда.
Астана қаласы ТЖД құтқарушылары түзету сыныптарының балаларымен сабақ өткізді. Оқушылар үшін «Брайль» жазуы бар қауіпсіздік жадынамалары әзірленді. Құтқарушылар аталмыш сабақтарды ТЖМ әзірлеген әдістемелік ұсынымдарға сәйкес өткізді.
Қызылорда облысы ТЖД қызметкерлері білім беру мекемелерімен «Қысқы кезеңде су айдындарындағы (мұздағы) қауіпсіздік», «Су айдындарында зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету» тақырыптарында интерактивтік онлайн-сабақты өткізді. Іс-шараға 205 мектептен 953 мұғалім, 10147 оқушы қатысты.
Осы бағыттағы іс-шаралар жалғасуда және тұрақты негізде өткізіледі.