Қазақстан онкологияны емдеудің озық радионуклидтік әдістерін енгізуде

4257

Қазақстанда алғаш рет онкологиялық науқастарды емдеуде «Росатом» радиофармпрепараты қолданылды.

Ядролық медицина саласындағы серпіліс: Қазақстан Республикасында алғаш рет сүйекке тараған метастаздары бар онкологиялық науқастарды емдеу үшін ресейлік бірегей «Самарий, 153Sm Оксабифор» радиофармпрепараты пайдаланылды. «Росатом» мемлекеттік корпорациясының ғылыми орталықтарында әзірленген бұл инновациялық тәсіл онкологиялық ауруға шалдыққан науқастарға жаңа мүмкіндік беріп, елдің денсаулық сақтау саласын мүлде жаңа деңгейге көтермек.

Атом медиа/В/О «Изотоп»

Қазақстан ядролық медицинасының жаңа кезеңі

Қазақ дәрігерлері үшін «Самарий, 153Sm Оксабифор» препаратын қолдану халықаралық жоғары технологиялық медицина деңгейіне шығудың маңызды оқиғасы болды. Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығы ауруханасының Ядролық медицина орталығында ресейлік мамандар арнайы мастер-класс өткізді. Мақсаты – препаратты енгізу техникасын көрсетіп қана қоймай, оны клиникалық қолдану аспектілерін, ықтимал қатерлер мен жанама әсерлерін жан-жақты талқылау. Осындай тығыз ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастыққа негізделген тәжірибе Қазақстанда қатерлі ісікпен күресудің озық әдістерін ұзақ мерзімді дамытуға берік іргетас қалайды.

Мастер-класс өткізуге шақырылған жетекші ресейлік сарапшылар – өз салаларының үздік мамандары:

  • Валерий Крылов – РФ Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты «Радиация ғылымының ұлттық медициналық зерттеу орталығы» (НМИЦ радиологии) филиалы А.Ф. Цыба атындағы Медицина радиологиялық ғылыми орталығының радиохирургиялық емдеу бөлімінің меңгерушісі.
  • Вячеслав Сухов – Ресей Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты А.М. Никифоров атындағы Жедел және радиациялық медицина бүкілресейлік орталығының ядролық медицина бөлімінің меңгерушісі.

Атом медиа/В/О «Изотоп»

Мастер-классты ұйымдастыру мен өткізуде «Росатом» мемлекеттік корпорациясының изотоптық өнім интеграторы – «Изотоп» ААҚ медициналық изотоптар бағытының директоры Елена Еремина қолдау көрсетті.

«Самарий, 153Sm Оксабифор» радионуклидтік терапиясының артықшылықтары

«Самарий, 153Sm Оксабифор» препаратының басты міндеті – қуықасты безі, сүт безі немесе өкпе рагы сияқты ісіктердің дамуында жиі кездесетін сүйек метастаздарымен күресу. Диагноз қойылған кезде қуықасты безі ісігіне шалдыққан науқастардың 4-7%-ында сүйек метастаздары анықталады, бұл емдеуді күрделендіріп, өмір сүру сапасын төмендетеді.

«Самарий, 153Sm Оксабифор» препаратын қолдану келесі маңызды артықшылықтарды көрсетті:

  • Ауырсынуды азайту: Пациенттердің 78,8%-ына дейін үш ай немесе одан да көп уақыт бойы ауырсынудың айтарлықтай төмендегенін байқайды. Бұл сүйек тіні зақымдалған науқастар үшін аса маңызды, себебі ауырсыну кейде төзгісіз халге жеткізеді.
  • Жоғары селективтілік: Препарат негізінен метастазбен зақымдалған сүйек аймақтарында жиналады, сау жасушалар мен тіндерге минималды әсер етеді. Мұндай нысаналы терапия әдеттегі емдеу әдістерін жиі қоса жүретін жанама әсерлердің қаупін төмендетеді.
  • Қысқа мерзімді госпитализация: Препаратты қолдану үшін науқасты ұзақ уақыт ауруханада ұстау қажет емес. Пациенттер емді қолайлы жағдайда алып, медициналық инфрақұрылымға түсетін жүктемені азайтып, өз уақыты мен ресурс-ын үнемдейді.
  • Анальгетиктерге деген мұқтаждықты азайту: «Самарий, 153Sm Оксабифор» препаратындағы ауыруды басу әсері жылдам байқалып, ауруды басатын дәрілердің мөлшерін азайтуға немесе олардан толық бас тартуға мүмкіндік береді. Бұл пациенттердің жалпы хал-жағдайына оң ықпал етеді.

Радионуклидтік терапия: қалай жұмыс істейді?

«Самарий, 153Sm Оксабифор» препаратын енгізу процедурасы салыстырмалы түрде қарапайым: радиофармпрепарат көктамыр арқылы енгізіледі, содан кейін оның белсенді компоненттері сүйектегі метастаздар бар аймақтарда шоғырланады. Ішкі сәулелену арқылы препарат ісік жасушалары мен қабынған жүйке талшықтарына әсер етеді. Осындай дәлме-дәл соққы тек ауырсынуды жеңілдетіп қана қоймай, метастаздардың өсуін баяулатып, аурудың одан әрі таралуына жол бермейді.

«Қазақстанда «Самарий, 153Sm Оксабифор» радиофармпрепаратының клиникалық практикаға енгізілуі сүйек метастатикалық зақымдануларын емдеуде айтарлықтай өзгерістердің катализаторына айналуы мүмкін. Біріншіден, бұл озық ядролық технологияларды дәстүрлі денсаулық сақтау жүйесіне үйлестірудің оң үлгісін көрсетеді. Екіншіден, жиналған тәжірибе жергілікті мамандарға әр пациенттің жағдайын ескеріп, оңтайлы дозаны дәл іріктеуге және жеке емдеу сызбасын құруға мүмкіндік береді. Үшіншіден, мұндай инновацияларға қолжетімділіктің кеңеюі медициналық қызмет нарығын жандандырып, кадрлар біліктілігін арттыруға, технологиялық базаны жетілдіруге және жаңа клиникалық хаттамаларды енгізуге ықпал етеді. Ұзақ мерзімді перспективада бұл ауыр түрдегі ракпен ауыратын науқастардың өмір сүру мүмкіндігін арттырып қана қоймай, жалпы медициналық көмек сапасына әсер етеді. Ауырсынуды азайта отырып, науқастардың психоэмоционалдық жай-күйін жақсарту арқылы олардың диагнозының ауырлығына қарамастан, толыққанды өмір сүруіне мүмкіндік береміз. Мұндай қадам бізді болашақтың дербестендірілген медицина идеалына жақындатады, онда науқас – ем алушы ғана емес, сондай-ақ медициналық үдерістің толыққанды қатысушысы әрі пайдасын көруші тұлға» Бақытжан Раев, клиникалық практикаға жоғары технологиялық әдістерді енгізу бойынша сарапшы

Халықаралық ынтымақтастық – өмірді құтқару жолында

«Изотоп» ААҚ бас директоры Максим Кушнарев «Росатом» мемлекеттік корпорациясы мен Қазақстан арасындағы ядролық медицина саласындағы ынтымақтастықтың кеңеюінің маңыздылығын ерекше атап өтті: осының арқасында радионуклидтік терапияның заманауи әдістері Қазақстан Республикасының пациенттеріне қолжетімді болуда. Енді озық технологиялар тек өмірді ұзартуға ғана емес, оның сапасын да жақсартуға бағытталып отыр.

Атом медиа/В/О «Изотоп»

Сапа кепілі

«Самарий, 153Sm Оксабифор» препаратын Ресейде жалғыз өндіруші – «Росатом» ғылыми дивизионы құрамындағы Л.Я. Карпов атындағы Физика-химия ғылыми-зерттеу институты. Бұл жоғары сапа мен қауіпсіздік кепілі. Институт пен «Росатом» мемлекеттік корпорациясының әлемдік ғылыми-медициналық ортадағы беделі пациенттердің сенімді және тиімді ем алуын қамтамасыз етеді.

«Біз “Росатом” мен Қазақстан Республикасы арасындағы ядролық медицина саласындағы ынтымақтастықтың кеңейгеніне қуаныштымыз. Осының нәтижесінде радионуклидтік терапияның заманауи әдістері енді ел халқына қолжетімді. “Самарий, 153Sm Оксабифор” радиофармпрепараты ядролық медицина нарығында жоғары сұранысқа ие бірқатар құнды қасиеттерге ие. Ауырсынуды басу әсері тез байқалады да, анальгетиктердің мөлшерін азайтуға немесе олардан мүлде бас тартуға мүмкіндік береді. Емдеу үшін науқастың стационарда болуын талап етпейді. Мен біздің препаратты Қазақстан клиникаларына одан әрі жеткізу онкологиялық науқастарды дер кезінде және өте қажет көмекпен қамтамасыз ететініне сенімдімін» Максим Кушнарев, «Изотоп» ААҚ бас директоры

Науқастарға үміт пен келешек

Қазақстанда «Самарий, 153Sm Оксабифор» клиникалық тәжірибеге енгізілуі күрделі онкологиялық ауруларды емдеудің жаңа дәуірін ашып отыр. Мыңдаған науқастар үшін аурудың кеш сатыларында да белсенді әрі толыққанды өмір сүру мүмкіндігі пайда болып, азапты ауырсынуды жеңілдетуге үміт туындайды.

Осылайша, ядролық медицина саласындағы Ресей мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың кеңеюі ғылыми және іскерлік байланыстарды нығайтып қана қоймай, пациенттердің игілігі үшін баға жетпес үлес қосады. Жаңа радиофармпрепараттарды қолдану – медицинаның шынымен дербестендірілген, тиімді әрі әр пациенттің өмір сүру сапасына бағытталған болашағына қарай жасалған тағы бір қадам.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -