«Қараша, желтоқсанмен сол бір екі айда» Алматы бригадасы алты жүзден астам жас сарбазбен толықты. Оңтүстік астанаға Отан алдындағы борышын өтеу үшін Қазақстанның барлық он жеті облысы мен республикалық маңызы бар Астана және Шымкент қалаларынан жас өрендер келді. Қазір олар Алматы облысы Жетіген кентіндегі оқу пунктінде алғашқы жауынгерлік мектептен өтіп жатыр. Ұлттық ұланға іріктелген сарбаздар әскер туралы ақпаратты әскери бөлімнің аумағына енбей жатып ала бастайды. Пойызға мінген олар оңтүстік астанаға жеткенше әскердің төл баспасы «Қалқан» газеті, «Бүркіт» журналдарын оқып, арнайы әзірленген брошюралардан Ұлттық ұланға жүктелген міндеттермен танысып келеді. Бозбалалардың әскермен алғашқы жақын танысулары да осы сапар үстінде басталады.
Жас толықтыруларды әскери бөлімнің қолбасшылығы қарсы алғаннан кейін, олар бірден сарбаздар моншасына түсіп, әскери формаларын алуға жіберілді. Әскери киімді алғаш киген сарбаздың сезімі ерекше болады. Өйткені жас бозбаланың өзін жауынгер сезінуі осы сәттен басталады.
Сонымен жас жауынгердің әскердегі өмірі басталып кетті. Әскерге келгендегі алғашқы әсері туралы Жезқазған қаласынан келген қатардағы Дамир Алимжанов былай баяндайды:
– Алғаш әскерге келген кезде, бірден үйреніп кеттім деп айтпаймын. Әскери тәртіпке, режимге үйрену үшін ерік-жігерді шыңдау керек болды. Әскер алдымен өзімді-өзім тәртіпке салуым керек екенін үйретті. Ер- азаматтың бойында болуы тиіс шыдамдылық, сабырлық, қиындыққа төзе білу, қанағатшыл болу сияқты қасиеттерді игеріп келе жатқанымды сезіне бастадым.
Менің әскерге келгендегі ең бірінші мақсатым – болашақта әскери қызметші болғым келеді. Бұл – менің бала кезгі арманым. Отан қорғау дегенді мен, ең алдымен, өз отбасымды қорғау деп түсінемін. Отан – отбасынан басталады дейді ғой халық нақылы. Менің отбасымда анам және соңымнан ерген інім бар. Мен әрқашан өз отбасыма қорған едім. Қазір әскери қызметке келіп, сарбаз болып сапқа тұрған соң, сол жауапкершіліктің салмағы артқанын сезіндім. Нағыз Отан қорғаушы болдым. Сол үшін де қуанамын. Мен анамның алдында ол мақтанып жүретіндей азамат болғым келеді.
Ұлытау облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департамент арқылы әскерге шақырылған Дамир Русланұлы осылай ағынан жарылды. Биыл жасы жиырмаға келген бозбала өзі туған қалада арнайы-орта білім алып, темір жол құрылысы, жол және жол шаруашылығы бойынша мамандық иесі болып шыққан. Әрі қарай еңбек жолын әскерде жалғастырып, еліне қызмет еткісі келеді.
Оқу пунктінің ашылғанына жиырма күндей ғана уақыт өтсе де, жұмыстың нәтижесі байқала бастады. Аз уақыт ішінде кешегі алаңсыз бозбала сымдай тартылып, бойын тіктеген сарбазға айнала бастаған. Саптық қадамдары да жинақталып қалған.
Жас сарбаздар отбасылық жағдайына, мінез-құлқына, жас ерекшеліктеріне және психологиялық жай-күйіне қарай зерделеніп, алдағы атқаратын қызметтеріне қарай іріктеліп жатыр.
Оқу пункті туралы сөз болғанда, оның басшысы подполковник Нұрлан Сүгірәлиев, оқу пункті бастығының орынбасары – штаб бастығы подполковник Дәурен Төлтаев, оқу пункті бастығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Фархат Ахметжанов, психологтар аға лейтенант Галима Сабазбекова, лейтенант Жанна Саржанова, қатардағы Балжан Рысбек, оқу пункті медицина қызметінің бастығы лейтенант Ақтолқын Төребекова және басқа офицер, сержанттардың еңбегін атап өту керек.
- Жас жауынгерлерді әскери қызметке бейімдеу үшін жасақталған оқу пунктіне тек білікті сардарлар мен сержанттар тағайындалған. Олар арнайы дайындықтан өткен. Сондай-ақ оқу пунктінде психолог жұмысының рөлі өте зор. Әр сарбазбен жеке әңгіме өткізеді, әрқайсысын зерделеп, тұлғаның танымдық қасиеттерін анықтау үшін түрлі психологиялық тест алады. Әскерге бейімделу кезеңінде психологтың сарбазға көрсетер көмегі үлкен, - дейді тәрбиеші офицер подполковник Фархат Ахметжанов.
Оқу пунктіне бөлімнің ардагерлері келіп, жас сарбаздармен әңгіме жүргізіп те үлгерді. Әйелдер кеңесінің мүшелері әр сарбазбен сөйлесіп, оларға әскери өмірдің тұрмысын түсіндіруде.
Оқу пунктінің толық жұмысы екі айға жуық мерзімде аяқталып, жас сарбаздар Отанына адал қызмет етуге ант береді.
Әскери ант қабылдаған сарбаздар әрі қарай қызмет ететін әскери бөліністеріне келіп, жеке қаруларын қабылдап алады. Екі апта бойы тағы да жауынгерлік қызметке дайындық мерзімінен өткен соң, оларға дербес қызмет атқаруға рұқсат беріледі. Осындай оқу, үйрету үдерісінің нәтижесінде, әскерге келген бозбала жан-жақты дайындықтан өткен толық сарбаз болып шығады. Ал олардың нағыз жауынгер болуына үлгі боларлық командирлері бар!
Запастағы подполковник Данара Баймағанбетова, Алматы қаласы