Мемлекеттік қызметтегі этика: өзекті мәселелер және оларды шешу жолдары

6633
Фотосурет: Gov

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде Әдеп жөніндегі комиссиясының кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Іс-шараға Агенттіктің аумақтық бөлімшілерінің басшылары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың аппарат басшылары, кадр қызметінің қызметкерлері, әдеп жөніндегі уәкілдері қатысты. 

Күн тәртібінде мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама бұзушылықтарын талдау нәтижелері талқыланды.

Ағымдағы жылдың басынан бастап 497 тексеру жүргізілді, оның қорытындысы бойынша 6 935 бұзушылық анықталды.

Талдау нәтижелері, мемлекеттік органдар лауазымдық нұсқаулықтарды әзірлеу, мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану, мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасуға конкурстық рәсімдер жүргізу және т.б. кезінде бұзушылықтарға жол берілетінін көрсетті.

Бұл ретте Ақтөбе және Павлодар облыстарының мемлекеттік органдарында конкурс рәсімдерін жиі бұзуға жол берілген.

Тәртіптік тәжірибедегі бұзушылықтардың ішінде қызметкер бұзушылық фактілерімен келіспесе де, қызметкерлерді қызметтік тергеу жүргізбестен тәртіптік жауапкершілікке тарту фактілері анықталды. Кейбір жағдайларда қызметкерлер тәртіптік комиссияның отырыстары туралы хабардар етілмеген. Бұл олардың өзін қорғау мүмкіндігін шектеп, құқығын бұзады.

Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану кезіндегі бұзушылықтардың басым бөлігі Ауыл шаруашылығы министрлігінде, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінде, сондай-ақ Ақмола, Алматы және Павлодар облыстарының мемлекеттік органдарында анықталған.

Жұмыс уақыты режимін сақтамау өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Мемлекеттік қызметшілер тиісті рәсімдеусіз үстеме жұмысқа тартылған. Өз кезегінде, үстеме жұмыстың есепке алынбауы қызметкерлердің еңбек құқықтарының сақталуын бақылауды қиындатып, олардың мотивациясына теріс әсер етуі мүмкін.

Жағдай жақсарту үшін Агенттік басшыларға, кадр қызметтеріне және әдеп жөніндегі уәкілдерге арналған практикалық құрал ретінде әдістемелік ұсынымдары бар мемлекеттік қызмет саласындағы жиі жол берілетін заңнамалық бұзушылықтар жинағын әзірледі.

Жинақта тексеру барысында анықталған бұзушылықтардың нақты мысалдары, олардың алдын алу бойынша ұсыныстар көрсетілген. Сондай-ақ кадрлық қызметтер мен әдеп жөніндегі уәкілдерге арналған мысалдар, кейстер және қадамдық іс-қимыл алгоритмдері ұсынылған.

Құжат типтік қателерді тез анықтап, олардың себептерін талдауға және  алдын алудың тиімді шараларын қолдануға мүмкіндік береді.

Отырыс барысында аталған әдістемелік ұсынымдар мемлекеттік органдарға алдағы жұмыста пайдалану үшін ұсынылды.

Сондай-ақ Әдеп жөніндегі комиссия отырысында Қарағанды қаласының және Алматы облысына қарасты Еңбекшіқазақ ауданының әкімдеріне қатысты тәртіптік істер қаралды.

Тексеру барысында Қарағанды қаласы әкімінің әрекеті әлеуметтік желілерде азаматтар тарапынан сынға себеп болғандығы анықталды. Анықталған фактілер негізінде Комиссия «ескерту» түрінде тәртіптік жаза қолдануды ұсынды.

Бұдан басқа, Еңбекшіқазақ ауданының әкіміне қатысты тәртіптік істі қарау кезінде құқыққа сыйымсыз қолдау көрсетуге қатысты жер қатынастары саласындағы бұзушылықтарға, сондай-ақ тиісті бақылаудың болмауынан жер қатынастары саласындағы жүйелі бұзушылықтарға жол берілгені анықталды.

Бұл әрекеттер мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық ретінде сараланды, осылайша оны атқаратын лауазымынан босату түрінде тәртіптік жаза қолдану туралы шешім қабылданды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -