Щучинск қаласында әскери жүк тасымалдауға арналған арнайы вагон таныстырылды

23595
Фотосурет: Gov

Ескі қарауыл вагондарының қайта жабдықталған нұсқасының іске қосылуы Қарулы Күштер Тыл бастығы басқармасы Әскери қатынастар бас басқармасының және «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы кәсіпорындарының арасындағы серіктестік нәтижесінде жүзеге асты, деп хабарлайды DKnews.kz.

Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған шараға Қорғаныс министрлігінің өкілдері, «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы, «Қазтеміртранс», «Бурабай локомотив-вагон жөндеу депосы» ЖШС өкілдері және әскери колледж кадеттері қатысты. 

Әскери оркестрдің сүйемелдеуімен теміржолға жаңа үлгідегі вагон, әскери тасымал және әскери техникасы бар платформа қойылды. 

– Бүгін біз Қарулы Күштер үшін маңызды оқиғаның куәсі болдық. Техникалық талаптарға сәйкес жабдықталған вагондардың іске қосылуы қарауыл қызметін айтарлықтай жақсартады. Қолданыстағы келісімшарт бойынша 2025 жылдың наурызына дейін біз осындай он вагон аламыз, – деп атап өтті Қарулы Күштер Тыл бастығының міндетін уақытша атқарушы полковник Әсет Оразалин. 

Салтанатты лента қию рәсімінен соң жиналғандар вагонның құрылымын, оның қосалқы бөліктерін қарап шықты. Тұрғынжайға арналған бөлікте ұйықтайтын орындар, санитарлық торап, киімге арналған бұрыш, пеш және су құятын бөшке бар. Техникалық бөлімде қару-жарақ сақтайтын жәшіктер мен оқ өтпейтін қорғағыштар, өрт сөндіру қалқаны, көмір мен құм жәшіктері орнатылған. Вагондағы электр жабдығы күннен қуат алатын батареялармен қамтамасыз етілген.

Шараға келушілер бұрын жүк тасымалдарын қорғау бойынша тапсырмаларды орындаған кезде уақытша қарауыл орналастырылған жылжымалы вагонмен жаңа вагонның жайлылығын салыстырып көрді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -