Абай облысында цифрлық форматта 4,5 мыңнан астам жасөспірім тіркелген

5258
Фотосурет: Gov

Абай облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті облыс әкімдігімен және өңірдің әскери прокуратурасымен бірге жергілікті әскери басқару органдарының цифрлық трансформациясы аясында әскери есепке алуды ұйымдастыру мәселелері бойынша семинар өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Отырыс облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Руслан Омаровтың басшылығымен өтті. Өзекті мәселелерді талқылауға оnline режимде Халыққа қызмет көрсету орталықтарының, аудандық және қалалық әкімдіктердің өкілдері де қатысты.

Департамент басшысы әскери саланы цифрландыру төңірегінде жүргізіліп жатқан жұмыстар және оның оң әсері жайлы баяндады. Оның айтуынша, цифрлық трансформация әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды есепке алу ережелеріне өзгерістер енгізуге мүмкіндік берді. 

Енді азаматтар тұрғылықты жерін ауыстырған кезде әскери комиссариаттардың немесе ХҚКО-ның табалдырығын тоздырудың қажеті жоқ, бұл деректер автоматты түрде өзгереді. Әскери қызмет өткермеген, оның ішінде 27 жасқа толған адамдарға әскери билеттер берілмейді. Оның орнына әскери міндетті мәртебесі беріледі, әскери есеп е-Gov порталының жеке кабинетінде көрсетіледі. 

Жұмысқа орналасу кезінде әскери қызметке қатысты анықтамалар алу үшін әскери комиссариатқа келудің қажеті жоқ. Жұмыс беруші бұл ақпаратты е-Gov ресурсында өзі көре алады. 

Негізгі өзгерістердің бірі 17 жастағы қазақстандыққа енді жеке ісімен әскери комиссариаттарға барудың қажеті жоқ. Енді тіркеу жүйедегі бар мәліметтер негізінде автоматты түрде жүзеге асырылады. Сондай-ақ зейнеткерлікке шыққан кезде әскери қызметті өткергенін растау туралы анықтама алу үшін әскери комиссариатқа барудың қажеті жоқ. Керек ақпарат зейнетақы төлемдерін есептеу жөніндегі уәкілетті органға беріледі.

Тағы бір жаңалық, егер «e-Gov» мәліметтерінде қате болса немесе кей ақпар жоқ болса, азаматтар растайтын құжаттарды қоса бере отырып, деректерді тікелей «e-Gov» порталы арқылы түзетуге өтініш бере алады. 

Полковник Руслан Омаровтың айтуынша, барлық жергілікті әскери басқару органдары цифрлық құжат айналымына ауыстырылған. Осылайша, аймақта 17 жастағы 4634 жасөспірім тіркелген.

Аталмыш жаңа формат ҚР Қорғаныс министрлігі ақпараттық жүйесінің басқа мемлекеттік органдардың электрондық ресурстарымен интеграциялық өзара іс-әрекетінің арқасында қолжетімді болып отыр.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -