Астанада «Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектебі» РМҚК бас директоры отставкадағы генерал-майор Әділбек Алдабергеновтің басшылығымен оқу-әдістемелік жиын өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Оған қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің бастықтары, әскери-техникалық мектеп филиалдарының директорлары, орынбасарлары мен мамандары қатысты.
Әскери-техникалық мектеп пен филиалдардың қызметі туралы отставкадағы генерал-майор Әділбек Алдабергенов және оның әскери-патриоттық жұмыс, қаржы-экономикалық қызмет және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі орынбасарлары баяндама жасады.
– Әскерге шақырылушыларды, елдің жұмылдыру ресурсын толықтыру үшін әскери оқытылған резервті, сондай-ақ Қарулы күштердің бөлімдері мен бөлімшелерінің жауынгерлік әзірлігін айқындайтын лауазымдарды толықтыру үшін механикалық көлік құралдарының жүргізушілерін сапалы дайындау – әскери-техникалық мектептер қызметінің маңызды басымдығы, – деп атап өтті Бас штабтың Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы полковник Нұрмаханбек Дүйсебаев.
Бұл мекемелерге әскери-патриоттық тәрбие беру тұрғысынан да маңызды рөл беріліп отыр. Жұмыстың осы бағыты туралы Қорғаныс министрлігі әскери-техникалық мектебі бас директорының орынбасары –Әскери-патриоттық тәрбие орталығының басшысы отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов айтып берді. Ол алдағы жылы еліміз Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтетінін еске салды. Сондықтан да әскери-техникалық мектептер Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақстандықтардың ерлігін мәңгі есте қалдыру жөніндегі жұмыстарға белсене кіріскеніне тоқталды.
– Бүгінде әскери-техникалық мектептерге жас ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беру орталықтарының рөлі берілді. Біз жастардың бойына Отанды қорғау туралы түсінік қалыптастырамыз. Олардың елі мен жері үшін пайдалы болуға деген ұмтылысын дамытамыз. Бұл мемлекеттің қорғаныс қабілетінің маңызды құрамдас бөліктерінің бірі, – деді М. Нағұманов.
2024 жылдың қорытындысы бойынша үздік филиалдар грамоталармен және ауыспалы вымпелдермен марапатталды. Бірінші орынды әскери-техникалық мектептің Семей филиалы, екінші орынды Қарағанды, үшінші орынды Ақтөбе филиалы иеленді.
2000 жылдан бері Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектебі 90 мыңға жуық әскери-техникалық маман дайындағанын айта кету керек.