ҚазҰУ – шекарасыз білім беру

24123
Фотосурет: ҚазҰУ

ҚазҰУ-дың ғылыми-зерттеу университетіне айналуына және интернационалдандыруға байланысты ЖОО халықаралық байланыстарды кеңейтуге аса үлкен мән беруде. 2022 жылы ҚазҰУ Батыс және Шығыс Еуропа, Солтүстік Америка, Азия және Тынық мұхиты өңірінің 552-ден астам жоғары оқу орындары және ұйымдарымен тығыз серіктестік байланыс орнатты, 2024 жылы олардың саны 700-ге жетті.

Тұрақты даму мәселелері ҚазҰУ стратегиясында басты орын алады. Қазақстандық жоғары оқу орындарының ішінде университет Тұрақты дамудың 17 мақсаты (ТДМ) бойынша Times Higher Education халықаралық рейтингтерінде тұрақты көшбасшы орын алады. Бұған климаттың өзгеруімен күресуге, су ресурстарын ұтымды пайдалануға және экологиялық білім беруді насихаттауға бағытталған жобалар кіреді. Университет жасыл технологиялар мен экология мәселелеріне арналған халықаралық конференциялар мен форумдардың алаңы.

Қазіргі уақытта университетте 27 мыңнан астам студент оқиды. Ағылшын тілінде 105 білім беру бағдарламасы іске асырылуда, бұл интернационалдандырудың жоғары деңгейін және білім беру қызметтерінің жаһандық нарығында бәсекеге қабілеттіліктің артқанын көрсетеді. ҚазҰУ-да білім берудің барлық деңгейлерінде 58 елден 4,3 мыңға жуық шетелдік студент оқиды. Оқу процесіне әлемнің 30 елінен 140-тан астам шетелдік профессор мен ғалымдар тартылған. Қалыптасқан интернационалды дәстүр түрлі мәдениеттер, оқыту тәсілдері мен ғылыми мақсаттар тоғысатын бірегей білім беру ортасын құрайды. Білім беру бағдарламалары әлемдегі кәсіптік білім беруді дамытудың ағымдағы үрдістеріне сәйкес үнемі жаңартылып отырады.

Университетте жүзеге асырылатын білім беру бағдарламаларының саны 573-ті құрайды, оның ішінде: бакалавриат – 144, магистратура – 284, докторантура – 145. Студенттердің қос диплом бағдарламалары бойынша оқуға мүмкіндігі бар. Осы бағдарламаларды іске асыру бойынша серіктестер арасында Лотарингия университеті (Франция), Ла Сапиенца университеті (Италия), Кадис университеті (Испания), М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті (Ресей) сияқты жоғары оқу орындарын атап өтуге болады.

Қазақстандық білім беру бағдарламалары мен ғылыми-зерттеу жобаларын ілгерілету мен кеңейтудің тиімді форматтарының бірі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филиалдарын басқа елдерде ашу болып табылады.

2022 жылдың мамыр айында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың Қырғыз Республикасына ресми сапары кезінде Бішкек қаласында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы ашылды, онда бүгінгі таңда 850-ге жуық студент оқиды. Оқыту бакалавриат пен магистратураның 13 білім беру бағдарламасы бойынша орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Жыл сайын филиал 300-ге дейін білім алушыны қабылдайды, сондай-ақ дарынды талапкерлер үшін ҚазҰУ-дың 10 гранты бөлінеді.

Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кіші комиссиясының 4-ші отырысында Омбы қаласында (РФ) Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалын ашу туралы шешім қабылданды. 2024 жылғы 27 қарашада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путин Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филиалының ашылу салтанатына онлайн қатысты. 2023 жылы МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы ашылды. Ғылыми-зерттеу қызметінің негізгі бағыттары мен нәтижелері анықталды. Ондағы басты бағыттар: «Ядролық энергетика және жылу физикасы», «Материалтану және материалдар технологиялары», «Жүйелік талдау және басқару», «Атом станциялары: жобалау, пайдалану және инжиниринг».

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары аясында 2023 жылдың мамыр айында ҚазҰУ базасында Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалын ашу туралы келісімге қол қойылды. Осы келісім негізінде 12 қазанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚХР Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалы ашылды. Филиалдың қызметі негізгі «Электроника және коммуникациялық технологиялар», «Материалтану және инженерия», «Компьютерлік ғылымдар және технологиялар» білім беру бағыттары бойынша магистратураның қосдипломды бағдарламаларын іске асыруға бағытталатын болады.

Халықаралық ғылыми ынтымақтастық ғылыми білімді дамыту мен бөлісудің ең тиімді әдістерінің бірі болып табылады және зерттеушілердің ғылыми ықпалының өсуіне түрткі болады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 90 жылдық мерейтойы машина жасау, автоматика және энергетика саласындағы өнеркәсіптік сектор тарапынан сұранысқа жауап беретін Chemical Coatings Innovations ғылыми-өндірістік орталығының ашылуынан басталды.

2024 жылғы 7 наурызда Шыңжаң экология және география институтымен бірлесіп география және табиғатты пайдалану факультетінде қашықтықтан зондтау технологиялары және оларды қолдану бойынша бірлескен зертхана (Sino-Kazakhstan Joint Laboratory for Remote Sensing Technology and Application) ашылды. Сондай-ақ аталған факультетте 10 жаңа зертхана ашылды. Онда қоршаған ортаның жаһандық өзгеруіне мониторинг, Қазақстан өңірлерін тұрақты дамыту мақсатында табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану үшін жасыл технологияларды әзірлеу және оны енгізу жүргізіледі.

Халықаралық іс-шараларды ұйымдастыру мәдени және білім беру байланыстарын нығайтуда, академиялық ынтымақтастықты қалыптастыруда және ұлттық имиджді ілгерілетуде шешуші рөл атқарады. Бұл іс-шаралар тәжірибе алмасуға, байланыс орнатуға және жаһандық аренада бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бірегей мүмкіндіктер береді. Университетте жоғары білім беру мәселелеріне арналған QS Higher Education: Asia Pacific 2024 пре-саммиті өтті. QS Азия-Тынық мұхиты саммитінің 20 жылдығына орай ұйымдастырылған бұл халықаралық іс-шара білім беру саласындағы жетекші сарапшыларды жинады.

2024 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өткен «Кампустағы кампус» жыл сайынғы отырысы қатысушылардың ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықты дамытуға қатысты ұсыныстары мен бастамаларын талқылаумен жалғасты.

Одан бөлек, түркі әлемінің алғашқы халықаралық жастар форумы өтті. Оған 25 елден 200-ге жуық жастар қатысты. Бұл іс-шаралар ҚазҰУ-дың халықаралық деңгейде білім мен ғылымның негізгі мәселелерін талқылауға арналған алаң ретіндегі рөлін атап көрсетеді.

ҚазҰУ тек білім беру мекемесі ғана емес, ғылым мен қоғам, инновациялар мен дәстүрлер, отандық және әлемдік ғылым арасындағы көпір болуға ұмтылады. Бүгінгі таңда университет көшбасшылардың, зерттеушілердің және әлемді жақсы жаққа өзгертуге дайын мамандардың жаңа буынын шабыттандыратын стандарттарды белгілейді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -