ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференцияcында табысы аз азаматтарды әлеуметтік қорғау шаралары және 2025 жылдан бастап енгізіліп жатқан атаулы әлеуметтік көмекті (бұдан әрі – АӘК) тағайындаудың жаңа тәсілдері туралы айтты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Вице-министр сөз басында жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен төмен отбасыларға азаматтарды қиын өмірлік жағдайдан шығару үшін кешенді қолдау көрсетуге бағытталған АӘК берілетінін атап өтті.
АӘК мыналарды көздейді:
- шартсыз және шартты негізде тоқсан сайын берілетін ақшалай төлем. Еңбекке қабілетті мүшелері жоқ отбасылар шартсыз көмек, ал құрамында жұмысқа орналаса алатын кем дегенде бір еңбекке қабілетті мүшесі бар отбасылар шартты көмек алады;
- жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары. АӘК тағайындаудың барлық кезеңіне отбасымен әлеуметтік келісімшарт жасалады. Келісімшартты бұзу әлеуметтік көмек төлеуді тоқтату және келесі 6 айда АӘК тағайындаудан бас тарту үшін негіз болып табылады;
- табысы аз отбасылардың 1 жастан 6 жасқа толған балаларының әрқайсысына 1,5 АЕК (5 538 теңге) мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру.
2024 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша АӘК 36,2 млрд теңге сомасына 77,6 мың отбасындағы 411,3 мың адамға тағайындалды. Қосымша төлем АӘК алушылар арасынан 128,8 мың мектепке дейінгі жастағы балаларға 5 млрд теңге сомасына тағайындалды.
«Алушылардың 55%-ы қалалық жерлерде, ал 45%-ы ауылдық жерлерде тұрады. Өңірлер бөлінісінде АӘК алушылардың көбі Түркістан облысында – 20,3%, Шымкент қаласында – 11,3%, Қызылорда облысында – 8,2%, Алматы облысында – 7,9%, Жамбыл облысында – 7,5% және Жетісу облысында – 7% байқалады. Бұл өңірлерде алушылар саны 62,2%.
Әлеуметтік мәртебелер бөлінісінде АӘК алушылар арасында көбі балалар – 273,9 мың адам немесе 66,6%. Сондай-ақ алушылар қатарында өтініш берген сәтте жұмысы бар адамдар – 14,3%, балаларға, мүгедектігі бар адамдарға, қарттарға күтім жасайтын адамдар – 12,2%, студенттер – 3,9%, жұмыссыздар – 1,4% және басқа санаттағы адамдар – 1,6%», – деп хабарлады Олжас Анафин.
Вице-министр АӘК-тің басты мақсаты еңбекке ынталандыру және еңбекке қабілетті азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына тарту арқылы табысы аз отбасыларды кедейлік жағдайынан шығару болып табылатынын атап өтті.
«Осы жылы еңбекке қабілетті 97,6 мың АӘК алушының 59,4 мыңы жұмыс істейді, 32,5 мыңы күтіммен айналысады, 5,7 мың адам жұмыссыз.
Әлеуметтік келісімшартты енгізудің арқасында еңбекке қабілетті 16 мың адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылды, оның ішінде 11,2 мың адам немесе 70% тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды; 3,5 мың адамға немесе 22% уақытша жұмыспен қамту шаралары көрсетілді; 426 адам (2,5%) кәсіпкерлік бастаманы дамыту үшін гранттар алды; 300 адам (1,9%) біліктілікті арттыру, қайта даярлау және қайта оқыту курстарына жіберілді», – деді Олжас Анафин.
2023 жылы табысы аз отбасыларға кешенді қолдау көрсету бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде өткен жылы АӘК алушылар қатарынан 54,3 мың адам кедейлік жағдайынан шықты. Осы жылы кедейлік жағдайынан шыққандар саны 52,5 мың адамды құрады.
«Өздеріңіз білетіндей, 2023 жылы Отбасының цифрлық картасы (бұдан әрі – ОЦК) іске қосылды, ол 84 параметр негізінде қазақстандық отбасылардың әл-ауқатының деңгейін анықтайды. ОЦК деректері негізінде мемлекеттік органдар мен әкімдер әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламаларын әзірлеу үшін өңірлердегі ахуалды талдай алады.
Биыл әлеуметтік әл-ауқат деңгейінің көрсеткіштері бойынша ОЦК-да D және E санаттарына жатқызылған отбасылар санын азайту бойынша әкімдердің KPI енгізілді. Әкімдер мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп отбасыларды дағдарыс және мүшкіл санаттардан неғұрлым қолайлы санаттарға көшіру жөнінде шаралар қабылдауда. 2024 жылғы 17 желтоқсандағы жағдай бойынша аталған контингенттің саны 15 %-ға азайды», – деп атап өтті вице-министр.
Ол сондай-ақ ҚР Әлеуметтік кодексіне сәйкес 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап АӘК тағайындау үшін кедейлік шегі халықтың медиандық кірісінен айқындалатынын хабарлады.
«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ұлттық статистика бюросымен бірлесіп ОЦК деректері бойынша тоқсан сайынғы медиандық кіріс мөлшеріне есептеулер жүргізді. Олардың нәтижелері бойынша кедейлік шегі медиандық кірістің 35% деңгейінде, бірақ қазіргі деңгейден төмен емес, яғни өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінің 70% деңгейінде айқындалған.
Кедейлік шегін анықтауда медиандық кірісті енгізу атаулы әлеуметтік көмек мөлшерінің азаюына әкелмейтінін атап өту маңызды. Сонымен қатар, АӘК алушылар саны 755 отбасына немесе 3,8 мыңнан астам адамға өсуі мүмкін деп болжануда», – деді Олжас Анафин.
Вице-министр 2025 жылы материалдық жағдайды зерттеу негізінде отбасылардың АӘК көрсетуге мұқтаждығы туралы қорытындылар шығаратын учаскелік комиссиялардың қызметін цифрландыру жүзеге асырылатынын айтты. Бұл комиссиялар үшін FSM Social мобильді қосымшасы жасалды. Оның артықшылығы: геолокацияны анықтау (өтініш берушінің нақты географиялық орны); жедел шешім қабылдау және қорытынды шығару рәсімін оңайлату; зерттеу жүргізу және шешім шығару кезінде формальды тәсілді алып тастау болып табылады. Мобильді қосымша пилоттық режимде Алматы облысының Қонаев қаласында сыналды. 2025 жылғы қаңтардан бастап FSM Social қосымшасын бүкіл ел бойынша енгізу жоспарлануда.
Ол сондай-ақ а.ж. 7 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы нақты мұқтаж азаматтардың жиынтық кірістері мен шығыстарын айқындауды ескере отырып, халыққа әлеуметтік көмек көрсету тетігін жетілдіру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырғанын еске салды.
«Осы тапсырманы орындау үшін ҚР Әлеуметтік кодексіне түзетулер әзірленіп, Үкіметтің қарауына жіберілді. АӘК тағайындау кезінде азаматтардың мынадай шығыс түрлерін ескеру ұсынылады: тұрғын үйді және (немесе) жеңіл автокөлікті меншікке сатып алу; ипотекалық қарызды қоспағанда, отбасының әрбір мүшесіне айына бір ең төмен күнкөріс деңгейінен жоғары мөлшерде банктік қарыздар және (немесе) микрокредиттер ресімдеу; адамның (отбасының) банктік шоттары бойынша жиынтығында отбасының әрбір мүшесіне айына кедейлік шегінен асатын шығыс операцияларының болуы; ипотекалық депозитті қоспағанда, бір отбасына 200 АЕК-тен астам мөлшердегі жинақ салымының, депозиттің болуы.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап АӘК-ке үміткер азаматтардың шығыстарын есепке алу тетігін олардың келісімін ала отырып, сынақтан өткізу жөніндегі пилоттық жобаны іске қосу жоспарлануда», – деді Олжас Анафин.
Сондай-ақ, вице-министр АӘК тағайындау кезінде екінші деңгейдегі банктерден азаматтардың кірістері мен шығыстары туралы мәліметтер алу алгоритмі туралы айтты.
«Өтініш беруші АӘК алу үшін уәкілетті органға жүгініп, пилоттық жобаға қатысуға өтініш береді. Осыдан кейін өтініш берушінің отбасы құрамына кіретін барлық кәмелетке толған адамдарға жеке телефон нөмірлеріне 1414 нөмірінен sms-хабарлама жіберіледі, оған олар бір жұмыс күні ішінде жауап беруге тиіс.
Ақша қаражатының қозғалысы туралы ақпаратты жинау өтініш берушіден және оның отбасы мүшелерінен мемлекеттік органдар мен екінші деңгейдегі банктердің ақпараттық жүйелері арқылы жиынтық түрде келісім алғаннан кейін ғана жүзеге асырылады. Егер банктік шоттар бойынша шығыс операцияларының мөлшері кедейлік шегінен аспаса, онда АӘК қолданыстағы заңнамаға сәйкес тағайындалады», – деп түсіндірді ол.