Астана қаласындағы Музыкалық жас көрермендер театрында жазушы, драматург Дулат Исабековтің шығармасының желісімен әзірленген «Гауһартас» музыкалық драмасы 250-рет сахналанды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қойылымды Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған бір топ сенатор арнайы барып, тамашалады. Палата Спикері спектакль мен жазушының жалпы шығармашылығы отбасын сақтау, барды бағалау сияқты адамгершілік құндылықтарды дәріптейтінін атап өтті. Тәлімі мен тағылымы ешқашан ескірмейтін, сол арқылы әлі талай буынға өнеге беретін мұндай туындылар ұлттық әдебиеттің және мәдениеттің құнды қазынасы екені анық.
Айта кетейік, «Гауһартас» музыкалық драмасы – «UMAI-2023» ұлттық сыйлығының «Театр өнері» аталымы бойынша «Үздік спектакль» атанған алғашқы қойылым. Спектакльдің қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Музыкалық жас көрермендер театрының директоры, білікті ұстаз Асхат Маемиров.
Дулат Исабековтің «Гауһартас» повесі 1967 жылы жазылған. Шығармада отбасылық құндылықтың маңызы және әйелді құрметтеу сияқты қазіргі кезде де өте өзекті саналатын тақырып қозғалады.