Астанада әлемнің рухани мұрасына арналған екі бірегей көрме ашылды

2750
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Gov

2025 жылдың 1 тамызынан бастап Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайы – діндер мен мәдениеттер үндестігінің нағыз ордасына айналды. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII Съезі қарсаңында мұнда бір уақытта екі халықаралық рухани-мәдени көрме – «Турин Кебіні» және «Қасиетті кітаптар» көрмелері ашылып, келушілерге рух пен тарихтың терең сырын паш етті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Екі көрме – бір мақсат

Бұл қос көрменің басты мақсаты – түрлі діни конфессиялардың бай мұрасын кеңінен көрсету арқылы қоғамда дінаралық түсіністік пен өзара құрметті нығайту. Сонымен қатар, келушілерге адамзаттың рухани тамырларына тереңірек үңіліп, діндер тарихының мәдени және танымдық қырларын жаңаша пайымдауға жол ашу.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева шараның ашылуында көрмеде ұсынылған жәдігерлердің маңызына ерекше тоқталып, оларды жай ғана тарихи артефакт емес, бүкіл адамзаттың рухани және мәдени мұрасын жеткізуші құндылықтар ретінде атады:

«Мұндай бірегей тарихи мұраларды сақтап, оларды терең зерделей отырып, біз өзара түсіністікке, рухани бірлікке және мәдени диалогқа негізделген берік болашақтың іргетасын қалай аламыз».

Сондай-ақ министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дін туралы айтқан сөздерін еске салды:

«Дін әрқашан білім беру қызметін атқарғанын және Құран, Інжіл, Тәурат және басқа да көптеген рухани кітаптар әрқашан гуманизм мен бейбітшілік идеяларына қанық болғанын» Президент өз Жолдауында атап өткен.

«Турин Кебіні»: тарих пен сенім тоғысқан нүкте

Христиан әлеміндегі ең танымал жәдігерлердің бірі саналатын «Турин Кебіні» көрмесі алғаш рет Қазақстанда көрсетіліп отыр. Аңызға сәйкес, осы матамен шегеленіп тұрған Иса Мәсіхтің денесі оралған. Қасиетті жәдігерге деген қызығушылық тек сенім тұрғысынан ғана емес, ғылыми зерттеулермен де тығыз байланысты.

Көрмеге келген қонақтар кебіннің дәлме-дәл көшірмесін, 27 тақырыптық ақпараттық панельді, тарихи артефактілерді, бейнематериалдар мен иллюстрациялық брошюраларды тамашалай алады.

Қазақстан Православ шіркеуінің басшысы, Астана және Қазақстан митрополиті Александр:

«Турин Кебіні» көрмесі көпшілікті осы атақты археологиялық жәдігердің тарихы мен ғылыми зерттеулерімен таныстырады. Бұл бірегей жәдігер көне заманнан бүгінге дейін ғылыми қауымдастық пен қажылардың назарын аударып келеді».

«Kirche in Not» халықаралық қорының атқарушы президенті Реджина Линч:

«Турин Кебінін көбіне «бесінші Інжіл» деп те атайды және христиан әлеміндегі ең қымбат жәдігерлердің бірі саналады. Сонымен қатар, бұл – қазіргі уақытта ең көп зерттелген объектілердің бірі. Қазақстанда аталмыш көрменің өтуіне үлес қосу – біз үшін үлкен мәртебе».

«Қасиетті кітаптар» көрмесі: адамзаттың жазбаша жауһарлары

Екінші көрме – «Қасиетті кітаптар» – әлемдік діндердің қасиетті мәтіндері мен сирек кездесетін қолжазбаларын қамтиды. Экспозицияда әртүрлі тарихи кезеңдерге тиесілі 50-ге жуық жазба мен кітап қойылған. Олардың арасында:

  • VII ғасырдағы Құран қолжазбасы,
  • XIX ғасырдағы сирек Інжіл нұсқалары,
  • Кенесары ханға тиесілі Құран кітабы,
  • Талмуд, Тора және буддистік жазбалар бар.

Бұл көрме – тек діни мәтіндердің жиынтығы емес, ол – әр дәуірдің адамзатқа қалдырған рухани хаты іспетті.

Қазақстан – рухани келісімнің үлгісі

Қазақстандағы дінаралық татулық пен ынтымақ әлемге үлгі болып келеді. Бұл пікірді көрменің халықаралық қонақтары да қуаттай түсті.

Қазақстандағы Апостол Нунцийі, Архиепископ Георг Панамтхундила:

«Бұл көрменің Қазақстанда, дінаралық келісімге, бейбітшілікті насихаттауға құрметпен қарайтын елде ұйымдастырылғаны өте орынды. Осыған байланысты Қасиетті Тақтың атынан Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолдауы үшін зор ризашылығымды білдіремін».

Астанадағы Әулие Мария Рим-католик архиепархиясының Архиепископ-метрополиті Томаш Бернард Пета:

«Киелі жәдігерлер көрмесінің ел астанасында және еліміздің өзге де ірі қалаларында ұсынылуы – Қазақстанда діни бостандық бар екенін, түрлі діндер арасында жемісті ынтымақтастық қалыптасқанын, халқымыздың бірлігін нығайтуға деген ұмтылыстың барын көрсетеді. Көрменің сәтті өтуі – Қазақстан халқының руханиятына үлес қосып, мәңгілік құндылықтарға негізделген бейбіт даму жолын таңдаған елімізге Құдайдың берекесі болғай».

Рухани мұраға жақындаудың сәті

Бейбітшілік пен келісімді, сенім мен парасатты дәріптейтін бұл көрмелер 2025 жылдың 25 қыркүйегіне дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында елорда тұрғындары мен қонақтары адамзаттың діни, мәдени және рухани тарихымен тереңірек танысып, әрбір жәдігерден өзіне рухани ой түйе алады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -