Қазақстан Ұлттық Банкі азаматтарды жеке деректер мен банк шоттарына қол жеткізуді көздеген алаяқтардың жаңа әдістері туралы ескертеді. Соңғы айларда психологиялық және инновациялық әдістерді қолданатын алаяқтық оқиғаларының саны артты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Алаяқтық схемалары: алаяқтар қалай әрекет етеді?
- "Гүл арқылы алдау"
Алаяқтар жіберушісі көрсетілмеген гүл шоқтарын жібереді. Гүлді алғаннан кейін олар өзін курьерлік қызметтің қызметкері ретінде таныстырып, жеткізуді растау үшін келген SMS хабарламасындағы кодты айтуын сұрайды. Осылайша алаяқтар жеке деректерге қол жеткізеді. - Пошталық сәлемдемелер арқылы алдау
Азаматтарға поштадан сәлемдеме алу туралы хабарлама немесе зиянды сілтемелер келеді. Сәлемдеме алу үшін жеке деректерін енгізуді сұрайды. Нәтижесінде алаяқтар телефондағы жеке деректерге, соның ішінде банк қосымшаларына да қол жеткізеді. - Зиянды файлдарды тарату
Мессенджерлерде сурет ретінде көрінетін зиянды файлдар таратылады (.APK кеңейтімі). Оны ашқан кезде құрылғыға орнатылатын бағдарлама іске қосылады. Бұл алаяқтарға мобильді құрылғыны басқаруға және оны бұғаттауға мүмкіндік береді. - Жасанды интеллектті пайдалану
Алаяқтар жасанды интеллект технологияларын да қолданады. Олар жақын адамдардың дауысы мен бейнесін имитациялайды. Содан кейін өзін туысқаны немесе танысы ретінде таныстырып, ақша аударуды, сілтемені ашуды, қосымша жүктеуді немесе жеке деректерді беруді сұрайды.
Ұлттық Банктің ұсыныстары
Мобильді құрылғыларды пайдалана отырып жасалатын алаяқтық жағдайларының көбеюіне байланысты Қазақстан Ұлттық Банкі азаматтарды келесі қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады:
- Жеке ақпаратты бөгде адамдарға бермеңіз.
- Күдікті қоңырауларға сенбеңіз және алынған сұраулардың түпнұсқалығын қайта тексеріңіз.
- Күмәнді сілтемелерге өтпеңіз және бейтаныс файлдарды ашпаңыз.
- Қашықтан қол жеткізуге арналған қосымшаларды орнатпаңыз, мысалы: HopToDesk, RustDesk, RUDesktop, AnyDesk, TeamViewer және т.б.
Егер сізге мемлекеттік органның немесе Қазақстан Ұлттық Банкінің қызметкері ретінде таныстырған адамнан қоңырау түссе, әңгімені үзгеніңіз дұрыс және ресми телефон нөмірі арқылы ұйымға өзіңіз хабарласыңыз.
Алаяқтықпен бетпе-бет келген жағдайда не істеу керек?
Егер сіз алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, дереу Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына тиісті өтінішпен жүгінуіңіз керек.
Қосымша ақпарат пен кеңес алу үшін Қазақстан Ұлттық Банкінің Контакт-орталығына 1477 қысқа нөмірі арқылы хабарласуға болады.
Ұлттық Банк сіздің мұқияттылығыңыз бен сақтығыңыз жеке деректер мен қаржыңызды қорғаудағы басты құрал екенін ескертеді.