Халықаралық деңгейдегі марапат

7766
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Астана қаласындағы «Аманат» партиясының ғимаратында Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының жылдық қорытынды жиыны өтті. Бұл іс-шара елдің рухани құндылықтарын дәріптеп, дәстүрлі өнердің дамуына үлес қосқан тұлғаларды марапаттауға арналды.

Осы айтулы жиында Солтүстік Қазақстан облысынан келген Ұлттық ұлан Академиясының мұражай филиалының басшысы Жұмабек Қайыртайұлы Рахимов ерекше құрметке ие болды. Ол Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның Құрмет грамотасымен марапатталды. Марапатты «Аманат» партиясының депутаты, белгілі ақын Аманжол Әлтаев салтанатты түрде табыстады.

Жұмабек Қайыртайұлы ұзақ жылдар бойы ұлттық құндылықтарды сақтап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу жолында аянбай еңбек етіп келеді. Оның еңбегі Ұлттық ұлан Академиясында тарихи мұраны зерттеу, жинақтау және насихаттау жұмыстарымен тікелей байланысты. Академия мұражайы арқылы курсанттар мен қонақтар еліміздің тарихы және рухани байлығымен таныса алады.

Салтанатты марапаттау рәсімінде Жұмабек Қайыртайұлы алғыс сөз сөйлеп, өз алғысын білдірді:

“Мені осындай жоғары марапатқа лайық деп тапқандарыңызға үлкен рақметімді айтамын. Бұл — менің жеке еңбегімнің ғана емес, бүкіл Академия ұжымының жемісі. Ұлттық құндылықтарды сақтау мен насихаттау – әрбіріміздің борышымыз. Алдағы уақытта да халқымыздың тарихын, мәдениетін және батырлық рухын дәріптеуге аянбай еңбек ете беремін. Осындай мүмкіндікті сыйлаған Академия басшылығына, әріптестеріме, сондай-ақ бүгінгі іс-шараның ұйымдастырушыларына шын жүректен ризашылығымды білдіремін.”

Бұл Құрмет грамотасы – Жұмабек Қайыртайұлының ғана емес, сондай-ақ Ұлттық ұлан Академиясының да абыройы. Академия басшылығы мен ұжымы оны осы жоғары марапатымен шын жүректен құттықтап, шығармашылық табыстар тіледі.

Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының қорытынды жиыны Қазақстанның рухани өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі болды. Мұндай іс-шаралар ұлттық өнерді қолдап, мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалауға мүмкіндік береді.

Қатардағы Маржан Талапкер

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -