Қорғаныс министрі Жеңістің 80 жылдығына арналған парадқа дайындық барысын тексерді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов 68665 әскери бөліміне барып, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадқа қатысатын әскери қызметшілер мен техникалар орналасқан далалық лагерьлерді аралады.
Бөлімнің аумағында екі апта ішінде 5000 адамға арналған шатырлы қалашық орналастырылды. Қазіргі уақытта мұнда 186 тұрғынжай шатыры, 11 шаруашылық заттарымен жабдықтау пункті, 12 тұрмыстық қызмет көрсету шатыры, жеті далалық монша, далалық госпиталь, автопарк және техникаға арналған жөндеу-қалпына келтіру пункттері орнатылған.
Қорғаныс министрі тұрғын үй, медициналық және техникалық аймақтарды аралап, әскери қызметшілердің тұрғылықты жайларын, оған қоса қару-жарақ пен әскери техниканың күтіп-ұсталуы мен оларға қалай қызмет көрсетілетінін көрді.
Қорғаныс ведомствосының басшысы парадқа сапалы дайындық бойынша лауазымды тұлғаларға бірқатар тапсырмалар беріп, әскери тәртіпті сақтаудың, қатысушылардың қажеттіліктерін қамтамасыз етудің, атап айтқанда тұратын жердің және дұрыс тамақтанудың маңыздылығын атап өтті.
Бүгін парадқа қатысушыларды қабылдауға дайындық 100%-ды құрайды.
«Парадқа дайындық басталғалы көп уақыт болды. Әскери бөлімдерде іріктеу жұмыстары мен сабақтар өткізілді. Қазір техника мен жеке құрамды үйлестіру және бірлескен жаттығулар үшін Астанаға жеткізу іске асырылып жатыр» Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев
Естеріңізге сала кетсек, 26 наурызда Ақтаудан парадқа қатысушылардың алғашқы легі – «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 170-тен астам теңіз жаяу әскері келді. Жақын арада оларға Қарулы күштердің басқа да әскери құрамалары мен бөлімшелері қосылады.
Биыл шеруге 24 парадтық есептоп қатысады. Қатысушылардың жалпы саны 4 мыңнан асады, оның 200-ден астамы – әскери қызметші қыз-келіншектер. Механикаландырылған лекте 300-дің үстінде жауынгерлік және арнайы техника бірлігі сап түзеп жүріп өтеді, олардың қатарында тарихи кезеңді көрсететін техника үлгілері де бар. Әуе шеруіне әр түрлі типтегі 66 ұшу аппараты қатысады.
Парад есептоптарының негізгі құрамын Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Құрлық әскерлері құрайды. Салтанатты саптық шеруге Мемлекеттік күзет қызметінің, ІІМ Ұлттық ұланының, ҰҚК Шекара қызметінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің лектері де қатысады.