Белгілі жазушы Әлібек Қаңтарбаев Ұлттық ұлан сарбаздарына шығармашылық жолы, өмірінен алынған қызықты сәттері жайында әңгімеледі, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстан жазушылар және журналистер одағының мүшесі, Қазақстан жазушылар одағының ШҚО филиалының төрағасының өмір жолымен, балалық шағы, студенттік өмірі, шығармашылық әлеміндегі алғашқы қадамымен танысып, туған ауылы Катонқарағай өңірінің тылсым табиғатын, бір күндік тыныс-тіршілігін сипаттайтын ерекше ақпараттарға қанық болды. Мерзімді әскери қызметшінің айтуынша, өскелең өңірдің осындай белді азаматтарымен әңгімелесу – рухани жағынан серпін беретін тартымды тәжірибе.
Шырайлы кеш барысында сарбаздар жазушы шығармашылығынан алынған туындыларды мәнерлеп оқыды.
"Ұлттық ұлан сарбаздары әрдайым жауынгерлік қызмет атқарады. Ал жауынгерлік қызметте дене даярлығы алдыңғы орында тұрады. Дегенмен, мерзімді әскери қызметшілердің рухани құндылығын арттырып отыруды да әсте ұмытпаған абзал. Сондықтан, жергілікті жазушы мен сарбаздар арасында өткен диалогтың беретің тәлім-тағылымы мол. Отан алдындағы борышын атқарып жүрген сарбаздармен кездесіп, олардың мазалаған сұрақтарына барынша ауқымды және мардымды түрде жауап берген Әлібек Қаңтарбаевқа айтар алғысым шексіз" 5518 әскери бөлімі клубының бастығы капитан Молдияр Әбдіғаппаров
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінде өткен кездесуде жазушы алғашқы тырнақалды туындысының қалай жарыққа шыққандығын баян етті. Кеш кейіпкерінің болмысын ашу үшін шығармашылығының негізгі өзегіне айналған көркем туындыларынан жасалған кітап көрмесі әскери қызметшілер назарына ұсынылды. Шара соңына өнер иесімен кездесу барысында ұтымды пікір айтып, айшықты көзқарас танытқан сарбаздарға жазушы қолтаңбасы қойылған кітаптарын табыстады.