Басты міндет – жауынгерлік әзірлік

8415
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Бұл жолғы біздің кейіпкеріміз Ұлттық ұланның Академиясын аяқтап, әскери бөлімде қызмет атқарып жүрген жас офицер жайлы болмақ.

Лейтенант Дастан Тұңғышбаев 6637 әскери бөлімінің Жауынгерлік қамтамасыз ету ротасы командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары лауазымында қызмет етеді. Ол 2002 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектепте білім алған. 2019 жылы мектеп бітірген соң, қазіргі Ұлттық ұлан академиясына қабылданған. 2023 академияны ойдағыдай аяқтаған курсант «Орталық» өңірлік қолбасшылығының бұйрығымен Петропавл қаласындағы әскери бөлімнің 2 жедел мақсаттағы ротасының 3 взвод командирі лауазымын атқаруға жіберіледі. 2024 жылдың күз айында қазіргі лауазымға тағайындалған. 6637 әскери бөліміне барған сапарымызда лейтенантпен аз-кем сөйлестік.

«Мен бұған дейінгі лауазымымда өзіме бекітілген жеке құрам сарбаздарына әскери тәрбие беруге, оларды ұдайы жауынгерлік әзірлікте ұстауға міндетті болдым. Взвод командирі ретінде солдаттардың моральдық-психологиялық жай-күйіне де мән беруге тиіс едім. Жауынгерлік дайындық, әскери тәрбие жұмыстары, мемлекеттік құқықтық дайындық сабақтарын да өткіздім. Мен үшін басты міндет – сарбаздардың жауынгерлік қабілетін шыңдау болды. Жаңа лауазымға жақында ғана тағайындалдым. Онда жоғарыда аталған міндеттер де бар, бірақ олардың көлемі ұлғая түсті. Әсіресе жауынгерлердің әскери тәрбиесіне және жай-күйіне көңіл бөлемін», - деді Дастан Тұңғышбаев.

Дастанды ата-анасы кішкентайынан әскери адам болуға тәрбиелеген. Кейін өзінің де құлшынысы артып, үстіне форма киуді мақсат етеді.

«Осыдан 10 жыл бұрын әкем қайтыс болды. Сондықтан үйдің барлық ауыртпалығын көтеруге мәжбүр болдым. Сол себепті табыс табу үшін жұмыс істеп, анама көмектестім. Мұндағы мақсат, күн көрістен де маңызды болды, екі әпкемді қатарынан қалдырмауға барымызды салдық. Сондықтан мектептегі білімді қанағат тұтып, қосымша ізденіс жасауға мүмкіндік бола бермейтін. Ал оқуымды аяқтағаннан кейін орыс және ағылшын тілінде жазылған адамдар арасындағы коммуникация туралы кітаптарды оқып жүрмін. Психология тақырыбы қаттырақ қызықтырады»,- деді кейіпкеріміз.

Бала күнінен тәртіпке құмар жігіт үшін бәрі өз уақытында, өз орнымен болуы керек еді. Егер ортақ тәртіптің бұзылғанын байқаса, іштей ызаға булығатын. Бұл оның әділдікке әуес, адалдыққа жақын табиғатынан сыр берсе керек.

«Әкем сыпайы, салмақты, көп сөйлемейтін адам ретінде есімде қалды. Өмірден өтер алдында бір жыл ауырды. Қазір өзімнің әкеме ұқсай бастағанымды байқадым. Ал анам 1976 жылы өмірге келген. Жеке кәсіпкер. Саудамен шұғылданады. Қазір Шымкент қаласында өз анасымен өмір сүріп жатыр. Ал мен әскери бағытқа қадам басқалы бері теріскейде жүрген жайым бар. Туған жерге қарай барсам деген ой бәрінде де болады. Сондада да өзіңе бөтен қалада қызмет еткен ыңғайлы. Той-жиындар көп болмайды. Лауазымыңның өсуіне септігін тигізеді. 17-21 жас аралығындағы ең қызықты шағымды казармада өткізгендіктен туыс-туғанның арасына барып, қызмет ету өзіме де қызық болар еді. Бірақ кәсіби маман ретінде оның кедергі келтірер тұстары барын да түсінемін», - деді лейтенант.

Оның қарауындағы сарбаздар жауынгерлік қызмет атқару барысында қоғамдық тәртіпті бұзған азамат-азаматшаларды жиі ұстайды. Кейіпкеріміздің өзі де әскери жасақ кезекшісі болып қызмет ететін кездері болады. Оның айтуынша, бір күнде қала көшелерінде 10-15 тәртіп бұзушылық анықталып жатады. Ал кейде бұл көрсеткіш төмендейді.

Әңгіме барысында жас офицер әскери қызметтен бас тартқан қатарластары хақында да сөз қозғады. Ол қоғамда әскери қызметкерлердің мәртебесін арттыра түсу қажет деп санайды.

«Менің мамандығым бойынша 130-дан астам түлек оқу бітірді. Олардың 20-дан астамы әскери саланы жалғастырудан бас тартты. Бұл өте ауыр, әрі күрделі мәселенің бірі. Меніңше, бар мәселе ақшаға келіп тіреледі. Отбасылық жағдай да әсер ететіні жасырын емес. Үйленген жастардың әйелдері барлығы бірдей жұмыс істемейді немесе бала күтімімен үйде отырып қалады. Бұдан бөлек, әскерге келгеннің бәрі әскери адам дегенді білдірмейді. Бұл атқа алдынан шыққан қиындықты еңсере білетін, әскери қызметтен хабардар адам ғана лайық», - деді Дастан Бахтиярұлы.

Лейтенант Дастан Тұңғышбаев көкейге қонымды тағы бір ой айтты. Ол әскерден жастардың қорықпайтынын, керісінше армия десе ата-аналардың үрейге бой алдыратынын алға тартты. Бұдан ұққанымыз ұлдарын әскерге жіберуге ата-аналар қорқатын болса керек. Міне, осы себепті алдымен ақпараттық-танымдық жұмыстар ата-аналар үшін жүргізілсе де артық болмайды. Өйткені бұл ойды қисынсыз деуге келмейді.

Қатардағы Жанболат Кенжеғұл, Астана-Петропавл-Астана

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -