Климаттың жаһандық өзгеруіне байланысты Қазақстанның тау аймақтарының барлық биіктік белдеулерінде жоғары температура және күшті жауын-шашынның түсуі сел жүру, сырғымалар және қар көшкіні оқиғаларының пайда болуына әкелді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қар көшкіні қаупі кезеңінде Казселденқорғау мамандарының ұсынысымен жабылған немесе шалғай учаскелерде 207 қар көшкіні тіркелді, жалпы қар массасы 1,1 миллион м³ құрады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 17 оқиғаға артық. 127 алдын алу шарасы өткізілді, бұл шаралардың нәтижесінде 225 мың м³-ден астам қар массасы өздігінен төмен түсірілді.
Жаз айларында жиі жауған жаңбырлар мен жоғары температура таулы аймақтарда мұздықтардан су ағымының қарқынды болуына, мұздақ көлдерге артық судың түсуіне, сондай-ақ таулы өзендердің арналарында судың жоғары шығынына себеп болды.
Іле Алатауының орталық және шеткі аймақтарындағы көптеген мұздықтар өте әлсіреген күйде болды – мұздықтардың төменгі бөліктерінде, әсіресе көлдердің су бетімен, үңгірлерде және ойыстарда терең жарылыстар пайда болды. Мұздықтардың соңғы бөліктеріндегі мұз массаларының көлдің қазаншұңқырларына құлауы мұздақ көлдерде кішігірім толқындар тудырды. Яғни таулы аймақтарда белсенді термокарстық және термоэрозиялық процестер байқалды.
Гидробекеттердің бақылаушылары және мамандар мұздақ-мұздық кешендер мен өзен арналарындағы жағдайды тұрақты бақылап отырды. Әуе және жер бетіндегі тексерулер, квадрокоптерлерді пайдалану арқылы рекогносцировка жұмыстары жүргізілді, сондай-ақ ортофотосуреттер түсірілді.
Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстарындағы 15 қауіпті мұздақ көлдердің деңгейін қауіпсіз белгілерге дейін төмендету мақсатында алдын алу жұмыстары жүргізілді.
Мұздақ көлдерде өткізілген жұмыстар сел қаупін айтарлықтай төмендетіп, сел ағымдарының қалыптасуына жол бермеді.