Түркістан облысы, Шардара ауданы, Қ.Тұрысбеков ауылдық округіне қарасты Ақберді елді мекені «көгілдір отын» көзіне қосылды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Нысанды іске қосу шарасына аудан әкімі Арман Қарсыбаев қатысып, тұрғындарды құттықтады. «Жаңа жыл мерекесінің қарсаңында жағымды жаңалықтардың бірі Ақберді елді мекенін газ көзіне қосу шарасы болып отыр. Жалпы Шардара ауданы бойынша 10 елді мекен, яғни, Ұзын-ата, Алатау батыр, Қызылқұм, Сүткент, Ақалтын, Егізқұм, Достық, Көксу, Қоссейіт, Шардара және Шардара қаласындағы 12 шағынаудан табиғи газбен қамтамасыз етілген.
Халықтың табиғи газбен қамтылу деңгейі 98 пайызды құрап отыр. Халыққа қолайлы жағдай жасау жұмыстары қарқынды түрде жалғаса бермек», деді Арман Қарсыбаев. Аудан ардагерлері де шараға қатысып, өз ыстық лебіздерін жеткізді.