Жаппай жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен жүргізушілер каско ерікті сақтандыру келісімшарты немесе міндетті автосақтандыру (КҚИ АҚЖМС) аясында сақтандыру төлемін ала алады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Бүгінгі таңда каско бағдарламасы бойынша сақтандыру төлемін алу үшін «Евразия» сақтандыру компаниясына үш көлік құралының иелері жүгінді, деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.
Каско ерікті сақтандыру бағдарламалары аясында зардап шеккен көлік құралының жүргізушісі сақтандыру төлемін жол-көлік оқиғасына кінәлі екендігіне қарамастан, тіпті кінәлі кейін анықталмаса да, ала алады.
Міндетті автосақтандыру аясында кінәлі жүргізушінің сақтандыру компаниясы заңмен белгіленген 2 000 АЕК немесе 7,864 миллион теңге көлеміндегі шектеу шегінде зардап шеккендер алдында жауап береді. Бұл сома кінәлі жүргізушінің әрекеттерінен зардап шеккендердің барлығына бөлінеді және барлық шығынды өтемеуі мүмкін. Қалған соманы зардап шеккендер кінәлі тараптан сот тәртібімен талап ете алады. Алайда зардап шеккендердің саны мен қаржылық талаптардың көлемін ескерсек, жеке тұлғадан толық соманы өндіріп алу өте екіталай.
Полицияға жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайын және кінәлі жүргізушілерді анықтау міндеті жүктелген. Егер кінәлі анықталмаса, каско полисі жоқ жүргізушілер көлік құралын өз қаражаты есебінен қалпына келтіруге мәжбүр болады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Сонымен қатар, жол қозғалысы туралы заңнамаға сәйкес, жолдарды күтіп-ұстауға жауапты ұйым олардың қауіпсіздігін, соның ішінде көктайғаққа қарсы шараларды қамтамасыз етуге міндетті. Егер бұл ұйым жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша өз міндеттерін орындамағаны анықталса және бұл кейіннен жол-көлік оқиғасына әкелсе, зардап шеккен көлік құралдарының иелері ұжымдық талап арыз бере алады. Алайда каско аясындағы сақтандыру төлемінен айырмашылығы, сот ісін жүргізу зардап шеккендерден едәуір уақыт пен заңгерлік қызметтерге айтарлықтай қаржы талап етеді.
«Евразия» сақтандыру компаниясының статистикасы бойынша, жол-көлік оқиғаларының 90%-ында екіден аспайтын көлік құралы қатысады. Қалған 10%-ында үш немесе одан да көп көлік құралдары қатысады. Жаппай жол-көлік оқиғасы ерекше жағдай болып табылады.
Естеріңізге сала кетейік, 3 қаңтарда Ақмола облысында Астана – Щучинск тас жолында 95 көлік құралының қатысуымен жаппай жол-көлік оқиғасы орын алып, 20 адам медициналық көмекке жүгінген.