Ұлттық ұлан батыры Айбат Амановтың анасы сарбаздармен кездесті

6347
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Ағымдағы жылдың 6 қаңтарында Ұлттық ұланының Алматы қаласындағы Б. Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінің жеке құрамы қаңтар оқиғасы кезінде ерлікпен қаза тапқан Айбат Амановтың анасы Гүлназ Әлкенқызымен кездесті. Іс-шараға ұландық сарбаздардан бөлек Айбат Амановпен бірге Отан алдындағы борышын өтеген қарулас достары да қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.

Жиналғандар алдымен бір минут үнсіздікпен қаза тапқан сарбаздар Айбат Аманов пен Мадияр Қайсаровты еске алды. Содан кейін анасы Гүлназ Әлкенқызына сөз берілді.

- Осындай шараны ұйымдастырып отырған Ұлттық ұлан басшылығына, 5571 әскери бөлімнің басшылық құрамына алғыс айтамын. Ұлым қызмет атқарған Талдықорған қаласына арнайы барған едім. Алматыдағы 5571 әскери бөлімі – ұлымды осында алғаш қарсы алған әскери бөлім. Әскердегі әр сарбаз мен үшін ұлымдай болып кеткен, әрқайсысы мен үшін қымбат. Сіздердің көздеріңізге қарап, дүниеден өткен ұлымды көргендей боламын. Қайғылы оқиғалар қайталанбасын, әр сарбаз үйіне аман-есен оралсын. Ел аман, жұрт тыныш болсын, - деді батыр Айбаттың анасы.

Сондай-ақ, сөз сөйлеу үшін мінберге Айбат Амановтың қызметтес досы Ержан шақырылды.

- Айбат өте жақсы жігіт еді. Онымен бір ротада қызмет еткенімді мақтан тұтамын. Бірде маған ол "Әскерде бір жыл боласың. Уайымдамай өз орныңды тап. Сонда әскер қызықты өтеді",-деген болатын. Бір түсінгенім, біз барлығымыз бір жауынгерлік жанұямыз, қиындық түскенде бір-бірімізден жақын адам болмайды. Сондықтан жігіттер бірлік керек. Ештеңеге алаңдамай қызметтеріңді адал атқарындар, - деді ол.

Шара соңында Айбат Аманов туралы деректі фильм көрсетілді.

- Батырдың анасы, барша Отанымыздың анасы. Біз әскери бөлім басшылығы атынан Сіздің алдыңызда бас иеміз, біздің әскери бөлімнің есігі сіздер үшін әрдайым ашық, - деді 5571 әскери бөлімі командирінің орынбасары подполковник Ұлықбек Қараев.

Іс-шара соңында әскери бөлімнің басшылығы келген қонақтарға естелік сыйлықтар табыстап, алғысын білдірді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -