Ұлттық ұлан – ұлт айбары

4444
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Ұлттық ұлан үшін әсіресе, қаңтар айы қаралы, қаһарлы һәм қаһармандық сипатқа ие.

Қаңтардағы қақтығыста ел тыныштығына қалқан болған ұландықтар арампиғылдылармен бетпе-бет келіп, қарашаны аяусыз соққыға жыққандарға қарсы тұрды. Ел басына күн туған шақта тас-түйін табандылық танытты. Семсер сүйіп серт берген жауынгерлер бейберет уақта халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін алдыңғы шепте жүрді.

Елдігіміз сынға түскен уақытта  қаскөйлердің жолын кескен жаужүрек сардарлар қауіп сейілген уақытта да әрдайым сақадай сай. Жалпы, ұландықтар үшін, асылы, қаңтар айының маңызы бөлек. Себебі 1992 жылы 10 қаңтарда ҚР Президентінің жарлығымен ҚР Ішкі әскерлері құрылды. Ал 2005 жылы 10 қаңтарда ҚР Президентінің жарлығымен  ҚР Ұлттық ұланы туралы заң қабылданды. Міне, Ұлттық ұлан құрылған 33 жыл ішінде офицерлер, сарбаздар, келісімшарт бойынша еңбек етіп жүрген мамандар өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып жүр.  Өйткені, олардың алпыс екі тамырында  баһадүр бабалардың  рухы  бүлкіл қағады.

Толарсақтан саз кешіп, қасықтай қанын шүберекке түйген батырлар ел үшін еміреніп,  жалаң кеудесін оқ  пен найзаға төсегені – ұлт қорғанының жарқын көрінісі. Кемел келешегіміздің  бағытын  айқындайтын тәуелсіздігімізді қастерлеп, ұрпаққа аманат еткен ұланғайыр даланың  тыныштығын күзетуде бүгінде Ұлттық ұлан  әскерінің құндылығы жоғары. Әсіресе, ел тыныштығын күзетуде қырағылық  танытқан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының жеке құрамы жауынгерлік әзірлік  пен  кәсіби шеберліктерін  үнемі арттырып келеді. Қоғам тыныштығын бақылауда басынан бақайшағына дейін жауынгерлік рух есетін ұландықтардың ұстамы берік.

Ауа-райының қыңыр мінезіне қыңқ етпейтін қырағылық қырандары қала тұрғындарының есендігі үшін ессіз ерлікке баруға әркез даяр. Өткен жылы өлшеусіз ерлік танытқан әскери қызметшілердің еңбегі еленді. Атап айтсақ, Мемлекет басшысының үкімімен Үлбі өзеніне батқан қызды құтқарған 6699 әскери бөлімінің әскери қызметшісі ефрейтер Пермабек Жанасбек III дәрежелі Айбын орденімен марапатталды. Ал, 3477 әскери бөлімінің штаб бастығы подполковник Денис Шемет оқу-жаттығу кезінде көрсеткен өлшеусіз ерлігі үшін Бауыржан Момышұлы атындағы II дәрежелі Айбын орденіне ие болды. Сан салалы даму мен жетілу сатыларынан сүрінбей өткен ішкі әскер  жұрт басына төнген кез келген  қауіп-қатерге  қарсы  тұрып аянбай әрекет етуде әзір. Темірдей тәртіпке  бағынғандар «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының айбынын асырып, ұлт қорғанына айналу жолында ұстыны берік әскерге айналды. Мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ұрысқа қабілетті маңдайалды құрылымдардың біріне айналған Ұлттық ұлан әскері ерлік пен мінсіз қызметтің жоғары үлгісін әлі де көрсете бермек.

Бүгінгі айтулы күнде қолбасшылықтың жеке құрамы қызметтік-жауынгерлік міндеттерге білек сыбана кіріседі. Өңірдегі түзеу мекемелерінде қырандай қырағылық танытып, тәртіпсіздіктің жолын кессе, өлкедегі стратегиялық нысандарды көзінің қарашығындай қорғауда табанды қызметтер атқарудан еш тайынған емес. Отанымыздың қауіпсіздігін жанқиярлықпен қорғауда әскери қызметшілердің ерлігі орасан зор. Себебі жауынгерлер ел тыныштығын күзетуді - отансүйгіштіктің нағыз айнымас белгісіне балайды. Сондықтан тәуелсіздік тұтастығын, халықтың тыныштығы мен бейбіт тірлігін кірпік қақпай күзеткен ұлт қорғаны - Ұлттық ұланның айбынының асыруда өңірлік қолбасшылық тарапынан тарыдай үлес қосқанымның өзі мен үшін аласармас мәртебе. Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы жасай берсін!

Полковник  Атабек  Салықбаев,

«Шығыс»  өңірлік  қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -