Қаскелеңде еліміздегі робототехника саласындағы ең ірі аймақтық шаралардың бірі - Daryn FIRST Championship роботтар фестивалі өтті. Бұл фестиваль Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» РҒПО, USTEM Foundation қоғамдық қоры және SDU университетінің ұйымдастыруымен өтті. Шараға Қазақстанның мамандандырылған білім беру ұйымдарынан 1200-ден астам оқушы қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Екі күн бойы 4-18 жас аралығындағы қатысушылар инженерия, бағдарламалау және робототехника саласындағы білімдері мен дағдыларын көрсетті. Фестиваль FIRST халықаралық бағдарламасының төрт санатын қамтыды: FIRST LEGO League Discover, FIRST LEGO League Explore, FIRST LEGO League Challenge және FIRST Tech Challenge.
Фестиваль қорытындысы бойынша 32 команда ақпан айында Алматыда өтетін Central Asia FIRST Championship 2025 чемпионатына қатысу квоталарын жеңіп алды.
«Дарын» РҒПО бөлім басшысы Сайран Бақтияр биылғы маусым су асты әлемін зерттеу және экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған «DIVE» тақырыбында өтетіне тоқталды.
«Балалардың күрделі инженерлік тапсырмаларды үлкен ынтамен шешкенін көру — біз үшін үлкен қуаныш. Бұл фестиваль тек жарыс қана емес, оқушыларға өз таланттарын көрсетуге және болашақ жобаларға жаңа идеялар табуға мүмкіндік беретін алаң» Сайран Бақтияр
Фестиваль жоғары ғылыми-техникалық деңгейде ұйымдастырылып, балалар арасында ерекше шабыт тудырды. Ең үлкен қызығушылық FIRST Tech Challenge санатында байқалды, мұнда командалар күрделі тапсырмаларды орындап, динамикалық матчтарға қатысты. Жас инженерлер механика, бағдарламалау және электроника саласындағы жоғары деңгейдегі білімдерін көрсетті.
«Біз робототехниканың балалар мен жасөспірімдер арасында танымал бола бастағанын көріп отырмыз. Бұл Қазақстанда ғылым мен технологияны дамыту үшін үлкен мүмкіндіктер ашады. Daryn FIRST Championship сияқты фестивальдер жастарға өз білімдерін практикада қолдануды және әлемді өзгертетін инновациялар жасауды жақсы түсінуге көмектеседі» USTEM Foundation қоғамдық қорының директоры Асылбек Мурзахметов
Айта кету керек, 2025 жылдың қаңтарында осындай ауқымды чемпионаттар Шымкент, Ақтау және Астана қалаларында өтеді. Ұйымдастырушылар бұл шаралардың жастар арасында STEM дағдыларын дамытуға және Қазақстанның жаңа инженерлер мен ғалымдар буынын қалыптастыруға үлкен серпін беретініне сенімді.