Сарбаз әскери ант рәсімінде сүйіктісіне ұсыныс жасады

2728
Фотосурет: ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

11 қаңтарда Кеңес Одағының батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінде 600-ден аса жас сарбаз салтанатты түрде Ант берді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Бұл рәсім Отан алдындағы борышын өтеуге бел буған әр азаматтың өмірінде маңызды орын алады.

Алып мегаполис — Алматы қаласының тыныштығын қамтамасыз ететін жедел бригадаға әр өңірден жылына екі рет жас толықтырылым келеді.

Шараға жауынгерлерді қолдауға олардың ата-ана, бауырлары, достары, бөлімнің ардагерлері және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы мен құраманың әскери қызметшілері қатысты.

Алматы облысынан шақырылған қатардағы Равиль Магамед әскерге дейін Чайковский атындағы музыкалық колледжде білім алып, үрмелі аспаптарда ойнайтын музыка маманы болған. Ұлттық ұланға келіп әскери оркестрді көрген ол бірден өзінің болашақта кім болатынын нақты шешті. Мерзімдік қызметті аяқтаған соң, әскери оркестрде қызмет етемін дейді жас жауынгер. Салтанатты  шараға Равильдің қос әжесі — Айша апа және Шолпан апа, нағашы атасы Мәлік ақсақал және ата-анасы Ренат Магамедұлы мен Қанаш Мәлікқызы келіпті.

Отан алдындағы борыштарыңды абыроймен өтеңдер. Ер-азамат деген атқа лайық болыңдар. Қызметтеріңе адал болыңдар. Жолдарың ашық болсын. Әрқашан жақсы сөзге лайық болыңдар, елдің ризашылығына бөленіңдер. Командирлеріңді тыңдаңдар, тәртіпке бағыныңдар! Деп Мәлік ата немересі мен оның қаруластарына батасын берді 

Салтанатты шарада ерекше оқиға болды. 1 оқу ротасының сарбазы, Павлодар қаласынан шақырылған қатардағы Жантөре Ерзал екі мыңға жуық дүйім жұрттың алдында сүйген қызына сөз салды. Жолдастарымен алдын ала жоспарлап, командирлерінен рұқсат алған Жантөре көпшілік ішінен Дана есімді аруды дауыстап іздеді. Мұндайды күтпеген бойжеткен басында аңтарылып қалды. Алаңға аяғын имене басып шыққан Данаға жиналған жұрт қол соғып, қолдау білдірді. Жас сарбаздың ұсынысына бойжеткен қыз “Иә!” деп жауап берді.

Жантөре мен Дана бір мектепте оқыған сыныптастар екен. Дана бүгінде — мектеп мұғалімі. Жантөре оған үйленуге ұсыныс білдіруді әскерге дейін шешкен екен. Бірақ сөз салып үлгермегендіктен, осындай айтулы күнге ниеттенген екен. Дана Жантөрені “Әскерден тосамын!” деп сөз берді. 

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -