Маңғыстауда жер қойнауын пайдаланушы газдың жануына келтірілген залал үшін өтемақы төлеуді жалғастыруда, деп хабарлайды DKnews.kz.
Маңғыстау облысының табиғат қорғау прокурорлары жер қойнауын пайдаланушы – «БузачиНефть» ЖШС газды жағу салдарынан мемлекетке келтірілген 2,2 миллиард теңге көлеміндегі экономикалық залалды өтеуіне шаралар қабылдады.
Еске салайық, 09.06.2023ж. «Қаратұрын Оңтүстік» кен орнында ұңғыманы бұрғылау кезінде газ-су қоспасының атқылап одан әрі өртенуі орын алды. Бұл апатты жоюға алты айға жуық уақыт кетті.
Төлем сомасы Энергетика министрлігі және жер қойнауын пайдаланушы аралығындағы келісілген күндері бөліп төлеу арқылы жүзеге асырылады.
17.12.2024 ж. мемлекет кірісіне 270 млн теңге сомасына алғашқы төлем түсті.
Бұдан басқа, бұған дейін табиғат қорғау прокуратурасының қадағалау актісі бойынша орын алған апатқа байланысты экологиялық нормаларды бұзғаны үшін «БузачиНефть» ЖШС-не 362 млн теңге айыппұл салынды, толық төленді.