ТЖ алдын алу: 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық

4433
Фотосурет: Gov

Төтенше жағдайлар министрлігі 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне белсенді дайындықты жалғастыруда. Су тасқынына қарсы іс-шараларды іске асыру бойынша жергілікті атқарушы органдарды үйлестіру жүзеге асырылады, деп хабарлайды DKnews.kz.

  Бүгінгі күні өңірлерде 2025 жылғы су тасқыны қаупін барынша азайту республикалық және өңірлік бағдарламалық құжаттармен (әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспарлары және Өңірлерді дамыту жоспарлары, су тасқыны кезеңіне дайындық жөніндегі инженерлік жұмыстардың өңірлік жоспарлары) іске асырылуда.

  Бұдан басқа 2024 жылғы су тасқыны кезеңі аяқталғаннан кейін жергілікті атқарушы органдар ТЖМ аумақтық бөлімшелерімен бірлесіп су тасқыны қаупі бар елді мекендер мен учаскелердің тізбесіне түзету және нақтылау жүргізді, 2024 жылдың қорытындысы бойынша олардың саны 1 223 құрады.

  Шығыс Қазақстанда су тасқынының алдын алу мақсатында жазғы-күзгі кезеңде қалалар мен аудандардың су тасқынына қарсы жұмыс жоспарлары бойынша 33 іс-шара, инженерлік жұмыстар жоспары бойынша 55 іс-шара толық көлемде орындалды, сондай-ақ облыстың автомобиль жолдарында алдын алу іс-шаралары жүргізілді, іс-шаралар барысында зардап шеккен учаскелер қалпына келтірілді, су өткізу құбырлары (құрылыстары) ауыстырылды. Жағалауды нығайтатын бөгеттердің, қорғандардың сыни белгілерінен жоғары көтерілуіне ерекше назар аударылды, бұл елді мекендерді су басу қаупін барынша азайтуға және су көлемін алдыңғы жылдарда байқалғаннан артық қабылдауға мүмкіндік береді. Жағалауды нығайту бойынша жүргізілген жұмыстардың көлемі 64 км, бөгеттерді, үйінділерді, біліктерді жөндеу (салу) – 36 км құрады, 19 км өзендерің арнасы тазартылды. Бұдан басқа 58 км арықтар, каналдар салу, 3 көпірлерді жөндеу, 45 су өткізгіш құбырларды (құрылыстарды) ауыстыру, 283 км арықтар мен каналдарды тазарту бойынша жұмыстар жүргізілді.

  Жол картасы, инженерлік жұмыстар , су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспарлары бойынша су тасқынына қарсы іс-шараларды орындау тасқын сулардың зиянды әсерінің мөлшерін едәуір азайтуға мүмкіндік береді: ол елді мекендерді су тасқынынан қорғау, материалдық залалды азайту, халық арасында зардап шегушілердің  алдын алу. Сонымен қатар  таулы өзендерге мұздың қатуы кезеңінде екі рет әуеден барлау жүргізілді. Өңірде болжау элементтері бар гидропосттар бойынша бастапқы деректерді, сондай-ақ су тасқынына қарсы жүргізілетін жұмыстар бойынша ақпаратты көрсете отырып, облыстың цифрлық картасын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде.

  Әкімдіктерде құм салынған қаптар, инертті және жанар-жағармай материалдарының резерві жасалуда. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдармен 83 мыңнан астам текше метр қар шығарылды.

  Батыста су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасуда. Орал қаласы аумағындағы қауіпті учаскелер бақылауда. Облыс әкімінің  орынбасары Бақытжан Нарымбетов, қала әкімі Мұрат Байменов және қалалық төтенше жағдайлар басқармасы бастығының уақытша міндетін атқарушы Олжас Абдрахман қауіпті учаскелерді, яғни, «Венера», «Речник», «Ягодка» бау-бақша серіктестіктері, Дерқұл, Коминтерн ауылдарын аралап шықты.

  Бүгінгі күні су басу қаупі бар бірқатар елді мекендер аумағын қорғау үшін топырақпен бекіту, каналдар қазу, су өткізу құрылыстарын орнату, су бұру арықтарын салу, еріген қар суы жиналатын арналарды тазарту жұмыстары жүргізілуде. Атқарылып жатқан жұмыстарға баса назар аударылып, мердігерлерге нақты тапсырмалар беріліп, уақытында орындалуы талап етілді.

  Павлодар облысында көктемгі су тасқынының ықтимал салдарын жоюға бағытталған іс-шаралар кешені белсенді түрде жүргізілуде. Бекітілген инженерлік жұмыс жоспарын іске асыру шеңберінде 47 іс-шара дайындалды, оның 21-і орындалып, аяқталды. Жер үйінділерін нығайту және бұру арналары жүйесін құру ағымдағы жұмыстардың негізгі екпіні болып табылады, бұл аумақтардың су тасқыны қатерлеріне төзімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Бұл жұмыс әртүрлі мемлекеттік құрылымдар арасындағы өзара іс-қимылдың арқасында жүзеге асырылады.

  Мәселен Ақсу қаласында шағын аудандарды оңтүстік-шығыс жағынан қорғайтын жер үйіндісінің құрылысы аяқталды. Маңызды нысан – «Атамекен-Ақсу-Көктөбе-Үлкен Ақжар-Курчатов» автожолындағы жасанды үйінді, ол көлік жолдарын сенімді қорғауды қамтамасыз етеді. Жол шеттерін тереңдету және су өткізу құбырларын орнатуды қоса алғанда, қосымша жұмыстар Көктөбе-Кеңтүбек ауданында және басқа да аудандарда жүзеге асырылуда.

  Жалпы су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша іс-шаралар жалғасуда және тұрақты бақылауда.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -