Қарағанды облысы жұмысшы мамандарды даярлау орталығына айналуға ұмтылуда, деп хабарлайды DKnews.kz.
Өңірде тірек орындарын айқындай отырып, колледждерді кластерлеу басталды. Сұранысқа ие мамандықтарды даярлау үшін білім мен өндіріс арасындағы байланыс нығайтылады.
Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев жетекші колледждердің басшыларымен кездесу барысында жұмысшы мамандықтардың имиджін арттыру, кадрлар даярлауды жетілдіру үшін не қажет екенін талқылады.
– Мемлекет басшысы биылғы жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Біз үшін бұл өте маңызды – индустриялық өңір, жаңа өндірістер ашылып, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Сіздерге үмітіміз зор! Жұмысшылар жетіспейді. Жергілікті мектеп түлектерін оқыту ғана емес, колледждерге басқа облыстардан оқуға келушілердің санын арттыру міндеті тұр, – деді облыс әкімі. – Біз бұл үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайынбыз. Егер біз тірек колледждерді таңдасақ, оларды толық жарақтандыру керек. Содан кейін оқытудың сапасы мен жұмысқа орналастыруды талап ету керек.
Облыста 52 колледж 126 мамандық бойынша жұмысшы кадрлар даярлайды. Кадрларды бiрлесiп даярлауға 300-ден астам орта және iрi кәсiпорындар қатысады.
«Жас маман» жобасы бойынша колледждер базасында заманауи жабдықтармен жабдықталған 14 құзыреттілік орталығы жұмыс істейді. Биыл су шаруашылықтары бойынша Теміртау жоғары политехникалық колледжінде, өрт сөндіру-құтқару пәндері мен парамедицина бойынша Қарағанды жоғары политехникалық колледжінде екі жаңа мектеп ашу жоспарлануда.
Кездесуде материалдық-техникалық базаға, дуальды оқытуды дамытуға, жатақханалардың жетіспеушілігіне қатысты проблемалық мәселелер де көтерілді.
Колледж басшылары алдағы жоспарлар мен әлеует туралы айтып берді.
– Атауға сүйене отырып, кейбіреулер біз ауыл шаруашылығы үшін мамандар дайындаймыз деп ойлайды. Бірақ олай емес. Бұл сала бойынша бізде бір ғана мамандық бар: механизаторлар, сондай-ақ дәнекерлеушілер, механиктер, аспаздарды оқытамыз. Пришахтинскіде орналасқанбыз, негізінен жергілікті балалар оқиды, – дейді Қарағанды агротехникалық колледжінің директоры Мүбарак Хасенов. – Кәсіби бағдар беру жұмыстарын қайда дүниеге келсем, сол жерде керек болғаным қағидасымен жүргіземіз. Біз жергілікті өндіріске талдау жасадық, Пришахтинскіде қызмет көрсететін кәсіпорындар көп екенін байқадық. Олармен байланыс орната бастадық, келісімшарт жасаймыз.
Саранда оқушылар үшін дәнекерлеу ісі бойынша бейінді сыныптар ашылмақ. Бұдан басқа, индустриялық аймақтың дамуымен бұрын ешқашан дайындалмаған мамандар қажет болды.
– Жаңа кәсіпорындар салынуда. Біз де заман талабына сай жаңа мамандықтар ашуға тырысамыз. Saran индустриалды аймағының кәсіпорындарымен тығыз байланыста жұмыс істейміз. «Полимерлік өндіріс технологиясы», «Тоңазытқыш компрессорлық машиналар мен қондырғыларды монтаждау және пайдалану», «Құбыр өндірісі» мамандықтарын ашуды жоспарлап отырмыз. Саран жастарының басқа өңірлерге бармауын, бізге басқа қалалардан келуін қалаймыз, – деп бөлісті Саран техникалық колледжінің директоры Алина Есімханова.
Ермағанбет Бөлекпаев тірек колледждер бойынша Жол картасын әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ мемлекеттік тапсырысты дұрыс қалыптастыру үшін еңбек нарығының әлеуетін кешенді талдау қажеттігі туралы айтылды. Алдағы уақытта аймақ басшысы колледж басшыларымен кездесулерін тұрақты түрде жалғастырмақ.